Әлсіз қарсылас, арзан атақ
Әлсіз қарсылас, арзан атақ
307
оқылды
Күні кеше елордада Жақсылық Үшкемпіров атындағы Jekpe-Jek сарайында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған кәсіпқой бокс кеші өтті. Онда 14 боксшымыз өнер көрсетті. Бас қаламыздағы айтулы спорттық шара­ның жарнамасы жақсы жасалып, ол көрермен­нің қызығушылығын тудырды. Содан да болар, жекпе-жекті көп адам тамашалады. Бұл кеште қос қазақстандық боксшы Ержан Залилов пен Ескендір Харсан Қазақстан чемпионы атағына таласты. Жеңіл салмақтағы жекпе-жек 10 раундқа есептелген. Алайда Залилов екінші раундта қарсыласын ауыр нокаутқа түсірді. Екі жылдан аса шаршы алаңға шық­паған қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров та (24-0, 17 КО) мысырлық боксшы Абдумонем Саидты (22-1-1, 11 КО) бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Жанқош кейінгі жекпе-жегін 2019 жылы 6 шілдеде өткізіп, аргентиналық Мауро Максимилиано Годойды (34-6-1, 17 КО) нокаутқа түсіріп, WBO құр­лық­аралық чемпионы атағын жеңіп алған бо­латын. Одан соң Тұраров бокстан ұзақ уа­қыт қол үзіп қалды. Кейінгі кезде аты даулы оқиғалармен шыққан қазақстандық боксшы Ангелина Лукас Нұр-Сұлтанда кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін өткізді. Ол украиналық Светлана Василевскаядан басым түсті. Ал танымал былғары қолғап шебері Иван Дычко ресейлік Александр Устиновпен кездесіп, 45 жастағы боксшыны бірінші раундта техника­лық нокаутпен жеңді. Бұл – оның мансабын­дағы оныншы жеңісі. Даниярдың ағасы Дәурен Елеусінов те кәсіпқой рингтегі кезекті айқасында жеңіс тойын тойлады. Ринг төрінде ол әзербайжан­дық Али Маммадовпен шеберлік байқасып, үшінші раундта қарсыласын сан соқтырды. Қазақстандық боксшы Айдар Шәрібаев ресейлік Шохрух Абдиевті, Дәулет Дәукенов Өзбекстан елінің өкілі Эльдорбек Саидовты 6 раундтық жекпе-жек қорытындысы бойынша жеңді. Өкінішке қарай, Асқат Жантұрсынов Әзербайжаннан келген қарсыласы Сурат Гараевтан жеңіліп қалды. Есесіне Айдар Әмірзақов өзбекстандық Дильшодбек Исроиловты төрешілердің шешімімен (37:39) ұтты. Тағы бір отандасымыз Ақниет Әлімбай өзбекстандық қарсыласы Зайнобиддин Собировті қапы қалдырды. Елхан Табынбаев та (3-0, 1 КО) әзербайжандық Эльмар Абудллаевтан бір бас жоғары болды. Ал Сапарбай Айдаров украиналық Андрей Шеметовқа еш мүмкіндік қалдырмады. Кештің басты айқасында Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) пен аргентиналық Хуан Эрнан Леал (15-1, 4 КО) жартылай орта салмақтағы IBO чемпиондық белбеуін сарапқа салды. 12  раунд қорытын­дысы бойынша үздік деп танылған Данияр Елеусінов IBO тұжырымының чемпионы атанған бесінші қазақстандық боксшы болды. Бұған дейін Қазақстан боксшылары арасынан Василий Жиров (38-3-1, 22 КО), Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО), Жанат Жақиянов (27-2, 18 КО) және Бейбіт Шүменов (18-2, 12 КО) әлем чемпионы атанған еді. Олардың арасында бүгінде кәсіпқой бокста мансабын жалғастырып жатқаны – 39 жастағы Геннадий Головкин ғана. Бұл қатарды толықтырған Данияр осы жеңісінен соң BoxRec рейтингінде жоғарылап, 27-орынға көтерілді. Осы жекпе-жектен соң көптеген бокс жанкүйерлері «IBO қазақтарға арналған белбеу. Бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Даниярдың