Қазақ даласы тарихи қазынаға бай. Жер қойнауында жатқан осы көне мәдени ескерткіштерді зерттеп-зерделеу, оны сақтап, қорғау – бүгінгі буынның міндеті. Алайда ықылым замандардан аман жеткен жәдігерлер қазір бүліншілікке ұшырап, оған «қара археологтер» де жауша тиіп жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі әзірге оны тоналудан қорғап қалуға дәрменсіз. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, біз болашақ ұпаққа не қалдырамыз?! Осы тұрғыдан алғанда, көпшілік назарын Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Ақсуат ауылынан оңтүстікке қарай 80 шақырым жерде жатқан «Елеке сазы» қорымына аударта кеткен жөн. Елеке сазы жазығында 2010-2016 жылдар аралығында барлығы 300-ден астам қорғаннан тұратын 7 қорым анықталған. Олардың ішіндегі ең үлкен қорымның диаметрі –120 метр, биік тігі – 5 метр. Қазба жұмыстары барысында жеті қорымның бәрі тоналғаны белгілі болды. Кейбіреулеріне ұрылар тіпті бірнеше рет түскен. Одан табылған жәдігерлер б.з.д. VII ғасырда ерте сақ дәуірі мен шамалас бұйымдар болып шықты. Теориялық және даладағы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бұл орыннан көне көшпенділер дәуірінің Тарбағатай өлкесіндегі материалдық және рухани мәдениетін сипаттайтын өнер, соғыс ісі, көркем мәдениет бойынша жаңа деректер жинақталды. Ескерткіштерді қалдырған адамдардың этникалық тиістілігі туралы мәліметтер аса құнды. Елеке сазындағы тағы бір бірегей ескерткіш – көне түркі кешені Еуразия кеңістігіндегі саусақпен санарлық қағандық, патшалық кешендер санатына кіреді. Міне, осы құнды жәдігерлердің болашақта тағдыры қалай болады екен деп алаңдап отырған жайымыз бар. Қазір сақтар қорымына уақытша күзет қойылған. Бірақ мәселе түбегейлі шешілген жоқ. Ертең күзет алынатын болса, анталап жүрген «қара археологтер» лап қойып, баға жетпес жәдігерлерді әп-сәтте үптеп кетуі мүмкін. Өйткені археологтер қорымның 20 шақты қорғанын ғана қазды. Қалған обалар бұзылмаған қалпында тұр. Сондықтан бұл мұраларымыз жергілікті маңыздағы ескерткіштер тізімінен республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне өтіп, ерекше қорғауға алынбай, қауіп сейілер емес. Ескерткішті киелі және туристік нысанға айналдырып, ашық аспан астындағы мұражай-қорық жасауға өте ыңғайлы. Ол Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына беріліп, Шілікті және Берел сияқты музейлер санатына ілінсе жөн болар еді. Сарапшылар «Елеке сазы» ескерткіштері маңызы жағынан халықаралық ғылыми және мәдени ұйымның (ЮНЕСКО) қор тізімдеріне енуге әбден лайық екенін айтады.
Сақтар қорымының бүгіп жатқан сыры көп
Жалпы, қазақ даласынан табылған қола, темір дәуіріне жататын қорымдар біршама зерттелген. Мысалы, Бесшатыр қорымы үлкенді-кішілі 31 обадан, Бесоба қорымы 12 обадан, Жуантөбе қорымы (Іле өзенінің сол жағалауы) 300 обадан, Берікқара қорымы (Талас өзені бойы) 500 төмпешіктен тұрады. Кейде обалардың диаметрі 100 метрден, биіктігі 20 метрден асады. Сондықтан да тарихшылар қауымы көне қорғандарды бейресми түрде «дала пирамидалары» деп те атай береді. Үйінді астында тас жәшік, ағаштан жасалған төртбұрышты немесе дөңгелек саркофагтар да кездеседі. Қорымдардағы ескерткіштер мен табылған әшекей заттар, бұйымдар байырғы тұрғындардың әлеуметтік даму деңгейін, дүниетанымын, қоғамдық қатынастарын анықтауға мүмкіндік береді. Табиғи немесе мәдени мұра ретінде танылған, сәулеті айрықша діни мәнге ие ескерткіштер мен кесенелердің, сондай-ақ қазақ халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындардың барлығы елімізде киелі орындар санатына жатады. Айталық, бір ғана Түркістан облысы аумағында тарихи-мәдени маңызы бар 1 300-ге жуық ескерткіш есепке алынған екен. Өкінішке қарай, мұндай өңірлік карта барлық облыстарда жасала бермейді. Алайда Қазақстанда осындай тарихи және мәдени маңызды орынның саны 25 мыңнан асады деген дерек бар. Бүгінде ежелгі қорымдарға төніп тұрған қауіп көп. Оның ішінде «қара археологтерден» келетін залал тіпті орасан, олар қорғандарды қазып, барлық құнды бұйымдарын алып, қорымдарды ашық-шашық тастап кетеді. Мұндай келеңсіз жағдай, тіпті археологиялық зерттеу жүргізуге лицензиясы бар кейбір ұйымдардың өздерінде де кездеседі. Олар айдаладағы қорымның қайтадан қалпына келтірілгенін кім тексерер дейтін болуы керек, қорғандарды қайтадан көмбей кетуі де мүмкін. Салдарынан ашық жатқан қорғандардың ішіне мал түсіп, жазатайым оқиғалар орын алып жатады. Сондай-ақ диқандар мен малшылар да көне ескерткіштердің қорғалуына мән бере бермейді. Қорымның үстіне мал жайып, жерін жыртып тастауы да ғажап емес. Ал енді тек табыс табуды көздеген құрылыс салушылар алдарынан кездескен көне ескерткіштерді жайпап-таптап, үстінен жол салып жіберуі де мүмкін. Өйткені ол туралы құзырлы органдарға хабарлайтын болса, археологиялық қазба табылған орынды айналып өтуге тура келеді және жәдігерлерге сараптама жасату үшін уақыт кетіреді. Мұның бәрі қосымша шығын. Сондықтан құрылысшылар реті келсе мұндай жағдайды дабыра қылмауға тырысады. Бұл жерде табиғи фактордың да кері әсерін естен шығармаған жөн. Ашық қалған қорғандарды қар мен су басып, көне ескерткіштерді мүлдем бүлдіріп тастауы ықтимал.Ашық аспан астындағы мұражайлар
