Жылдың үздік жаттықтырушылары белгілі болды
Жылдың үздік жаттықтырушылары белгілі болды
Фото: olympic.kz
297
оқылды
Бүгін, Ұлттық спорттық жүлде-2021 жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Кеш барысында жазғы және қысқы спорт түрлеріндегі үздік жаттықтырушылардың есімі белгілі болды, – деп хабарлайды Olympic.kz.  Жылдағы дәстүр бойынша, отандық жанкүйерлер ел спортының үздіктеріне екі апта бойы awards.olympic.kz сайтында дауыс берді. «Жазғы спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы» аталымында Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері әрі 2021 жылғы бокстан әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың жеке бапкері Мырзағали Айтжанов жеңіске жетті. Биылғы маусымда Айтжановтың шәкірті мүмкін болған үш ірі жарыстың үшеуінен де жүлде алды. Бибосынов Азия чемпионаты, Олимпиада және әлем біріншілігінде тұғырдан көрінген болатын.
«Ең алдымен, баршаңызды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын. Бұл маусым расында қиын өтті. Токионың өткені кеше ғана, алда Бейжің Олимпиадасы күтіп тұр. Екі жылдан соң Париждегі жазғы ойындар да қол бұлғайды. Біз одан әрі еңбектеніп, жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз. Қазақстандық спортшыларға тек жеңіс тілеймін. Әлемдік жарыстарда еліміздің байрағын көтере берейік», – деді Айтжанов.
«Қысқы спорт түрлері бойынша үздік жаттықтырушы» атағын шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков иеленді. Қарсыбеков жаттықтыратын спортшылар Азия чемпионаты мен Азия ойындары және әлем кубогі кезеңдерінде сан мәрте жүлдегер атанған. Биылғы маусымда Денис Никиша мен Әділ Ғалиахметов сәтті бастады. Олар әлем кубогі кезеңдерінде ел қоржынына екі қола және бір күміс жүлде салды.