«Nur Otan» партиясының орталық аппаратында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқау «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы осыған дейін қабылданған Өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. «Nur Otan» партиясы Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен төл мәдениетімізді, руханиятымызды дамытуға айрықша назар аударып келеді. Партияның сайлауалды бағдарламасына сай 2021-2025 жылдар аралығында елімізде 259 мәдениет үйі салынып, 1 241 мәдени нысан жөндеуден өтеді. Сонымен қатар 150 нысанда ғылыми реставрация жұмыстары жоспарланған. Жыл басынан бері республика аумағындағы 200-ге жуық мәдениет нысанына жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ партияның қолдауымен мәдени-әдеби шараларды өткізуде «Ұлттық мұра» партиялық жобасы бекітілді. Оның аясында айтыс, мүшәйра, жыр-терме, шығармашылық байқау сияқты 250-дей іс-шара өткізу жоспарланған. Ал жыл басынан бері пандемияға қарамастан партияның қолдауымен 50-ге жуық ақындар айтысы өткізілді.
Рух мықты болмаса, экономика дамымайды
Салтанатты жиынды ашқан «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ел руханиятының жоқтаушысына айналған Miras кеңестерінің жұмысына да айрықша тоқталып өтті. Кеңес отырысында отандық кинематографияны дамыту, мәдени ошақтарды қалпына келтіру, тарихи мұраларды сақтау мәселелері сөз болды. Сондай-ақ партия өткізген праймеризге 350-ден аса қаламгер, публицист, айтыскер, журналист қатысқанын да еске сала кеткен жөн. –Халықтың рухы биік болмаса, жастарымыз мәдениетімізді, дәстүрімізді білмесе, онда қандай мемлекет құра аламыз? Біз саяси съезде партияның бағдарламасын қабылдағанда руханиятымызды, төл мәдениетімізді және отбасы құндылықтарын экономикадан да жоғары қойдық. Өйткені рух мықты болмаса, ешқандай экономика дамымайды. Біз оны көріп отырмыз»,– деді Бауыржан Байбек. Рас, кейінгі жылдары өмірімізге цифрлық технология дендеп енгелі жұрттың дәстүрлі кітап оқуға деген қызығушылығы біршама бәсеңдей түсті. Бұл дүниежүзілік құбылыс деп айтуға болады, жас қауымның басым көпшілігі интернетке «байланған». Осындай күрделі жағдайда «Nur Otan» партиясының жастардың өнер бәсекесін өткізуі бүгінгі буынның әдебиет пен мәдениетке ынтасын арттыра түседі деп үміттенеміз. Байқау бұған дейін 2019 жылы бір рет ұйымдастырылған, бірақ пандемияның кесірінен күрт үзіліп қалған болатын.Үздіктер суырылып алға шықты
Биылғы «Ұлы дала» байқауына еліміздің түкпір-түкпіріндегі 18-40 жас аралығындағы қаламгерлерден 400-ге тарта шығарма келіп түсті. Байқау талабына сай келген 287 шығарма іріктеліп, aikyn.kz сайтында жарияланды. Комиссияның бірлескен шешімі бойынша «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Көркем фильм мен телесериал сценарийі», «Балаларға арналған шығарма» атты бес аталым бойынша барлығы 16 жүлдегер анықталды. Атап айтқанда, «Проза» номинациясы бойынша І орынды – жазушы Қанат Әбілқайыр, ІІ орынды – IT маман, медиасауат және киберқауіпсіздік бойынша медиатренер Мейіржан Жылқыбай, ІІІ орынды – ақын, аудармашы, жазушы Арман Әділбек иеленді. Осы аталымдағы Оралхан Бөкей атындағы арнайы сыйлық Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің оқытушысы Алмаз Мырзахметке