Қазақстанда әлі қанша «дала пирамидалары» қараусыз жатқанын, олардың жай-күйі қандай екенін тап басып ешкім айта алмайды. Өкініштісі, олардың қаншасы табиғи-климаттық әсерден мүжіліп-тозып барады, қаншасын «қара археологтер» мен жосықсыз зерттеушілер құртып-жойып жатыр, ол жағы да белгісіз. Сондай-ақ қазылып, ашық-шашық қалған қорымдардың есебіне кім жеткен?! – Бізде әлі күнге дейін ежелгі тарихи-мәдени ескерткіштердің ортақ базасы құрылмаған. Сондай-ақ археологиялық зерттеу шараларының бір жүйеге бағынған ортақ тұжырымдамасы әзірленбеген. Әр өңірде әркім білгенінше қаза береді. Олар қазба жұмыстарынан кейін қорымның орнын қайтадан тегістеп кетті ме, қалпына келтірді ме, оны тексеріп жатқан кісі жоқ. Біз қанша дабыл қаққанымызбен, бұзылып, жойылып бара жатқан көне жәдігерлердің тізімі жасалған жоқ,– деп наразылық білдірді Ұлттық музей ғылыми-зерттеу институтының археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Пердехан Мұсырманқұл. Бір ғана мысал, Түркістан облысының Көрқара (Самыра) қонысынан І-VІ ғасырлардағы сақ дәуірінің мұралары табылған. Қорым Сырдарияның жағасына таман орналасқандықтан, қазір көне ескерткіштерді өзен суы шайып жатыр. Қалай күйінбессің, бүгінде қорымда осыдан 10-15 жыл бұрын болған қорғандардың жартысына жуығын өзен суы ағызып әкеткен. Бірақ оған бас ауыртып жатқан министрлікті әзірше көріп отырғанымыз жоқ.Құндылықтарды құртып алып, өкініп жүрмейік
Өркениетті мемлекеттер өздерінің мәдени құндылықтарын сақтап, оны пайдалану мәселесіне ерекше ыждағаттылықпен, үлкен құрметпен қарайды. Дамыған елдер мәдени мұрасын насихаттап, туризм индустриясын ілгерілетуге көп көңіл бөледі. Оған Скандинавия елдерінің тәжірибесі жақсы мысал. Дания соңғы жарты ғасыр бойы жыл сайын үлкенді-кішілі 400-500-ге жуық археологиялық қазба жүргізеді. Бұл елде көне мұраға ықыласпен қарау керегі қоғамның санасына терең сіңген. Ал біздегі жағдай қалай? Әйтсе де, «археологиялық зерттеулерді кешенді жүргізу ісі бойынша Қазақстандағы жағдай Орта Азиядағы көрші елдермен салыстырғанда біршама жақсы», – дейді Оңғар Ақан. Әсіресе, соңғы жылдары ғылыми-зерттеу институттарының материалдық-техникалық базасын күшейтуге күш салып жатқан көрінеді. Биылдан бастап Білім және ғылым министрлігі жас археолог ғалымдардың жобалары бойынша бөлек конкурс өткізе бастады. Бірақ бұл мәселенің бір жағы ғана. Өйткені бізде бұл саланың жұмысын реттеуі тиіс заңнаманың өзі жетілмеген. – «Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңында ескерткіштерге қатысты тек құрылыс салуды реттеу жағы қарастырылған. Құрылыс жүргізетін компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар жалға алған жерлерін пайдаланар алдында тарихи-мәдени сараптама жасатуға міндеттелген. Бұл жобалар мемлекеттік сараптамадан өткенде талап етіледі. Ал ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану кезінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау туралы бірде-бір сөз жоқ,– дейді Пердехан Мұсырманқұл. Оны айтасыз, Қазақстанда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы 2014 жылғы 5 шілдедегі кодекстің 447-бабына сәйкес, тарихи-мәдени мұраны бүлдірген жеке тұлғаларға – 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), заңды тұлғаларға 10 АЕК айыппұл салынады. Міне, баға жетпес құндылықтарды бүлдіргендерге салынатын айыппұл – осы. ...Халқымыздың әлімсақтан бергі тарихының куәсі болған ежелгі ескерткіштерімізді кешенді зерттеу және қорғап-сақтау шараларын күшейтпей, күні ертең құнды жәдігерлерімізден мүлдем айырылып қалуымыз мүмкін. Осы жерде тарихи-мәдени ескерткіштердің ұлттың генетикалық санасын оятатын қасиетін де ескере кеткен жөн. Сол себепті аспан астында сайрап жатқан қазынаның тоналуына жол бермес үшін ұрылар мен қаскөйлерге қолданатын жазаны әкімшілік құқықбұзушылықтан алып, қылмыстық құқықбұзушылыққа ауыстырылуын қалайтындар аз емес. Әйтпегенде, орны толмас өкінішке ұрынарымыз сөзсіз.