Ол – еліміздің алғашқы Сыртқы істер министрі. Дәл осы азаматтың тұсында әлем елдері Қазақстанды егемен ел ретіндей мойындай бастады, дипломатиялық қатынастар орнатты, шетелде елшіліктеріміз ашылды. Көргені мол, айтары да аз емес. Осы себепті айтулы мерекенің алдында дипломат Төлеутай Сүлейменовті әңгімеге тартқан едік. – Кез келген халық үшін тәуелсіздіктен артық құндылық жоқ. Әңгімемізді осы киелі ұғым туралы ой-пайымдаудан бастасақ. Аға, сіз үшін тәуелсіздік деген нені білдіреді? – Қазақ кейінгі екі жарым ғасырдан астам уақыт бойы алдымен патшалық Ресейдің, кейін Кеңестер Одағының құрамында бодандықта күн кешті. Ол кезде бүкіл мәселені Мәскеу шешетін, жерімізден игерілген бар байлық орталыққа жөнелтілетін. Қазақстанның жеке бюджеті болған жоқ. Қандай да бір реформаны жүзеге асыру үшін жоғарыдан рұқсат қажет. Тіпті, құрылыс жүргізіп, жол салу үшін де сол жаққа қол жаятын едік. Өзімізде ерік болмады. Сондай бір замандар өтті ғой. Ал тәуелсіздіктің жөні бөлек. Халқымыз ғасырлар бойы бостандық үшін күресті. Осы жолда талай асыл азаматтар құрбан болды. Өткен ғасырдың басында ғұмыр кешкен ұлт зиялылары Ресейден бөлініп, дербес мемлекет құруды армандады. Кеңес үкіметі еркін ойлайтын, ұлтын сүйген адамдарды қуғындады, түрмеге жапты, ату жазасына кесті. Солардың аңсаған армандарына біздің қолымыз жетіп отыр. Бұдан артық қуаныш жоқ. Енді алдымызға елдік мақсаттар қойып, өзіміз шешетін болдық. Тәуелсіздік – Тәңірдің берген ең үлкен сыйы, басымызға қонған бақыт. Енді ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дамытып, қорғауға міндеттіміз.
Тәуелсіздігімізді алты айда 50 ел таныды
– Еліміз егемендік алғанда алғашқы Сыртқы істер министрі болдыңыз. Бұл дипломатия қызметі толық қалыптаспаған шақ еді. Осынау алмағайып кезеңде тығырықтан шығу үшін жұмысты неден бастадыңыз, неге аса көңіл бөлдіңіз? – 1991 жылы Тегеранда Кеңестер Одағының елшілігі қызметінде жүргенімде Елбасы Н.Назарбаевтың шақыртуымен Сыртқы істер министрі болып тағайындалдым. Мемлекет басшысының «Қазақстанды дүниежүзіне таныту керек» деген сөзінен кейін іске бірден кірістім, бірақ жұмыстың оңай болмайтынын біліп тұрдым. Ол кезде ведомствода бар-жоғы он шақты ғана адам жұмыс істейтін, бірақ олардың бар қызметі консулдық виза берумен шектелді. Қазақстан бұған дейін сыртқы саясатпен дербес айналыспаған, бәрі Мәскеудің бұйрығымен шешілетін. Енді мұнша аз адаммен жұмыс істеу мүмкін емес еді. Министрліктің жұмысы ақ парақтан басталды. Содан Елбасына «КСРО сыртқы істер министрлігінде, елшіліктерде істеген отандастарымызды жұмысқа шақырайын» деп өтініш айттым. Ол кісі қолдау көрсетті. Бірден білікті кадрлардың басын біріктіру және баспанамен қамтамасыз ету мәселесін төтесінен қойдым. Тоқаев, Ғизатов, Құрманғожин, Омаров, Дәненов, Нұрғалиев сияқты қазақтың елдік мәселеге төселген дипломат мамандарын шақыртып, Сыртқы істер министрлігінің негізгі құрамын жасақтадық. Бір жыл ішінде министрлікке тоғыз жүз адамды жұмысқа қабылдық. Еліміздегі