Қарулы Күштер – азаттық сақшысы!
Қарулы Күштер – азаттық сақшысы!
975
оқылды
Қазақтың араға ғасырлар салып, азаттыққа қол жеткізіп, тәуелсіздік жариялағанына 30 жыл толды. Ғасырдың үштен біріне жуық уақытта Қазақстан толыққанды егемен елге айналғаны баршаға аян. Әдетте тәуелсіздікті баянды ететін және оның ажырамас атрибуты саналатын институттар болады. Солардың бірі – Қарулы Күштер. Ел қорғайтын ер, самсаған қол болмаса, азаттық ауылының алыстайтынын бабалар да білген, бүгінгі ұрпақ та жадынан шығарған жоқ. Сол себепті заманауи армия жасақтау  өмірлік мұрат еткен Қазақстан ықшам, жақсы қаруланған, кәсіби армия жасақтай білді. Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде Қазақстан қуатты армия жасақтай білді. Рас, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдың 7 мамырында Қарулы Күштерді құрып, Қорғаныс министрі етіп генерал Сағадат Нұрмағанбетовті та­ғайындайтын Жарлыққа қол қойған кезде Қазақстан жерінде 200 мыңнан астам әскер бар еді. Бұл әскерлер КСРО Қарулы Күштері құрлық әскерлерінің 40 армиясы, Әскери әуе күштері дивизиялары, әуе қорғанысы күштері корпусы бөлімдерінде қызмет ететін. Оның үстіне, Қазақстан жерінде ядролық қарумен қаруланған стратегиялық мақсаттағы зымыран әске­рінің, стратегиялық бомбалаушы ұшақ­тардың дивизиялары да орналасқан болатын. Әскерилердің де көңілі алаудаулы еді. Туған елдеріне кетіп жатқандар да көп болды. Қазақстанның болашағына деген сенім де төмен еді. Міне, осындай сәтте Қазақстан армиясы жасақталды.

Мобильді армия жасақталды

Жалпы, Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихына үңілген адам Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та армияның заманауи, жедел әрекет етуге қауқарлы құрылым болғанын құптайтынын байқайды. Әрі кәсіби әскер жасақтау да ешқашан назардан тыс қалған емес. Айталық, 1992 жылы Қазақстан аумағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметшілер саны 200 мыңнан асса, қазір Қарулы Күштер мен өзге де күштік құры­лымдардың жеке құрамы 110 мың шама­сындағы сарбаздан құралған. Алғаш рет 1995 жылы келісімшарт негізінде әскери қызмет өтеу жүйесі сынақтан өтіп, кейін тұтас енгізілді. Бүгінде Қарулы Күштер жеке құрамының 75 пайызы келісімшарт­пен қызмет ететін сарбаздар мен офицер­лерден құралған. Қазақ сарбаздары дү­ниенің түрлі аймағында бітімгершілік операцияларға қатысып келеді. 1992-1995 жылдары ТМД сыртқы шекарасын қорғау мақсатында Тәжікстанға жіберілген әскери бөлімдердің сарбаздары ерен ерліктің үлгісін көрсеткені де тарихта қалды. 2000 жылдардың басында Иракқа жіберілген әскерлеріміздің аталған ел ау­мағын миналар мен жарылғыш заттардан тазалауға атсалысып, онда де ерлік жасаған азаматтардың болғаны есте қалыпты. Сонымен қатар тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде тарихта тұңғыш рет әскери теңіз флоты да құрылды. Қазақ тарихында бұрын-соңды флот болған емес еді.Тіпті, түбі бір түркі халықтарының ішінде де әскери теңіз күштерін жасақ­тағандар сирек еді. Алайда Қазақстанның Каспий теңізіндегі мүдделерін қорғау үшін 1997 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жарлығымен әскери теңіз күштері жасақталды. Шекарашы­лары­мыз­дың да күзет катерлері Каспийде жүзіп жүр. Жалпы, Қарулы Күштер үнемі рефор­маланып, жетілдіріліп келеді. Аумақтық қолбасшылықтар, бригада үлгісінде жасақталған әскери құрылым, арнайы мақ­саттағы күштер дейсіз бе, қазақ ар­миясында ХХІ ғасыр талаптарына сәйкес келетін өзгеріс көп. Былтырдан бері Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен шабуылдаушы-барлау топтарының да қатары өсті. Тұтқиылдан төнуі мүмкін қатерге қарсы тұруға даяр болу мақсатында жыл сайын әскери жаттығулар өтетіні бар. Тек 2021 жыл­дың өзінде ел ішіндегі жаттығуларда айт­пағанда қазақ сарбаздары 20 халықара­лық оқу-жаттығуға қатысқан. Ал қорғаныс саласына жауапты мамандар 450 халық­аралық шараға барған. Әлемнің түрлі аймағында болып жатқан қақтығыстардағы әскери тактиканы, қолданылған техника­ны зерттеу де назардан тыс қалған емес. Біздің пайымдауымызша, мұндай шара­лардың барлығы Қарулы Күштердің қуатын арттыру үшін қажет. Қарулы Күштер

