Серіктестің сенімін ақтаған ел...
Серіктестің сенімін ақтаған ел...
214
оқылды
Инвестор – өз капиталын еселеп, пайда табуды көздеген кәсіпкер. Сондықтан ол өз ақшасын салатын саланы, елді, әріптесін мұқият зерттейді, тексереді. Құйған инвестициясы келешекте ақталатынына көзі жеткенде ғана инвестор атанады. Өткен 30 жылда елімізге 370 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылды. Бұл нені көрсетеді? Қазақ елі – сенімді ақтаған, құқықты сақтаған, өзгенің мүлкіне қол салмаған тұрақты мемлекет. Инвестордың осындай қатаң талаптарына сай болғанда ғана жырақтан ақша келе бастайды.

Табандылық тарихи табысқа бастады

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз естеліктерінде Ли Куан Юмен алғашқы кездесулерінде Сингапур ғажайыбының басты бір құпиясы – инвестиция тартуда екенін білгенін айтады. Сондықтан ел басшылығы Қазақстанның ерекшелігін есепке ала отырып, осы жолмен алға жүруге бел буады. Бұл ретте шетелдік инвесторларды ынталандыру маңызды еді. 90-жылдары жаңа қалыптасып жатқан қазақстандық бизнес ірі кәсіпорындардың тиімді жұмысы­ның жауапкершілігін мойнына алатын толыққанды инвестор бола алмады. Оларда қомақты қар­жылық капитал, технология, кадрлар, тәжірибе-машық, халық­аралық байланыстары, тіпті жаһан­дық нарықта төл орны болмады. Елбасы байламынша, «жаңа тәуел­сіз мемлекетке шетелдік инвесторлар ауадай қажет болды». Жасыратыны жоқ, Батыс әлемі қызыл империяның күйреуін шабыттана, қуана қарсы алғанымен, еуропалық, америкалық инвесторлар бұл кеңістікке дендей енуге асықпады: әртүрлі тайталас ұлт­аралық шиеленіс пен азаматтық соғысқа ұласқан, экономикасының негізгі бөлігі көлеңкелі пост­кеңестік кеңістік қатерге толы аймақ саналатын. Осыған орай ірі шетелдік бизнесті ауқымды инвес­тицияларға аса мұқтаж қазақстан­дық өнеркәсіп жобаларына тарту үшін шын мәнінде үлкен күш-жігер қажет еді. Бұл ретте жас респуб­ликаға келген алғашқы ірі инвестор, ізашар – АҚШ-тың «Шеврон» компаниясы. Кезінде Мәскеу Атырау облысындағы Теңіз мұнай-газ кен орнын игеріп, бар қазынасын өзі қотарып алуға талпынды. Алайда КСРО-да осынша күрделі кен орнын игеру үшін тиісті технология табылмаған. Содан 80-жылдары Кремль АҚШ-пен бірлесіп игеру жөнінде келіссөз жүргізеді. Кеңестік құрылымдар Қазақстанды бұл келіссөз процесінен сырт қалдырды. Өйткені қазақ елінің кенін алып, бізге шаңын ғана қалдыруға одақ жаман үйренген. Бақытымызға орай, америка­лықтармен мәмілеге келе алмады. Содан Теңіз кен орнын консервациялап қойған. Мұндай жағдай Қазақстан экономикасына тиімсіз еді. Сол кезде Қазақстан басшы­лығы батыл, табанды әрекетке барды. Тәуелсіздік тізгіні қолға тимей тұрып, 90-жылдары Н.Назарбаев М.Горбачевті келіссөз жүргізу өкілдігін Қазақстанға беруге көндірді. Кеңес үкіметі келісті. Сөйтіп, 1991 жылғы 23 шілдеде Қазақ КСР-нің Мәскеудегі Тұрақты өкілдігінде Нұрсұлтан Әбішұлы «Шевронның» өкіл­дерімен келіссөз жүргізіп, жобаның жаңа жағдайлары талқыланатынын хабарлады. Бір аптадан соң ол Мәскеуге стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақтарға қатысты екінші келісімге қол қоюға келген АҚШ президенті үлкен Джордж Бушпен кездесіп, «Шеврон» мен «Теңізмұнайгаз» арасындағы келіссөздерді жан-жақты талқыға салады. – Келіссөздер қиын болды әрі ұзаққа созылды, ортақ келісімге келудің сәті түспеді. Сөйтіп, 1992 жылғы наурызда Қазақстан егер «Шеврон» өз ұстанымын тықпалай берсе, Теңіз кен орнын игеруге халықаралық тендер жариялауға әзір еді. Нәтижесінде, сәті түсіп, тараптар келісімге келді. 1993 жылғы 6 сәуірде Алматыда «Теңіз­шевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойылды. Әр тарап акцияның 50 пайызын алды, оның үстіне америкалықтар кен орнына ең кемі 20 миллиард доллар салуға міндеттенді. Бұл жас Қазақстанның бірінші ірі инвес­тициялық табысы болатын! Ол бұған дейін Қазақстан экономикасына инвестиция салуға асықпаған әлемдік халықаралық топтардың назарын елімізге аударды, – дейді Елбасы. Осыдан кейін 1993 жылы кеңестік стратегиялық нысан – Алматы темекі компаниясы жекешелендіріліп, оның жаңа меншік иесі Philip Morris ел бюджетіне 100 миллион доллардан астам қаржы құйды, өндіріске тағы 240 миллион доллар салуға міндеттенді. Қысқа мерзімде жаңғырған кәсіпорын дағдарыстан шығып, тұрақты жала­қы төлеп, әлеуметтік бағдар­ламаларға белсенді қатыса бастады. Елдің өзге жүйе құрушы кәсіп­орындарын құтқару үшін шұғыл шаралар керек болатын. 1994 жылдың қарашасында, эко­номика­лық ахуалды мұқият талдағаннан кейін, Үкімет стратегиялық шешім қабылдады: бірнеше ірі тау-кен, химия және металлургия кәсіп­орындарын шетелдік компания­лардың басқаруына берді. Ал 1994 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстан «Шетелдік инвестициялар туралы» жеке заң қабылдады, ол шетелдік инвесторларға барынша ыңғайлы жағдай жасады. Елде жеке­шелендірудің үш толқыны жүрді. Бұл процесс ары қарай жалғасуда.

