Атырау облысында мал арасында ауру таралып, төрт түліктің шығынға ұшы­рауы шаруаларды алаң­датып отыр. Мақат ауданындағы «Білеулі ата» учас­кесінде ірі қара мал белгісіз дерттен қырылуда.
Алаң да алаң, алаң  жұрт
122
оқылды

Жергілікті малшы он шақ­ты бас шығын болғанын айтса, облыстық Ауыл шаруашылығы бас­қарма­сы әзірге екі жағдайды ғана растап отыр. Өлген малдан алынған сы­наманың зертханалық қорытын­дысы әлі дайын емес. Шынын айту ке­рек, мал арасында аурудың тарауы Атырау өңірі үшін жиілеп барады. Се­бебі естеріңізде болса, жыл басында ғана Құрманғазы ауданында да мал ауруы тіркеліп, ка­рантиндік іс-шаралар қабылданғанын хабарлаған едік. Әртүрлі ауданда, әр кезеңде анықталған бұл оқиғалар бір ауруға қа­тысты болмаса да, облыстағы ветеринариялық қауіпсіздік, алдын алу ша­­ралары мен шаруалардың жауапкершілігіне қатысты бірқатар мәселені күн тәрті­біне шығарып отыр.

Он мал өлді ме, әлде екеу ғана ма?

Мақат ауданындағы «Білеулі ата» учаскесінде ірі қараның бел­гісіз аурудан қырылып жатқаны ту­­­ралы мәлімет тарағаннан кейін жер­гілікті малшылардың жағдайы тағы да на­зарға ілікті. Жергілікті тұрғын­дар­дың малын ақылы түрде бағатын жеке ша­руа Назбек Тастеміров соңғы уа­қыт­та мал арасында ауру көбейіп, жа­нуарлар бірінен соң бірі өле бас­та­ға­нын айтқан. Оның есебінше, қазір­дің өзінде он шақты ірі қара өлген.

– Мал жатып қалады да, артқы аяқ­тарына тұра алмайды. Жануарлар шөп пен жем жеуден қалады, бірте-бір­те әлсіреп, өледі. Мұның қандай ау­ру екенін білмейміз. Бәлкім, бұл эм­кар (эмфизематозды карбункул) шы­ғар. Әдетте оған қарсы екпе көк­темде салынады, бірақ биыл вакци­на­ция жүргізілген жоқ, – дейді Назбек Тастеміров.

Шаруаның айтуынша, малдың ау­ру­ға шалдығуы мен өлім-жітімнің кө­­беюі оның жұмысына да кері әсер ет­кен. Мал иелеріне жағдайды тү­сін­ді­ріп, төрт түлікті кері қайтаруға мәж­бүр болған. Алайда ресми дерек пен шаруаның есебінде айырмашылық бар. Біздің ресми сұрауымызға жауап бер­ген Атырау облыстық Ауыл шар­у­а­­шылығы басқармасының басшысы Аман­гелді Саламаттың мәліметінше, Ма­қат ауданында ірі қара мал арасын­да тараған ауру салдарынан екі малдың өлімі тіркелген.

28 қазанда өлген екі малдан сы­на­ма алынып, зертханаға жіберілген. Нә­­тижесі шыққаннан кейін ғана өлім­нің нақты себебі белгілі болмақ.

Басқарманың хабарлауынша, қа­зір ауданда жануарлардың аса қауіпті саналатын сегіз түрлі ау­руы­на қарсы жоспарлы вакцинация жүр­гізіліп жатыр. Осы жерде бірнеше заң­ды сұрақ туындайды. Егер шар­уа­ның айтуынша он шақты мал өлсе, не­ге ресми есепте екі жағдай ғана көр­сетілген? Қалған мал ветеринария­лық есепке алынбаған ба, әлде олар­дың өліміне басқа себептер әсер етті ме? Ең бастысы, аурудың алғашқы бе­л­гілері байқалған сәттен бастап ве­теринариялық қызмет қандай шара қа­былдады? Бұл сұрақтарға әзірге нақ­ты жауап жоқ. Дегенмен басқарма әзір­ге өңірдің бірде-бір шаруа қо­жа­лығында карантин жарияланбағанын хабарлады. 

Өңірдегі ветеринариялық қауіпсіздікке кім жауапты?

Мал ауруы мен өлім-жітім мәселесі Мақат ауданымен ғана шектелмейді. Бұған дейін Атырау облысының Құр­ман­ғазы ауданында да ірі қара ара­сын­да жұқпалы ауру тіркеліп, мал шығыны бол­­ғанын хабарлаған едік. 

Атап айтқанда, 2026 жылдың ба­сын­да ауданның Дыңғызыл, Бөкей­хан, Еңбекші және Құрманғазы ауыл­дық округтерінде инфекциялық ри­нот­­рахеит анықталғаны туралы ақпа­рат тарады. Әрине Құрманғазы мен Ма­қат аудандарындағы жағдайларды бір аурудың таралуы деп қарастыруға болмайды. Бірінде инфекциялық ри­нот­рахеит тіркелсе, екіншісінде мал өлі­­мінің себебі зертханалық жолмен әлі анықталған жоқ.

