Әлия Назарбаева Ecomeken жеңімпаздарын марапаттады
Әлия Назарбаева Ecomeken жеңімпаздарын марапаттады
607
оқылды

Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы президиуымының төрағасы Әлия Назарбаева ECOMEKEN алғашқы экологиялық сыйлығы иегерлерінің есімін атады, – деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты. 

"Елордада байқаудың алғашқы жеңімпаздарын марапаттадық. Белсенділер мен экологиялық қоғамдастықтар өз жобасын жүзеге асырып, дамытуы үшін біз осы байқауға бастамашы болған едік. Сонымен қатар, біз экология проблемаларын шешуге бұдан да көп адам атсалысқанын қалаймыз", – деп жазды Назарбаева Instagram-да.
Байқауға барлық облыстан 200-ден аса өтінім түскен. Оларды экосарапшылардан құралған комиссия қарады. Финалға 4 номинацияға үміткер 12 адам шықты. "Жылдың экологиялық бастамасы" номинациясында Алматыдан қатысқан Айбек Рақым жеңіске жетті. Ол қайталама шикізатті жинау компаниясын құрып, Ecosen мобильді қосымшасын жасап шығарған. Теміртаулық оқытушы Елена Варганова "Үздік білім беру экожобасы" сыйлығын ұтып алды. "Қалдықтарды қайта өңдеу бойынша үздік стартап" ретінде Taza Qala танылды. Оның аясында белсенді Аңсар Смағұлов пластик және алюминий бөтелкелерді қабылдайтын фандоматтар орнатады. "Экомәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін" Қостанайда Экоклуб негізін қалаған Наурызбек Бірмағамбетов марапатталды. Сондай-ақ салтанатты шарада "Хабар" телеарнасындағы EcoMeken реалити-шоуының жеңімпаздары жарияланды. Сайрам ауданының тұрғыны Владислав Голярко 10 миллион теңгеге грант ұтса, екінші орын мен 5 миллион теңгені Ботакөз Сәдібекова иеленді. Ал Алматы облысынан қатысқан Сергей Тандеев үшінші орынға ілігіп, 3 миллион теңге жеңіп алды.
"Жасыл қозғалыстағы әріптестерімді құттықтап, оларға маңызды әрі пайдалы жобаларының сәтті жүзеге асуын тілеймін. Біз экологиялық ұйымдар қауымдастығы тарапынан қоршаған ортаны қорғауға көмектесетін жасыл бастамаларды қолдаймыз", – деді Назарбаева.