Өңірдегі көшбасшылықты сақтау шарт

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан 380 миллиард доллардан астам инвестиция тарта алды. Яғни, бүкіл Орталық Азия елдеріне келген шетелдік инвестициялардың 75%-дан астамы қазақ елінің еншісінде. Азаттықтың үш онжылдығында Қазақстанға инвестиция салу жөнінен көшбасшылардың үш­тігіне Нидерланд (200 млрд доллар), АҚШ (90 млрд доллардан асты) және Швейцария (55,8 млрд доллар) кіріп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-пленарлық отырысында қазақ елі инвестор тарту жөнінен көшбасшы мәртебесін сақтап қалуға ниетті екенін нықтады. Әйтпесе, еңсе тіктеп келе жатқан көрші Өзбекстан алдағы бесжыл­дықта 100 миллиард доллардай шетелдік инвестиция тартуды жос­парлап отыр. – Қазақстан экономикалық жүйе ретінде тек ішкі инвестицияға, ішкі сұраныс пен шикізат экспортына сүйене алмайды. Еліміз сапалы шетелдік инвестиция тарту үшін мейлінше қолайлы жағдай жасау саясатын жалғастыра береді. Біз өңірдегі және ТМД-дағы көш­басшылық орнымызды сақтауға мүдделіміз, – деді Қ.Тоқаев. Дегенмен 2020 жылы респуб­ликамызға құйылған инвестиция көлемі бірден үштен бірге құл­дырады. Мамандардың айтуынша, мұндай кері кетушілік 30 жылда алғаш рет болып отыр. Абырой болғанда, биыл оның орны тола бастағанға ұқсайды: 2021 жылдың бірінші жартысында тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі өткен жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 30,4%-ға өсті және 11,1 млрд долларды құрады. 2022 жылы ел Үкіметі пандемияға дейінгі деңгейге оралып, ең кемі 24 миллиард доллар ТШИ тартуы тиіс. Алда одан да зор міндет тұр. «Елдер бөлінісіне қарасақ, Қазақстанға Нидерланд көп инвестиция құюда, оның биылғы бірінші жартыжылдықтағы үлесі – 29,6%. Екінші орында АҚШ – 18,8%. Ары қарай Швейцария, Ресей, Ұлыбритания орналасқан», – дейді Сыртқы істер министр­лігінің Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Зейнешев. Нақтылай кетсек, ТШИ ағыны Нидерландтан $3,3 млрд (24,5%-ға өсті), АҚШ – $2,1 млрд (87,7%-ға), Швейцариядан – $1,3 млрд (86,7%-ға), Ресейден – $704,9 млн (17,0%-ға), ҚХР-дан – $508,7 млн (63,7%-ға), Бельгиядан – $459,5 млн (4,3%-ға), Түркиядан – $388,7 млн (79,9%-ға), Оңтүстік Кореядан – $233 млн болды (33,1%-ға артты). Еліміздің ірі инвесторларының қатары алда тағы біреуімен толық­пақ: Біріккен Араб Әмірліктерімен шамамен 6 млрд долларды құрай­тын декларацияға қол қойылған.