Жаңа техника – қауіпсіздік кепілі

Негізі, армияны құру бөлек те, оны қар­жыландыру, қару-жарақ және техни­камен қамтамасыз ету басқа. Армия ге­нералы, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев 90-жылдары Қазақстан Қор­ғаныс министріне бағынғысы келмеген бұрынғы кеңес офицерлері атажұртына ұшақтарды айдап әкеткенін де жазғаны бар. Сондай қиын-қыстау сәтте Нұрсұлтан Назарбаев Ресеймен және басқа да елдер­мен келісе отырып, әскери техниканың Қазақстанда қалуына қол жеткізді. Тіпті, стратегиялық бомбалаушы ұшақтарды Ресейге қайтарып, орнына ұшқыштар ай­дап әкеткен технканы, оған қоса жаңа ұшақ­тарды алған едік. Сөйтіп, 90-жыл­дардың ішінде Су-27, МиГ-29, Су-25, Л-39 ұшақтарына ие болдық. Кейін, 2010 жылдан соң заманауи Су-30СМ ұшағы да армиямыз қолданатын техникалар қата­рына қосылды. Тіпті, МиГ-31 ұшағына да ие болдық. Егер МиГ-31 дің тек Ресей мен Қазақстанда ғана бар екенін ескерсек, Елбасы саясатының жемісті болғанын аңғару қиын емес. Ал бүгінде Қарулы Күштерде Ресейдің ғана емес, АҚШ, Қытай, Түркия, Франция, Израиль, Беларусь, Украина қатарлы көптеген елдің тех­ни­ка­лары, Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі зауыттарында құрастырылған жабдықтар мен қару-жарақтар бар. Әскер ынтымақ­тастықта да көпвекторлы бағыт қалып­тасты. Бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Мәселен, 1997 жылы әс­кери теңіз күштері құрылғанда алғашқы бірнеше катерді Түркия сыйға тартса, қазір катерлер мен шағын кемелерді отандық зауыт құрас­тырады. 90-жылдары қорғаныс өнеркә­сібінің 1 ғана зауыты жұмыс істеп, өзгелері банкрот болудың аз-ақ алдында қалса, қазір 24 зауыт өнім шығарады.

Әскери мамандар отандық оқу орындарында даярланады

КСРО кезінде қарулы күштерде қазақ ұлты өкілдерінің жоғары лауазымға жетуі сирек еді. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 25 қазанында ҚазКСР қорғаныс жөніндегі комитеті құрылғанда оны басқаратын генерал табудың өзі қиын болғанын жазған еді. Елбасы сол кезде жалғыз Сағадат Нұрмағамбетовті тапқанын айтқан. Сөйтіп, оны алдымен комитет басқаруға, кейін жаңадан құрылған Қор­ғаныс министрлігін басқаруға тағайын­дапты. Бұл армия жасақтау кезінде офи­церлердің, білікті кадрлардың тым тапшы болғанын байқатады. Қарулы күштерде еңбек етіп, кейін отставкаға шыққан көп­теген офицер де бұл жағдайды мойындайды. Содан да болар, әскери білімге Қазақстан айрықша көңіл бөлді. Кеңес кезінен қалған оқу орындарын заманға бейімдеді, жаңа оқу орындарын құрды. Бүгінде офицерлер даярлайтын бірнеше сатылы білім беру жүйесі бар. Олардың қатарына «Жас ұлан» мектептері, кадет корпусы, Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті қатарлы білім ордалары кіреді. Осынау оқу орын­дарының нәтижесінде Қазақстан Қа­рулы Күштерге қажет маман тапшылығын түгел жойды. Сонымен бірге кадр тапшылығын жою үшін шетелдердегі әскери оқу орын­дарына да көптеген офицерді жіберген. Бүгінде Түркияда, Ресейде, Қытайда және басқа да мемлекеттерде білім алған офи­церлер армия сапында қызмет етіп жүр. Ал отандық оқу орындарын бітірген кадрлар тіптен көп. Мәселен, 1970 жылы құрылған Құрлық әскерлерінің Әскери институты 13 мыңнан астам офицер даярласа, олардың 80-нен астамы Қазақстанда және ше­телдерде генерал шеніне дейін жетіпті. Әлбетте, институтты бітірген 13 мың офи­цердің барлығы аталған оқу орнында Қазақстан тәуелсіздік алған соң білім алды деуге келмес. Бірақ құрылғанына 50 жыл­дан астам уақыт болған институттың Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі қызметі де қарқынды болғанын ескерсек, 13 мың түлектің жартысынан көбі өз офицерлеріміз болуы бек мүмкін. Демек, Қазақстан армияны тұрақты түрде елдің жалпы ішкі өнімінің 1 пайызы көлеміндегі қаржымен ұдайы қамтамасыз етіп, сапалы кадрларды даярлай отырып дамытып келеді. Бірақ Қарулы Күштерді өзгеге сес көрсетіп, сұқтану үшін емес, тек қорғану мақсатында пайдаланып келеді. 30 жыл ішінде қабылданған 5 әскери доктринаның барлығында елге төнуі мүмкін қатерлердің алдын алу мәселесі ғана қарастырылған. Стратегиялық мақсаттағы шабуылдаушы қару-жарақпен қарулану мақсатымыз емес. Қарулану жарысына да қатыспаймыз. Бірақ мемлекет басшылығы, Жоғарғы Бас қолбасшы кез келген қауіп-қатерге қарсы тұруға даяр болуды талап етеді. Сондықтан кибер және ақпараттық қауіпсіздік, гибридті соғысқа қарсы күрес тәрізді жаңа бағыттар да назардан тыс қалған жоқ. Айталық, өткен күзде бекітілген «Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасында» алғаш рет әуе-ғарыштық және зымыран шабуылына қарсы қорғаныстың тиімді жүйесінің элементтерін қалыптастыру жоспарланған. Бұл дегеніңіз – армия қуатын ғана емес, елдің қорғаныс қабілетін арттырудың жаңа сатысы. Ендеше тәуелсіздіктің сақталуына кепіл болатын қадамдар жыл сайын өзгеріп, жетіліп отыруы да заңды. Өйткені әлем өзгеріп келеді. Құбылған дүниеде армияның да ыңғайлы болғаны керек.

Амангелді ҚҰРМЕТ