Кейінгі кезде отандық университеттер төл рейтингін көтеру үшін шетелдік студенттерді тартуға тым әуес болып кеткенін сарапшылар да, ғалым-профессорлар да сынға алып жүр. Бұл ретте жатжұрттық шәкірттердің білімінің төмендігі де ескерілмей, қабылдана беретін көрінеді. БҒМ дерегінше, ЖОО-ларымызда оқитын шетелдік студенттердің саны 30 мыңға жетті. Қазақстанға білім алу мақсатында келетін мемлекеттердің географиясы айтарлықтай кеңейіпті: АҚШ, Африка, Ресей, сондай-ақ Таяу Шығыс елдерінен келген студенттер саны өсіп жатыр. Дегенмен бәрібір көрші елдердің өкілдері басым: 64%-ы – ТМД елдерінен. Айтпақшы, оларға стипендия төленеді: шетелдік азаматтар үшін жеке стипендиялық бағдарлама жүзеге асырылады. Оны Білім және ғылым министрлігі 2019 жылы іске қосыпты. Бағдарлама аясында шетелдік студенттерге, қандастарға гранттар бөлінеді. Бағдарлама қолға алынған алғашқы жылы конкурс бойынша үлгерімі жоғары 89 шетелдік азамат қазақстандық ЖОО-ға тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. 2021 жылы бұл көрсеткіш 2,5 еседен астам өсіп, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейі бойынша 240 грантқа жетті. Айта кетейік, биыл қазақстандықтар үшін гранттың рекордтық саны, яғни 56 мың грант бөлінді. Сонымен бірге қазақстандық оқу орындарында ағылшын тілінде оқытылатын білім беру бағдарламаларының саны артқаны байқалады. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ЖОО-лар шетелден білікті мамандарды тартуы тиіс. Олар отандық ғылым ордаларының басшыларымен, оқытушыларымен тәжірибе алмасып, студенттерді жаңа технологиялар мен ғылыми-зерттеу әдістемелеріне оқытады. Сондай-ақ БҒМ қазақстандық ЖОО-лардың жылдан-жылға халықаралық білім беру кеңістігінде өз орнын нығайтып келе жатқанына сенімді. Мәселен, QS рейтингіне 14, Times Higher Education рейтингіне 3 қазақстандық университет кірді.