халықаралық қатынастар факультетін бітірген мамандар мен тіл білетін оқытушыларды, сыртқы саясатпен айналысып жүрген азаматтардың бәрін шақырып, жеке-жеке әңгіме өткізіп, қызметке қабылдадық. Олардың білімі мен біліктілігін жетілдіру үшін Үндістан, Қытай, Иран, Пәкістан және Еуропа елдерінің сыртқы істер министрлерімен келіссөз жүргізіп, 1-1,5 айға оқуға жібердік. Қаржының тапшылығынан мамандардың жолақысын ғана төледік. Олар оқып келгеннен кейін сыртқы саясаттың қызметі жандана бастады. Жұмысымыз жеңілдегендей болды. Министрлік ішінен департаменттер құрып, негізгі құрылымды қамтамасыз еттік. Ол кезде шетелдерде елшілік әлі ашылмаған болатын. – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш рет қай мемлекеттер мойындады, бастапқы кезде қай елдерде елшіліктер ашылды? Сырт мемлекеттермен дипломатиялық қатынастар қалай орнады? – Алдымен Америка Құрама Штаттарында, содан кейін Түркияда, Мажарстанда ашылды. Ресейде біздің өкілдік болды, оны елшілікке айналдырдық. Содан кейін бұрынғы одақтас он бес республикада елшілік ашуды бастадық. Оған қаржы бөлініп, мамандар әзірленді. Ал дипломатиялық қатынастарды орнатуға келетін болсақ, мен КСРО сыртқы істер министрлігінде қызмет істеп жүрген кезден көптеген елдің саясатын және іс-тәжірибелерін көріп-біліп жүруші едім. Әсіресе, Еуропа елдері, оның ішінде Польша, Мажарстан, Чехия, Румыния және Болгариямен жақсы таныспын. Аталған елдердің адам капиталы мен саясатты жүргізу тәжірибелері орныққан. Қазақстанда ол дұрыс қалыптаспаған. Сондықтан осы мемлекеттердің тәжірибесіне сүйендік. Біріншіден, олардың тілін түсінеміз, екіншіден, бізге экономика мен әскери қуаты жағынан жақындау. Сол үшін олармен арадағы әріптестік ынтымақтастықты ұлғайтып, жақынырақ танысу қажет болды. Бұл уақыттарда біздің елді шетелдіктер жөнді білмейтін. Сыртқы саясаттағы қатынасымызды Еуропадан бастадық. Содан кейін Оңтүстік Азия елдеріне қарай ойыстық. Шет мемлекеттерде жүргізілген саяси-экономикалық реформаларға назар аударып, шаруашылық ұйымдастыру ерекшеліктерін зерделедік. Сырт мемлекеттерге ресми іссапарларға шығып, шетелдік меймандарды өзіміз де қабылдап, екіжақты қарым-қатынастарды үдеттік. Қазақстан 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының мүшесі болып қабылданды. Одан бөлек, Дүниежүзілік қаржы қорымен, Бүкіләлемдік банк, Еуразиялық қайта құру және даму банкімен, сосын Араб және Ислам банктерімен байланыс орнатты. Осы жұмыстардың арқасында алғашқы алты айда тәуелсіздігімізді 50 мемлекет таныды. Сөйтіп, Қазақстанның тәуелсіздігі халықаралық тұрғыдан мойындалды.Қазақстан – әлемдік аренадағы жаңа ойыншы
– Тәуелсіздік алғанда Қазақстанның қолында Кеңестер Одағында қуаты жағынан екінші саналатын ядролық қару қалды. Бұл әлем қауымдастығын қатты алаңдатты. Осы кикілжіңді мәселе дипломатиялық тұрғыдан қалай шешілді? – Ол кезеңде біздің алдымыздан екі үлкен міндет тұрды: ядролық полигонды жабу және жаппай қырып-жоятын қарудан өз еркімізбен бас тарту. Бұл өткір мәселе еді, бірақ Нұрсұлтан Назарбаев ресми Мәскеудің қарсылығына қарамастан, полигонды жауып, халықты 40 жыл бойы ажал уын сеуіп тұрған тажал аранынан құтқарды. Ал жаппай қырып-жоятын қарудан бас тарту біздің дипломатияның ең ауыр және діңкені құртқан кезеңі болды. Оған қатысты қоғамның пікірі «иә» немесе «жоқ» деп екіге жарылды. Бұл мәселе Мемлекет басшысының АҚШ-пен, Ресеймен ұзаққа созылған келіссөздерінде егжей-тегжейлі талқыланды. 1992 жылы Елбасы бастаған Қазақстан делегациясы Америкаға алғаш рет ресми сапармен барғанда АҚШ президенті Джордж Буш (үлкені) Нұрсұлтан Назарбаевтан: «Ол қаруды не істейсіздер, оны өздеріңізге қалдырасыздар ма, әлде Ресейге бересіздер ме?» деп сұрады. Елбасы: «Біз демократиялық, зайырлы және бейбітсүйгіш мемлекет құрамыз, нарықтық қатынаспен жүреміз. Бізге ядролық қару керек емес. Бірақ сол қарудың зардабын тартқан халыққа қолдау қажет» деп жауап айтты. Бұл Қазақстанның салмақты стратегиялық таңдау жасағанын, ядролық қарудан бас тартқан ел мәртебесіне ие болғанын көрсетеді. Аталған процесс ядролық мемлекеттер – АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай және Ресейдің шабуыл жасамау кепілдігі мен олар тарапынан қажет кезінде саяси және экономикалық қолдау көрсетіледі деген келісім нәтижесінде жүзеге асырылды. Аталған мемлекеттердің басшылары Будапеште 1995 жылы тиісті құжатқа қол қойды. Міне, нақ осы екі оқиға біздің елдің бейбітсүйгіш сыртқы саясатын айқындап берді. Ал ядролық қарусыз әлем және жаппай қарусыздану үшін күрес Тұңғыш Президенттің де, Қазақстанның да сыртқы саясатының брендіне айналды. Бұл әлемдік аренаға жаңа ойыншы келгенінің айқын дәлелі болды. Әлбетте, ол кезде елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай аса ауыр еді. Инфляция мен жұмыссыздық деңгейі ие бермей кеткен. Ашынған жұрт шеруге жиі шығатын. Зауыт пен фабрикалардың жұмысы тоқтап, оқыған көзі ашық адамдардың, кәсіби мамандардың көбі күнкөріс қамымен саудаға бет бұрған. Елге тезірек инвестиция тартып, экономиканы көтеру керек болды. Байлықтың бәрі жердің астында жатты. Оны пайдалану үшін мол қаржы мен заманауи технология қажет. Көршілерде ақша жоқ, технология ескі. Сондықтан инвестицияны дамыған мемлекеттерден іздеу керек болды. АҚШ, Еуропа мемлекеттері, Сингапур, Малайзия, Қытай және Араб елдерін тегіс аралап, елге инвестиция тартуға тырыстық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы БҰҰ залында Қазақстан туралы жан-жақты қамтылған баяндама оқып, таныстырылым өткізді. Шетелдіктерге қазақ жерінің байлығы мен мемлекеттің бейбіт ұстанымын жеткізіп, ірі бизнес өкілдерін республикаға инвестиция салуға шақырды. Көп ұзамай Елбасының әлем алдындағы беделі мен іскерлігінің арқасында сырттан көптеп инвестор келе бастады. Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз 100 жылға татитын жетістіктер мен табыстарға қол жеткізді. Осы қысқа уақыт ішінде жас мемлекетіміздің атқарған істерін саусақпен санап шығу мүмкін емес. – Әңгімеңізге көп рақмет!