Айыпталушы «Халық алғысының» иегері
Күдікті ретінде ұсталған Рахымжан Нұрмұрзаев КТЖ-да бөлім басшысы қызметін атқарған, тіпті Шымкент қаласының әкімі М. Әйтеновтің қолынан ҚР Президенті Жарлығымен «Халық алғысы» медалін алған жігіт екен. Шымкент қалалық Ішкі істер департаментінің мәліметінше, 18 желтоқсан күні Әл-Фараби полиция бөліміне жеткізілген жігіт 4-қабаттың баспалдағынан секіріп түскен. Оған бұған дейін Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, Әл-Фараби аудандық сотының қаулысымен айыпталушыға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, іздеу жарияланған екен. Іздеуде болған жігіт 18-і күні ұсталып, полиция ғимаратына жеткізілген. Ресми мәлімдемеде жәбірленуші мен айыпталушы арасында болған жанжалдасудың салдарынан жәбірленуші айыпталушыны итеріп жіберген делінген. Ол баспалдаққа қарай бет алып, 4-қабаттан секіріп бара жатып 3-қабаттың қоршауына ілініп қалады да, ағаш тақтайға құлайды. Азамат ауруханаға жеткізіліп, «тексеру кезінде дене жарақатын алған жоқ» деп мәлімдейді полициядағылар. Ал жедел жәрдемнен қабылдап алған №1 қалалық клиникалық аурухана басшылығы берген мәліметте науқастың ауруханаға түскен кездегі жағдайы орташа ауыр болғаны айтылады. «Дәрігерлер науқасты шұғыл түрде қарқынды терапия бөліміне кіргізіп, қажет медициналық көмек көрсетті. Оған компьютерлік томография жасалып, оның басы, кеудесі, жамбасы, белі арнайы тексерілді. Науқастан ауыр жарақаттар анықталған жоқ. Тек жағы мен беті және аяғында жеңіл сырылулар байқалған. Алғашқы медициналық көмек пен тексерудің барлығы өткізіліп, жағдайының жақсаруына байланысты ер адам қайтадан тергеу орталығына жіберілді» делінген аурухана әкімшілігі берген мәліметте. Осылайша, ресми өкілдер полиция ғимаратының 4-қабатынан секіру дерегін еш даурықпай, жай ғана ақпарат ретінде ұсынып, бүгінде барлығы жақсы деген сыңай танытып отыр.Адамның құқы аяққа тапталып жатыр
Ал осы аралықта айыпталушының туыстарының қандай жағдайда болғаны ешкімді қызықтырып отырған жоқ. «Бізде заң бар деген аты болмаса, шындап келгенде заң жоқ екен. Адамның құқығы аяққа тапталып жатыр. Қазақстанда ел тыныш, бейбітшілік заманда сондай бассыздықты көрдім. Басшылар қайда қарап отыр? Менің жағдайымды 3 күн бойы бауырымыздың не өлі, не тірі екенін білмей шерменде болған күйімізді ешкім басына бермесін», – деп күйінді Рахымжанның әпкесі Әлия. Рахымжанды жедел уәкілдер сол күні күндіз көшеден ұстап алып кетеді. Түстен кейін оның жұбайына көліктің кілтін, заттарын алып кетуін айтып, хабарласқан. Жұбайы мардымды жауап ала алмағанын айтып, әпкелеріне хабарласады. Ал Әлия Нұрмұрзаева Әл-Фараби полиция ғмаратына келіп, інісінің жағдайын, не себептен ұстағанын, қайда екенін, не жағдай болып жатқанын білмек болып, осындағы бірнеше қызметкерден сұраса да, ешкім жауап бермегенін айтып қынжылды. Қас қарайғанша 3 сағат бойы мекемені күзетіп, бірде-бір жанның мойын бұрмағанына күйініп кеткен. «Әпкем екеуміз осында кірген-шыққанның жүзіне қарап, тергеушіден, не жедел уәкілден жылт еткен хабар біле алмай, сергелдеңге түстік. Сенбі күні болса да, кіріп шығушылар бірден көбейіп кетті. Сонда мен есік алдындағы күзеттегі жігіттерге «Мына жерде бір ЧП болып жатыр. Неге адамдар көбейіп кетті? Өткендегідей іште біреу өліп қалған шығар. Сендер неге менің інімнің хабарын айтпайсыңдар? Демек, ол