Инвесторға тек сенімді елдер  сүйкімді

Шетелдік инвесторлар үшін тау-кен өндірісі, өңдеу өнеркәсібі ең тартымды сала болып қалуда: ТШИ өңдеу өнеркәсібінде – 57,2%, саудада – 45,8%, тау-кен өнер­кәсібінде – 27,1%, көлікте 20,4%-ға артты. Өңірлер арасында ең жоғары инвестициялық белсенділікті Атырау облысы – $3,6 млрд (15,4%-ға ұлғайды), Алматы қаласы – $3 млрд (26,3%-ға), ШҚО $1,3 млрд (72,8%-ға) паш етуде. Сондай-ақ оң динамика Павлодар облысында – $514 млн (өсім 21,7%), Қостанай облысында – $496,4 млн (2,2 есе), Ақтөбе облысында – $410,1 млн (53,2%), Нұр-Сұлтан қаласында – $308,6 млн (10,2%), Маңғыстау облысында – $302,9 млн (98,8%), Түркістан облысында – $137,8 млн (85,1%-ға өсу), Шымкент қаласында $64,1 млн (22,4%-ға) байқалады. Алайда кейбір инвестор Қазақ­станнан кетіп жатыр. Олар бюрократиялық кедергілерге, бизнес жүргізудегі қиыншылықтарға тап болды. Бұған сондай-ақ инфрақұрылымның дамымағаны, кедендік, салықтық әкімшілен­дірудің күрделілігі, бір жүйеге түс­пегені, миграциялық және визалық проблемалар, ұлттық валютаның құнсыздануы ықпал етуде. «Ахуалды түзеу үшін осы бағыттарда жүйелі жұмыс істеуге тырысамыз. Онсыз инвестициялық климат жақсармайды. Бізде инвесторлармен сұхбаттасуға мүмкіндік беретін көптеген диалог алаңы бар, біраз мәселе инвестициялық штаб талқылауына шығарылады. Инвес­тициялық омбудсмен бар. Туын­даған түйткілдердің түйінін тар­қатуға, сөйтіп инвесторды кетірмей ұстап қалуға талпынудамыз», – дейді Е.Зейнешев. Ел экономикасына шетелдік капитал мен технологияларды тарту – Қазақстан Үкіметінің басым міндеті. Ұлттық экономиканы одан әрі әртараптандыру және оның өсу орнықтылығын арттыру мақсатын жүзеге асыру үшін Үкімет тікелей шетелдік инвестициялар ағынының қарқынын жылына 30 млрд долларға дейін жеткізу және 2025 жылға қарай негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге шаққанда 30%-ға дейін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Инвестициялар елдегі өндіріс орындарының өркендеуіне, жаңа индустриялардың пайда болуына жол ашты. Өңірлеріміз 2021 жылы Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 1,3 трлн теңге болатын 139 жобаны іске қосып, 12,7 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Қараша айындағы жағдай бойынша жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын 83 жоба пайдалануға беріліп, 9 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылған. «Министрлік 2025 жылға дейін 13,3 трлн теңгеге өңдеу өнер­кәсібінің 490 жобасын іске қосып, 102,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Жоба­лардың ең көбі: құрылыс индустриясында – 198, тау-кен металлургия кешенінде – 119, машина жасауда – 72», – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов. 2025 жылы жаңа жобаларды іске асыру және жаңа шаралар қабылдау арқасында өңдеу өнеркәсібінің жылдық көлемі 19,7 трлн теңгеге, өңдеу өнеркәсібінде негізгі капиталға салынатын инвестиция 3,5 трлн теңгеге, шикізат емес тауарлар экспорты 21,8 млрд долларға жеткізіледі. Қазақстан инвестиция тарта алуы арқасында пандемиядан абыроймен шығып келеді. Биылғы 11 айдың қорытындысында ел экономикасы 3,8%-ға артып, өсім жолына оралды. Ал өндірістің өсімі пандемияға дейінгі көрсеткіш­терінен де асып түсті. Осының бәрі мақсаты – айқын, бағдары – анық қазақ еліне жарқын болашақтан жақсы үміт күтуге негіз береді.