Жабылған университет, сандалған студент
Жабылған университет, сандалған студент
540
оқылды
Соңғы жылдары білім беру стандартына сай келмеген университеттер жарыса жабылып жатыр. Ал онда білім алып жатқан мыңдаған студент бір сәт есеңгіреп, қиындыққа тап болары сөзсіз. Себебі университет жұмысын тоқтатқаннан кейін шәкірттер басқа білім мекемесіне ауысуы қажет. Бірақ бұл да оңай шаруа емес, құжат жинап, қаржы мен уақыт шығындауы мүмкін. Жақында Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университеті жұмысын тоқтатты. Алайда студенттері әлі сабылып жүр. Өйткені 500 шәкірт өзге оқу орнына ауыса алмай әлек.

Оқу ордасы жабылғанын кеш хабарлаған

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапа­сы төмен оқу орындарын жабуды тап­сырған болатын. Дипломы бар, бірақ біліксіз мамандарды шыға­ра­тын білім ордаларын лицензия­сы­нан айырған жөн-ақ. Ел келешегі үшін мұны кез келген адам құптары даусыз. 2021 жылғы қарашадағы ақ­парат бойынша, Қазақстанда са­пасыз білім беретін 15 университет жабылған екен. Бұл сан көбеюі де мүмкін, себебі оқыту нәтижелеріне қарай ЖОО-ларға біліктілік талап­тары қайта қарала бермек. Таяуда Алматыдағы Шет тілдер және іскерлік карьера университеті студенттерге ЖОО-ның қызметі түбегейлі тоқтатылғанын жария ет­ті. Университет Әділет министр­лігінің 2001 жылғы сәуірдегі ше­ші­мімен Қазақстан мен Түркия ара­сындағы білім, ғылым және мә­де­ниет келісімдерінің нәтижесінде Алматыда құрылған. Енді оқу ор­да­сындағы кей факультет студенттері басқа оқу орнына ауыса алмай жүр. Себебі оларды қабылдайтын оқу орындарымен келісім аяқталмаған көрінеді. Университет Білім ми­нистр­лігімен соттасып, құқығын даулап жүргенде шәкірттер мәсе­лесін ұмыт қалдырған. Соның ке­сірінен білім алушылар уақыттан ұтылды. Оқу орнында 1,4 мың сту­дент бар. Журналистика мен аудар­ма ісі тәрізді мамандық бойынша оқып жатқандары басқа жерлерге ауысып үлгерген. Ал екі шет тілінде оқитын 500 шәкірттің қайда ауы­сары толық шешілмеді. – Басқа оқу орындары 2-курс­тан бастап қабылдаймыз дейді. Ал біз 3-курста оқып жүрміз. Неге қайта оқып, қайта ақша төлеуіміз қажет? Университет бас лицензия­сынан айырылған болса, осы уа­қытқа дейін неге бейжай қарап, жұмыс істеп келді? Алдын ала бәрін ескерткені жөн еді, – деді студент Диана Құсайынова. Университетте жылдық оқу ақысы – 360 мың теңге шамасында. Шәкірт оқу орнын ауыстырған күнде бағаның өзгерері анық. Бұл білім ордасында оқытатын кейбір тілдер өзге университеттердің ба­засында қаралмаған. Міне, мәселе де осында. ШТІКУ-дің оқу ісі жө­ніндегі проректоры Жазира Құс­мол­даеваның айтуынша, мәселе шет тілі және екі шет тілі факуль­тетінің студенттеріне қатысты бо­лып тұр. Оларда қосымша араб, қытай, кәріс тілі сияқты мамандық бар. Бұл мамандықтар өзге оқу орындарында болмай тұр. Енді ұқсас мамандыққа ауыстыру бо­йынша рұқсат алған көрінеді. Яғни, оқып жатқан саласы басқа жерде жоқ болса, студент мамандығын ауыстыруға тура келмек. Мұндай мәселе жыл басында Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті бас лицензия­сы­нан айырылған кезде де болды. Шу шығып, студенттер шырылда­ған­нан кейін Білім министрлігі шә­кірт­терді өзге оқу орындарына ауыс­тырып берген болатын. Мы­салы, сол уни­верситетте оқыған Әне­лім Серікқызы қазір С.Ас­фен­дия­ров атындағы Қазақ ұлттық меди­цина универ­ситетінің студенті атанған. – Ешқандай құжат жинап са­былмадық. Білім министрлігінің өкіл­дері грант негізінде оқи­тын­дарды бөлек оқу орнына ауыстырып берді. Бірақ Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті 6 ай бойы шәкіртақымызды бермей жүріп алды. Кейін бәрін қайтарып алдық, – дейді ол. студент Осы жолы да Білім министрлігі студенттерге қолдан келгенше кө­мектесуге әзір екенін жеткізген. Алай­да бұл іске аспайынша, шә­кірттер мен олардың ата-анасы ба­йыз таппасы анық.