бұйырса, Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлықты Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің мұғалімі Эльмира Назирова жеңіп алды. – Біз о баста байқау шартын жариялағанда 40-қа дейінгі жастар прозаның ауыр жүгін көтере ала ма екен деп күмәнданған едік. Дегенмен босқа алаңдаппыз. Комиссияға 52 прозалық шығарма келіп түсті. Әрине, оның бәрінің бірдей сапасы жоғары емес, ішінде мақаланың деңгейінде жазылған шығармалар да болды. Дегенмен жақсы дүниелерді көптеп кездестірдік, осы арқылы біздің артымыздан тегеурінді жас жазушылардың келе жатқанын көріп қуандық. Нәтижесінде, әркімнің қабілет-қарымына қарай жүлделі орындарды әділ белгіледік,– деді жазушы Қуаныш Жиенбай.Жанрдың да ауыры бар
Дегенмен кейбір номинация бойынша бірінші жүлде, тіпті екінші жүлде де берілген жоқ. Мәселен, «Көркем фильм мен телесериал сценарийі» номинациясы бойынша екінші орынды Нұр-Сұлтан қаласы Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейдің мұғалімі Жақсылық Мұратбек иеленсе, үшінші орынды жазушы, сценарист Зәуре Төрехан жеңіп алды. Сондай-ақ «Драматургия» номинациясында үшінші орынға Орал қаласының Мичурин мектебі балабақша-бөбекжай кешенінің мұғалімі Айтолқын Балмулдина лайықты деп танылды. Яғни, қазылар алқасы бұл номинацияларда бірінші орынға лайықты шығарма жоқ деп ұйғарған. «Драматургия – күрделі жанр. Оны меңгеру оңай емес. Бұл бізде әлі кенжелеп қалып қойған, әсіресе жастар жағының драматургия жанрын игеруі қиын. Қойылым көрерменнің де, қоюшы режиссердің де, ойнаушы актерлердің де – жалпы өнерсүйер қауымның көңілінен шығуы тиіс. Әйтпесе, егер біз жасық дүниелерге жүлде беріп, ертең ол сахналанып жатса, оны көрген көрермен комиссия қайда қараған деп ең бірінші өзімізді айыптамай ма? Сондықтан комиссияның ешкімге бүйрегі бұрмай, ішінде іліп алары бар деген шығарманың біреуін ғана 3-орынға таңдап алдық. Бірінші, екінші орындарды тағайындаған жоқпыз»,– деді комиссия төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әлібек Асқар.Жастар тәуелсіздікке тәу етті
Байқауда жүлдегері атанған жастар сахна төрінен тәуелсіздікке, Елбасының атына игі тілектері мен арманды тілектерін жаудырып, шын көңілдерімен ықыластарын білдіріп жатты. Жас ақын Нұржан Қадірәлі сөз кезегі келгенде «Тәуелсіздіктің қалай келгені аға буын өкілдеріне жақсы белгілі. Ал біз сияқты тәуелсіздіктің құрдастары мен ел егемендігін алғаннан кейін дүниеге келгендер үшін тәуелсіздік – ол анадай қадірлі, әкедей асыл, бауырдай ыстық, інідей ізгі, қарындастай аяулы, осынау бақ-берекеміздің бойтұмары. Елбасы қасиетті қара шаңырақ Қазақстанның келешегінде біз сияқты жас буынға үлкен сенім артты. Сол сенімнен шыға берейік. Тәуелсіздік деген бір күндік мереке емес. Тәуелсіздіктің әрбір күні мереке!», – деді. Ал Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанған Эльмира Назирова қазақстандықтарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтай келе: «Егемендік пен Елбасы егіз ұғым деп санаймын. Тәуелсіздік жылдарында халықаралық сахнада жас мемлекетімізді аяғынан нық тұрғызып, БҰҰ-дан бастап барлық халықаралық ұйымда, алпауыт АҚШ, Еуроодақ, Ресей мен ҚХР алдында мемлекетімізді ешкімге жем қылмай, беделді ел қылып қалыптастырған Елбасына үлкен алғыс айтамын», –деді Э.Назирова.