Дегенмен әр кезеңде әртүрлі ау­дан­­да мал ауруларының тіркелуі өңір­де­гі ветеринариялық қызметтің жұмы­сын, аурудың алдын алу жүйесін және шаруашылықтардағы ветеринариялық талаптардың орындалуын қайта қарау қа­жет екенін көрсетеді.

Өйткені мал ауруы тіркелгеннен кейін ғана әрекет ету жеткілік­сіз. Ең маңыздысы – аурудың алдын алу, вакцинацияның уақытылы жүр­гі­зілуі, малды тұрақты тексеру және кү­м­­әнді белгілер анықталған кезде же­дел әрекет ету.

Малдың өлімі – шаруаның табысына соққы

Ауылдағы мал шаруашылығы көп­теген отбасының негізгі күнкөріс көзі екені белгілі. Бірнеше бас ірі қарадан айы­рылудың өзі шағын шаруашылық үшін елеулі қаржылық шығын.

Ал малын басқа адамның қарауына сеніп тапсырған тұрғындар үшін де мұн­­дай жағдай қосымша қиындық ту­ғызады. Малдың неден өлгені бел­гі­сіз болса, шығынды кім өтейтіні, жауап­кершіліктің кімге жүктелетіні және ветеринариялық қызметтің қан­дай көмек көрсететіні түсініксіз болып отыр. Өтемұрат Ақжігітов – Мақат ау­данының тумасы. Ес білгелі әке­сі­мен бірге сиыр бағып келе жатқан ол қазір де мал бағумен күн көріп отыр. «Үлкен шаруашылығым жоқ. Әкем қар­тайғанға дейін трактор жүргізіп, от­басын асырадым, қазір үлкен кісі қартайды, балалар өсті. Әкемнен қал­ған жиырма шақты қой мен он шақты сиырды бағып, арасында сүт, айран, қаймақ сатамыз. Кейде жілікке ет тара­тамыз. Енді ауданнан аурудың шы­ғуы тіке маған қатысы болмаса да, алаң­датып отыр. Біріншіден, мал жайы­лымда, ауру неден жұғатынын біл­мейміз. Екіншіден, бізден қалаға тұрақ­ты түрде сүт, ет алдырып отырған азды-көпті тұтынушыларымыз тік­сі­ніп қалды. Шағын саудамыз тұрып қал­ды. Вакцинаға келетін болсақ, ба­рынша малды егуге тырысамыз. Бірақ  малға да бап керек, сегіз түрлі вак­цинаны бір сәтте салдырмай­ты­ны­мыз ақиқат. Әр вакцинаның өз уақыты бар», – дейді шаруа. 

Тұтынушыға да қатысы бар мәселе

Айтса айтқандай, малдың ауруға шал­дығуы мен қырылуы тек ауылдағы шаруалардың мәселесі емес. Бұл – мал өнімдерінің қауіпсіздігіне де тікелей қатысы бар тақырып.

Қала мен ауыл тұрғындары күн­де­лікті тұтынатын сүт, айраннан бөлек, ет­тің қайдан келгеніне, ветеринария­лық тексеруден өткен-өтпегеніне алаң­дауы заңды.

«Қарапайым тұтынушы ретінде ай­тар болсақ, базардан ет сатып алған кез­де оның сау малдан алынғанына жә­не тиісті ветеринариялық бақы­лау­дан өткеніне сенімді болғымыз келеді. Ал өңірде мал арасында белгісіз ауру тарағаны туралы ақпарат шыққанда бұл сенімге де әсер етеді. Сондықтан мұндай жағдайда тұрғындарға дүр­бе­лең туғызбай, нақты әрі түсінікті ақ­парат беру маңызды. Қай аумақта ауру тіркелді? Қандай шектеу шаралары қа­былданды? Ауру малдың еті айна­лымға түспеуін кім бақылайды? Өлген мал ветеринариялық талаптарға сай жойыла ма?», – дейді қала тұрғыны, көпбалалы ана Мәлика Қожамжарова.

Бүгінде  Мақат ауданындағы мал өлімінің нақты себебі белгісіз. Зерт­ханалық қорытынды шықпайын­ша эмкар немесе басқа да ауру туралы нақты тұжырым жасауға негіз жоқ.

Алайда мәселені тек зерттеу нәти­же­сін күтумен шектеуге болмайды. Ша­руалардың айтуынша, мал шы­ғы­ны жалғасып жатса, ветеринариялық қыз­меттің әрекеті де жедел болуы ке­рек.

Өйткені мал ауруы – тек ветери­нар­лардың кәсіби мәселесі емес. Бұл – ауылдағы табыс, азық-түлік қауіп­сіз­дігі және тұтынушы денсаулығына қа­тысты қоғамдық маңызы бар мә­селе.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы