Мал тебінге шығатын және қысқы соғым соятын дәл қазіргі кез – мал ұрлығы өрши түсетін кезең. Ауылдықтардың ақ адал еңбегімен өсірген төрт түлігі неліктен қолды болады? Бұған не себеп: ұрылардың әккілігі ме, әлде ауылдағы ағайынның бейқамдығы ма? Мал қораға қамалатын кезде мал иесі, бақташы және әкімдік арасында жасалған үшжақты шарттың мерзімі аяқталады. Дәл осы кезде малмен күн көріп отырған малсақ қауымның төрт түлігіне көз алартатындардың қатары көбейе түседі. Былтырғы жылдың бас кезінде қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізіліп, Қылмыстық кодексте «Мал ұрлығы» деген жеке бап пайда болған-тын. Соған сәйкес, жауапкершілік те қатаңдатыла түсті. Енді барымташылар мен зардап шегушілер арасында бейбт келісім жасау жоқ. Әрі басқа мүлікті ұрлағандарға қарағанда малға көз құрты түскендерге қолданылатын жаза қатаңдау. Мал ұрлығы үшін ең кемі 3 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салудан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Соған қарағанда мал ұрлығы азаюы тиіс деп болжанған еді. Шынында да, Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мал ұрлығы 27 пайызға азайыпты: былтыр 43 дерек тіркелсе, биыл – 31. Әлі де аз емес, әрине. Төрт түлігі қолды болған шаруаның барлығы бірдей полицияға жүгіне бермейтіні тағы бар. Ұры алыстан емес, өз ауылынан табылса, кеңдік танытып, кешіре салатындар қаншама?! Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде қой ұрлығы – 15, жылқы ұрлығы – 9, ірі қара – 7. Полицейлердің айтуынша, бұрын Қамбар ата түлегі жиі ұрланатын болса, қазір Шопан атаның төлі «сұранысқа ие». Бұл оның бағасының қымбаттағанына байланысты болса керек. Жуырда Уәлиханов ауданының Қазанғап ауылында белгісіз біреулер еркін жайылымнан 40 жылқыны үптеп кеткені белгілі болды. Келтірілген шығын мөлшері 15 миллион теңгеден астам. Жәбірленуші бірден тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінбей, бірнеше күн бойы табанынан таусылып, жоғын өзі іздеген. Онысынан еш нәтиже шықпаған соң ғана учаскелік полиция инспекторына хабарлаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ұқсас белгілері бойынша екі жылқы көршілес Ақмола облысының Зеренді ауданы тұрғындарының бірінің қорасынан табылды. Салынған таңба жануарлардың жәбірленушіге тиесілі екенін растады. Одан әрі жүргізілген жедел іс-шаралар бұл жылқыларды туысына әкеліп тастап кеткен Бурабай ауданының 53 жастағы тұрғынының ізіне түсуге мүмкіндік берді. Жедел уәкілдер істің мән-жайын тарқата келе 35 пен 50 жас аралығындағы Ақмола облысының үш тұрғыны мен екі солтүстікқазақстандықты әшкереледі. Күдіктілердің барлығы да табыншылар. Тергеу жарты жылдан астам уақытқа созылды, ұсталғандар өздерінің қылмысқа қатысын жоққа шығарып, берген жауаптарын бірнеше рет өзгерткен. Дегенмен жедел-тергеу тобының біраз тер төгуінің арқасында қылмыстың мән-жайы анықталды. Күдіктілер бірнеше күн бойы ауысып отырып, ұрланған жылқыларды Ақмола облысына айдап апарып, сол жерде бөлген. Сот шешімімен 5 қылмыскер 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН МАЛ КӨП
Бір ғана осы мысал көп жайды аңғартса керек. Ең алдымен ауылдағы ағайын малды еркін жайылымға жіберуді доғарғаны жөн. Бақташысы бар немесе қорадағы мал жоғала қоймайды. Қолды болатыны – негізінен қараусыз жүрген тұяқтылар. Жергілікті тәртіп сақшылары облыс тұрғындары арасында заңнаманы қатаң ұстанып, еркін жайылымға жол бермеу қажеттілігі, жылдың қай мезгілі болмасын малды қараусыз қалдырмаған абзал екені туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуден бір жалыққан емес. Алайда оған құлақ аса қоймайтындар бар. Бақташы жалдауды қымбатсынады. Ал малы біреудің оңай олжасына айналса, одан да көп шығынға бататынын ойлай қоймайды. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері тіркелген 31 мал ұрлығының 22-сі қараусыз қалдырғандықтан болған. Сондай-ақ 9 жағдайда қаскөйлер малды қорадан ұрлаған. Жайылып жүрген төрт түлік жолдағы жүргізушілерге де қауіп төндіретіні – бөлек әңгіме. Күні кеше қас қарайған уақытта Ақжар ауданында табыннан бөлініп, жолға шығып кеткен жылқылардың кесірінен жол-көлік апаты болды. Кішкенекөл ауылынан Көкшетауға бара жатқан 18 жасар жүргізуші қақтығыстың алдын алу мүмкін болмағанын айтады. Нәтижесінде, бір жылқы мерт болды. Өкініштісі сол, кейде адам да қаза болып жатады. Жыл басынан бері облыс бойынша мал жаю ережесін бұзғаны үшін 2 587 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде 1 925 адамға 9 429 455 теңгенің айыппұлы салынды. Сондай-ақ барлық ауданда қараусыз жүрген мал қамалатын айып тұрақтары бар. Оған жыл басынан бері 8 500-ден астам мал қамалыпты. Сол үшін иесіне бірінші рет 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатын болса, бір жылдың ішінде осындай жайт тағы қайталанса, айыппұл мөлшері еселене түседі (10 айлық есептік көрсеткіш). Бұған қоса, иесі малды айып тұрағында күтіп-баптауға кеткен шығындардың орнын толтыруға тиіс. Өкінішке қарай, осындай қатаң шаралар да мал иелерінің жауапкершілігін арттыра алмай отырғанға ұқсайды. 8 500-ден астам малдың қараусыз жүргені соны айғақтаса керек.МАЛ ҰРЛЫҒЫ МАЗАЛАМАСЫН ДЕСЕК
Тәртіп сақшыларына қиындық туғызатын тағы бір мәселе – жәбірленушінің полиция көмегіне уақытылы жүгінбейтіні. Жоғын өз бетінше іздеп таба алмаған соң ғана, яғни бірнеше күн немесе бірнеше апта өткеннен кейін ғана полицияға хабарласатындар бар. Бұл тәртіп сақшыларының іздеу жұмыстарын қиындата түседі. «Кейде қылмыскерлер ұсталғанымен, малды иесіне қайтару мүмкін болмай қалады. Қылмыстың ізін суытпай ашқан кезде ғана жұмысымыз нәтижелі. «Тұрғындарға бірден хабарлаңыздар» деп айтудай-ақ айтып келеміз. Тіпті, сиырыңызды ешкім ұрламаған болса, істі тоқтатамыз деп түсіндіреміз. Қалай болғанда да, өздері іздеп, уақыт оздырып алғаннан гөрі осы жол жақсырақ», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Марат Жұмалиев.Жоғалған малды ешкім ұрламаған болып шығатын жағдайлар да болады. Бақташысыз жайылып жүрген мал кейде басқа жаққа бет алып, ауылдан алыстап кететіні бар. Мұндайда полицияның қыруар күші, уақыты, мемлекет қаржысы зая кетеді. Сол шығындарды, тіпті жанар-жағармайды басқа мақсатқа жұмсауға болар еді деген ой келеді.Тағы бір түйінді мәселе – төрт түлікті таңбалаудағы салғырттық. Полиция подполковнигі Марат Жұмалиевтің айтуынша, жануарды таңбалау – біреудің малына ындыны құрыған ұры-қарының әрекетіне тосқауыл. «Қазір малына чип орнатып, арнайы құрылғының көмегімен бақылап отыратын шаруа қожалықтары бар. Мәселен, GPS-трекер. Соның арқасында мал қашан қай жерде жүргенін біліп отырады. Тіпті, жылдамдығы өзгерсе, басқа бағытқа кетіп бара жатса, бірден біледі. Бүгінде мал ұрлығының алдын алудың ең тиімді тәсілі – осы. Оны барлық малға орнатудың қажеті жоқ, бір-екеуінде болса болды. Мұны ұрылар да біледі. Сондықтан облыста чиптелген жануарлардың бірде-бір ұрлығы тіркелген жоқ. Өкінішке қарай, трекер түгіл малын таңбалау мен ен салуды да қажет деп санамайтындар бар», - дейді полиция подполковнигі. Ауылдағы ағайын малына мұқият қарап, ұрлықтың алдын алу мақсатында облыс аумағында «Мал ұрлығы», «Соғым», «Еркін жайылым» жедел алдын алу іс-шараларын, рейдтер жүргізеді. Фермерлік шаруашылықтар мен мал қамау орындарын бақылауға алып, сауда нүктелері, мал және ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктерді тексереді. Дегенмен тәртіп сақшылары бағымындағы мал үшін жауапкершілік ең алдымен иесінің мойнында екеніне баса назар аударады.
Солтүстік Қазақстан облысы