алған чемпиондық белбеуі есептелмейді» деп шуласты. Алайда екінші деңгейлі белдік болса да, Елеусіновтің енді әлем чемпионы деген атағы бар. Дегенмен жанкүйерлердің сөзін де жоққа шығаруға болмайды. Жалпы, әлемде мойындалған негізгі 4 тұжырым (WBC, WBA, IBF, WBO) бар. Осының біреуін ұтсаң ғана толыққанды әлем чемпионы атанасың. Олардың арасындағы ең беделді белдік – WBC, одан соң – WBA, IBF және WBO. Ал IBO бесінші белдік саналады. Сондықтан мұны қосымша белбеу десе де болады. Бокс жаттықтырушысы Төребек Хайдаров Даниярға жақсы промоушенге ауысқан жөн деп есептейді. – Данияр да, Дычко да, Жанқош та өз уақыттарын жоғалтып жүрген боксшылар. Дұрыс промоутердің қолына түспесе, осы жүргені жүрген. Командаларын ауыстырып, АҚШ-қа кетуі керек. Әсіресе, Даниярға шетелге кеткен дұрыс. Мысалы, Жәнібек жақсы промоутердің қолында, рейтингтерде тез көтеріліп жатыр. Соңғы екі жекпе-жегінде бұрынғы әлем чемпиондарына қарсы тұрды. Промоутері – Боб Арум, менеджері –Эгис Климас. Екеуі де бокс әлемінде танымал тұлғалар қатарында. Ал Данияр мен Иван Зия Алиевке сенім артып отыр. Бұған дейін онымен жұмыс істеген қандай үздік боксшы керемет жетістікке жетіпті? Негізі, Данияр Эдди Хирннен бекер кетті. Өйткені ол отандасымызды көп ұзамай чемпион қыламын деп еді. Дәл осы салмақта Хирнде британиялық екі боксшы бар. Британияда олар әжептәуір жұлдыз, сондықтан Хирн соларға көбірек көңіл бөледі. Матчрумның боксшылары өте көп. Профи бокс шоу, олар рингте не ринг сыртында шоу көрсету керек. Ал Данияр рингте шоу көрсетіп жүрген жоқ. Сондықтан Хирн оған онша көңіл бөлмей қойды. Бірақ соңғы кездесуінде жақсы боксшы Индонгоны беріп еді. Сәл шыдауы керек па еді, оны уақыт көрсетеді. Ал осыдан кейін мықты промоушенге кетпесе, осындай ортаңқол боксшылармен шығып, уақытын жоғалта береді. Көреміз, жақсы промоушенмен келісімге отырады деп сенейік. Не дегенмен ӘЧ және ОЧ атағы бар. Әкесінің қасына тағы бір жақсы бапкер келсе дейсің. Ол енді промошеннен кейін шешілетін мәселе, – дейді ол. Жаттықтырушының жоғарыда атап өткен британдық боксшылары Конор Бенн мен Джош Келли болса керек. Бұл салмақта қазір әлем чемпиондары Эррол Спенс, Теренс Кроуфорд және кубалық Йорденис Угас, ресейлік Раджаб Бутаев бар. Данияр аталған боксшыларға қарсылас атану керек. Ол үшін оған АҚШ не Канадаға кеткен әлдеқайда дұрыс болатын сыңайлы. Өйткені көптеген бокс маманы мен сарапшысы отандасымыздың Зия Алиевте қалса өспейтінін, керісінше уақытты босқа жоғалтатынын айтады. Да­нияр­ға Қанат Ислам, Жанқош Тұраровтар­дың қателігін қайталамай, супер титулдарға таласу үшін мықты бапкер һәм мықты менеджерлермен жұмыс істеген жөн. Чемпиондардан титулдарды тартып алу үшін көп тер төгу қажет болады. Ал уақыт болса өтіп жатыр... Жалпы, Нұр-Сұлтанда өткен бокс кеші көптің көңілінен шықты деп айтуға келмейді. Енді оған боксшылар емес, матчмейкер, яғни кешті ұйымдастырушылар кінәлі. Мемлекет тарапынан қаржы бөлінгені анық. Зия Алиев содан өз үлесін алғысы келді ме, әлде қаржы аз бөлінді ме қарсыластардың деңгейі тым төмен болды. Боксшыларымыз арзан атақ пен «жеңіл» жеңістің құны болмайтынын түсінсе дейсің. Әйтпесе, әлемдік деңгейге шығу, чемпиондық атаққа таласу арман болып қала бермек.

А.ЖАСАНҰЛЫ