Газ баллоны жарылып, бір адам тірідей жанып кетті
Газ баллоны жарылып, бір адам тірідей жанып кетті
Фото: kupisantehniky.ru
191
оқылды

Көкшетауда саяжай өртеніп, газ баллоны жарылды. Оқыс оқиғадан бір адам тірідей жанып кеткен. Күйіп қалған екінші тұрғын ауруханада жатыр, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Көкшетау қалалық ТЖБ бастығы Әсет Жақсылықов: «Саяжайдағы өрт туралы хабар таңертеңгі сағат 10-дар шамасында түсті. 4 арнайы техникамен 16 өрт сөндіруші жұмысқа кіріскені сол еді, шатырда жарылыс болды. Онда газ баллоны жатқан. Құтқарушылар аман», – деді.

Өрт сөндірушілер үйдің ішіндегі газ баллонды сыртқа шығарып үлгерген. Бірақ шатырда тағы бір баллонның сақталғанын ешкім білмепті. Жарылыстың екпіні қатты болып шатырды көкке ұшырған. Оның үстіне ағашы әбден кеуіп тұрған ескі үй шырпыдай жанған. Саяжайда пеш жағып тұрып жатқан екі азаматтың бірі сыртқа шыға алмай тірідей жанып кетті. Екіншісі қашып үлгерген. Шағын үйдің 30 шаршы метрі түгі қалмай жанып кетті. Қазір өрттің неден шыққаны тексеріліп жатыр. Өрт техникалық сараптама тағайындалды. Ауруханаға жеткізілген 39 жастағы азаматтың жағдайы орташа ауыр.

Жедел жәрдем фельдшері Нұрлан Ермеков: «Зардап шеккен азаматтың диагнозы бірінші дәрежелі термиялық күйік. Беті-қолы күйген. Саусағында кесілген жара болды. Облыстық аурухананың травматология бөлімшесіне жеткіздік», – деді.