17 желтоқсанда жергілікті әлеуметтік желілерде осы ақпарат кең таралып, Өскемен қаласының Лесхоз ауылының және сол маңдағы бау-бақша серіктестіктері тұрғындарының жанайқайы жарияланған еді, деп хабарлайды «Айқын» тілшісі.
«Біз, Лесхоз ауылы, "Надежда", "Эдельвейс" серіктестіктері тұрғындары, жоғары органдарға шағым айтамыз. Бүгін қаңғыған ит 7 жастағы баланы талап, ажал құштырды. Біз қауіпті аймақта (қоқыс полигоны жанында) тұрамыз, бұл жақта қаңғыбас иттер көп жүреді. Ветеринария қызметі неге иттерді ауламайды? Неге өз жұмыстарына салғырт қарайды?» - деп шағымданған-ды ауыл тұрғындары.
Қапыда қазаға ұшыраған қыздың көршілерінің айтуынша, қайғылы жағдай жер үйдің ауласында болған.
«Қыз аулада ойнап жүрген. Оқиғаның нақты қалай болғанын ешкім де білмейді. Бірақ екі иттің - овчарка мен алабайдың кетіп бара жатқанын көргендер бар. Балаға сырттан келген алабай шабуыл жасады ма, әлде бала екі итті арашаламақшы болды ма, бұл жағын ешкім білмейді. Иттер сол күйі табылмады», - деді көршілері.
Бүгін қыздың туған күні. ШҚО Полиция департаменті аталған факті бойынша Ертіс полиция бөлімі тергеу амалдарын бастағанын хабарлады.