да өліп қалған шығар, сосын соны жабу үшін жанталасып жатырсыңдар» деп жанұшырдым. Бірақ оған міз қағып, былқ еткен жан жоқ. Бір кезде ішке дәрігер кіріп, 20 минуттан соң шыққан ол есік алдындағы сұрағандарға «қорқатын ешнәрсе жоқ» деп кетіп қалды. Қорқыныш күдік, күмән одан сайын үдей түсті. Бірақ ол менің ініме кіріп шықты деп ойлаған жоқпыз» дейді әпкесі. Ал 20-сы күні таңертең жұмыста отырып, Facebook әлеуметтік желісінен інісінің 4-қабаттан секіріп кеткенін, №1 клиникалық ауруханаға жеткізілгенін оқиды. Мына сұмдықты ести сала жанұшыра ауруханаға барса, онда жоқ, полиция ғимаратына барса, мұнда жоқ, туыстары ес-түстен айырылады. 70 жастан асқан қарт анамызға хабар айта алмай жүрегіміз қарс айырылды. Тіпті, адвокатымызды да жолатпады. Ол да кіре алмады, тергеу изоляторында дегенге онда бардық. Ол жерде де жоқ болып шықты. Сонымен, таныс-тамыр іздеп, бауырымыздың Әл-Фараби аудандық полиция ғимаратында ұсталып отырғанын білдік» деп көзіне жас алды жігіттің әпкесі. Әлия Нұрмұрзаева інісін біреуді жұмысқа кіргізбек болып, ақша алыпты деген сылтаумен ұстап отырғанын айтады. Жалпы, бауырының біреудің ала жібін аттайтындай қылығы жоқ екенін жеткізді.Психологиялық қысым көрсеткен
Ал қорғаушы Ержан Емешов Рахымжан Нұрмұрзаевтың мұның алдында алаяқтық бойынша күдікке ілінгенін, сол себепті қыркүйек айында туыстарының келісімімен Рахымжанның қорғаушысы болып бекітілгенін айтады. Алайда ол кезде іс сотқа өтіп кеткен екен. Рахымжан сотқа келмеген. Одан кейін іздеу жарияланыпты. «Іздеуде жүргеннен кейін 18 желтоқсан күні Әл-Фараби бөлімінің қызметкерлері күдіктіні ұстап, сол жерге жеткізген. Оған зорлау бойынша айыптау тағы қосылған. Мұның барлығын алдымен әпкесінен естідім. Жалпы, мен өз қорғауымдағы азамат туралы «Қандай да бір хабар болса,алдымен маған хабарласыңыздар» деп Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне жазып қалдырған болатынмын. Маған ешқандай хабарлама түскен жоқ. Тергеу істеріне қатыстырмады. Кеше айыпталушымен кездесіп, сөйлестім. Денсаулығы жақсы, қасына медицина қызметкерін бекітіп қойыпты. Әзірге шағым жоқ. Рахымжанның өзі «қысым жасалды, мойындамаймын, жала жауып жатырсыңдар» деп секірдім деп отыр» дейді қорғаушы. Жалпы, адвокат физикалық, психологиялық қысым жасалғанын растайды. Полицейлердің әрекетіне заңсыз деп баға берген ол алдымен «туған-туыстарына хабар бермегенін, қысым көрсетіп, осындай жағдайда жеткізген заңсыз» дейді. Тіпті, адвокатты бұл іске қатыстырмағаны да күмән туғызып отыр. «Айыпталушыға берілетін заңгерлік қызметі шектелген. Егер қатты қысым болмаса, бекерден бекер 4-қабаттан секірмес еді» дейді қорғаушы. Айыпталушыны тергеу изоляторы қабылдамапты. Себебі дәрігер берген қорытындыда қандай бір кемшілік кеткен. Сол себепті ол әзірге Әл-Фараби аудандық полиция ғимаратында жатыр. Туыстары айыпталушының ауруханаға барғанына сенбейді, себебі дәрігердің полиция ғимаратына кіріп шыққанын көрген. Жедел жәрдем келгенін көрмеген. Тіпті, оның баспалдақтан не болмаса терезеден секіргені белгісіз. Оны мәжбүрлеп, басқа нұсқада айтқызуы мүмкін деп күмәнданады олар. Шыны керек, бүгінде қоғамда полицейлерге деген сенім жоғалып, «қауіпті» деген баға беріліп жатыр. Әсіресе, Шымкент қаласындағы соңғы екі жағдай халықтың ашу-ызасын тудырып, үлкен пікірталас туғызып отыр.Шымкент қаласы