Соттасумен уақыт өткізген

ШТІКУ-дің жабылатыны жай­лы әңгіме мамырдан бастап-ақ ай­тылған. Университетті тексеру кезінде анықталған кемшіліктерді жоюға уақыт берілген-ді. Алайда оқу орнының басшылығы берілген уақытты білім қызметтерінің са­пасын жақсарту жұмыстарына емес, сотта тайталасуға, Білім ми­нистрлігінің іс-әрекеттеріне қарсы шағымдануға шығындаған екен. Ақыры қыркүйекте Алматы қа­ласының Әкімшілік құқықбұзу­шылықтар жөніндегі мамандан­ды­рылған ауданаралық сотының ше­шімімен ЖОО бас лицензиясынан айырылып тынды. Бір қызығы, оқу орны сонда да түк болмағандай жұмысын жалғастыра берген. Тіпті, 12 қарашада профессорлық-оқы­тушылық құрамның бос лауа­зым­дарына байқау жариялапты. Білім және ғылым саласында Сапаны қамтамасыз ету комитетінің дерегіне сенсек, университет мем­лекеттік білім беру стандартына мүл­де сай келмеген. Білім ми­нистр­лігі тестілеу жүргізген кезде сту­денттердің 90 пайызы біліктілігін дәлелдей алмапты. Комитет «Осы­ған байланысты бұл университеттің өз түлектеріне жоғарғы білім туралы диплом беруге құқығы жоқ. Бұл ретте «Білім туралы» заңның 42-ба­бының 2-бөліміне сәйкес, білім беру ұйымы лицензиясынан айы­рылған немесе жойылған жағдайда шәкірттерін оқуын жалғастыруы үшін басқа білім беру ұйымдарына ауыстыру шараларын оның құрыл­тайшысы қабылдайды. Сонымен бірге БҒМ аталған университеттің студенттерін басқа бейінді ЖОО-ларға көшіру жөнінде жұмыс тобын құрды. Жұмыс тобына жабылған университет жүзеге асырып келген оқу бағдарламалары бойынша ма­мандар даярлайтын өзге, лицензия­ланған ЖОО басшылары кірді», – деп түсініктеме берген. Біз жоғарыда министрлік сту­денттерге көмек беруге әзір екенін хабарлағанын жеткіздік. Ведом­ство­ның мәліметінше, ШТІКУ студент­терінен өтініштер онлайн күйде де, университеттің ғимара­тын­да да қа­былдана бермек. Сөз­деріне зер сал­­сақ, емтихандарын уақытылы тап­­сырып, басқа ЖОО-да оқуын жал­ғастыра алуы үшін ШТІКУ-дің әр­бір студенті бо­йын­ша тиісті ше­шім мен шара жеке қабылданады. Олар­дың барлық ака­демиялық же­тістігі сақталып, ака­демиялық айыр­ма­шылық анық­талған жағ­дай­да тегін ауыстыру мәселелері де бө­лек пысықталмақ. Сол үшін ми­нистрлік студенттерді басқа бейіндік жоғары оқу орын­да­рына ауыстыру жұмыс­тарын жал­ғас­тыра береді екен. Бір түсінген жайт – егер білім ордалары сапаға жауап бере алмаса, алдағы кезеңде де жабылатын уни­верситеттер аз болмайды. Айналып келгенде жоғары білім беру секторы ғана емес, мыңдаған студент, олар­дың ата-аналары қиналады. Соңғы уақытта жабылып қалған уни­вер­си­­теттер басқа атаумен қайта ашы­луға даярланып жатқаны жайлы ақпарат тарап жүр. Олар баяғы әде­тіне са­лып, сапаны елемесе, бұл мәселе күрделі күйінде қала бе­ретіндей.