Ветеринарлар не дейді?
«Өскеменде 6 жастағы қызды ит талап өлтірді» деген ақпар шыққанда «ветеринарлар не қарап жүр? Бұл солардың міндеті ғой» деген пікірлер қарша борады. Шын мәнінде, олар кінәлі ме? Мәселенің мән-жайын білейік деп «Өскемен-Вет» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Жұмағазы Оразалинмен сөйлестік. Арадағы аз-кем әңгімеден түйгеніміз, бұл салада қордаланған мәселе көп. «Біздің негізгі міндетіміз – ауылшаруашылық жануарларын жұқпалы ауруларға қарсы егу, қан алу, тексеру, ауру малдарды арнаулы санитарлық мал сою алаңына апару, ветеринарлық анықтамалар беру. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау – қосымша міндетіміз. Өскемен қаласы бойынша 11 аумақтық басқару орталығы бар. Қала тұрғындарының қаңғыған иттер туралы жазбаша өтініштері осы орталықтарға келіп түседі. Өтініш түскеннен кейін 1 маман, 1 учаскелік полиция инспекторы, 1 мал дәрігері иттерді аулауға шығамыз. Бірақ қолымызды жіпсіз байлап отырған түйткілдер де аз емес. Түйткілдің ең үлкені – мамандардың жетіспеушілігі, кадр тапшылығы, айлықтың төмендігі. Ветеринар мамандардың еңбек өтілі 25-30 жыл болса да, 1,2,3 санаттары (категория) берілмейді. Бір жыл жұмыс істеген адам мен 30 жыл еңбек еткен адамның алатын жалақысы бірдей. Жұқпалы аурулармен жұмыс істесек те 1 реттік сауықтыру жәрдемақысы бізге берілмейді. Мал дәрігерлері не мемлекеттік, не азаматтық қызметшілерге жатпайды. Ветеринар жас мамандар «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына енгізілмеген. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі мүлде ойластырылмаған. Содан да болар, бұл салада жастар аз. Бүгінде өзім жұмыс істейтін коммуналдық кәсіпорындағы мамандардың орташа жасы 55-63 аралығында» деген мекеме басшысы астарындағы автокөліктерінің де ескіргенін, 2012-2013 жылғы техникалармен тепеңдеп жүргенін тілге тиек етті. Осы саладағы көптеген жанды толғандырып жүрген мәселелерді жіпке тізген Жұмағазы Оразалин «Қаңғыбас иттерді аулауды басқа мекемеге жүктесе дұрыс болар еді. Сосын әрбір аумақтық басқару орталығында иттерді аулау бригадасы құрылса. Ең маңыздысы, елді мекеннен оңаша жерлерде қаңғыбас иттерді суық қару көмегімен аулауға рұқсат берілсе. Себебі қазір қолданып жүрген Увыш 651 шприцімен иттерді 5-10 метр жерден ғана ата аламыз» деп өз ұсыныстарын алға тартты. Ит атудың бейнетті, «ит жұмыс» екенін ауылдағы мал дәрігерлері де жасырмайды. «Ауыл әкімдерінен көшедегі итті атыңдар деген хат келіп тұрады. Түз тағысы емес, ит даладан келмейді ғой. Ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторлар халыққа үгіт-насихат жұмыстарын дұрыс жүргізбейді. Жүргізсе, жұрт итін байлап ұстап, мұндай әңгіме шықпас еді. Негізі, ауыл ішінде, халық, бала-шаға жүрген жерде ит атуға болмайды. Итті ататын құрылғы қауіпті. Итті атқанда ине шаншылады. Ит құлағанда ине түсіп қалады. Артынан инені іздеп жүргенің. Құдай сақтасын, әлгі инені бір бала ұстайтын болса, ешқандай дәрігер көмектесе алмайды. Дұрысы, итті ататын арнайы ұйым болуы керек», – дейді Катонқарағай ауылдық округінің мал дәрігері Қайнар Қсекин. Облыстық Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықовпен сөйлескенімізде Шығыс Қазақстан тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне ит атуды өзге мекемелерге тапсыру, бәсекелі ортаға беру жөнінде ұсыныс айтылып, қолдау тапқанын жеткізді. «Бұл шаруамен арнайы ұйым айналысқаны дұрыс. Ветеринарлар өз жұмысын атқарсын, вакцинасын салып берсін, сырғасын тақсын. Әркім өз міндетін білуі керек қой. Жасыратыны жоқ, ветеринария саласында мәселе көп. Бірақ біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, біздің өңірде 2020 жылдан бастап ветеринария саласын қаржыландыру облыстық бюджетке көшті, мал дәрігерлерінің жалақысы 40 пайызға көтерілді. 2018-2019 жылдары олардың жалақысы 60-80 мың болса, қазір 120-150 мың теңге аралығында алады. Алайда мұның өзі аз деп санаймыз. Сондықтан биыл облыс әкімінің қолдауымен өңірдегі мал дәрігерлерінің жалақысын тағы да 30 пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз», – дейді басқарма басшысы.Шығыс Қазақстан облысы