Қоғамның басты құндылығы – еңбекпен ғана ерекше әрі аса бағалы. Адамдар өмірінде байлық пен береке, дәулет пен дарқандық туралы ұғымдар мен ой-түсініктер еңбектің жемісі мен нәтижелері екені айтпаса да түсінікті.
Адал еңбек болса, ол бәрінен де биік. Ақылды шешім, тиянақты іс болса, онда ел аман, жұрт тыныш.
Өзін толыққанды, мәдениетті санайтын кісі қоғамның заңымен жүру керек. Егер қоғамның заңымен жүрмей, әркім ойына келгенін істесе – ол бейберекетсіздік. Еңбегі еш, тұзы сор, қоғам қаржысына қол сұғылса, ол – жемқорлардың қоғамға жасаған қиянаты.
Алтын бесік-ауылды жаңа заманға сай стандарттармен жаңғырту жүйелі қолға алынып, ауыл шаруашылығының айы оңынан туып, жұлдызын жарқырату үшін қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың толық жүзеге асуы қоғам келешегі үшін мәні айрықша. Ашығын айту керек, әлеуметтік әлеуеттердің саясы мен сеніміне айналған мемлекеттік бағдарламалар негізінен мол қаржы саясатымен малшы мен диқаншы еңбеккерлерді барлық отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған. Мұның түпкі және күткен айқын көріністерін қай өңірге барсаңыз да көптеп көруге болады.
Алайда сол мақсатты қаржының қайтарымының мәнін кетіріп,адалдықтан аттап,жеріне жеткізбей, қара бастарының қамын күйттеген, көзін шел басқан жекелеген адамдардың кесірі талай дүниені бүлдіретінін де куә болып жүрміз. Сондай бір жәмиғатқа жағымсыз, тірлікке зиянды, теріс қылықтардың беті ашылып, тасмаңдайлардың соры қайнағанда өкініштен қайран қалмасқа шараң жоқ. Неге солай болды? деген сұрапыл сұрақтар нөпірі қарша борайды. Қатаң тәртіпке шақыруға үн қосқан адамдардың да көзқарасы ортақ мүддеден туындайды.
Бұдан аз уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың Павлодар облысы Екібастұз қаласында моноқалаларды дамыту жөніндегі республикалық кеңесте ауыл шаруашылығын тиімді субсидиялау мәселесіне тағы да тоқталып, соңғы 5 жыл ішінде бұл мақсатта 2 трл-нан астам теңге бөлінгенін атап өтті.
– Нәтижесінде не көріп отырмыз? Бюджет қаражаты лезде жоқ болады, олардың жұмсалуы бойынша бірыңғай бақылау жолға қойылмаған. Нақты экономикалық пайда да жоқ. Нарықтарымызда көршілес елдердің ауыл шаруашылығы өнімі басым. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне прокуратурамен және басқа да органдармен бірлесе отырып, осы салаға кешенді талдау жүргізуді тапсырдым. Бұл мәселеге жұртшылық пен аграрийлерді тарту қажет, – деді ел Президенті.
Бұл барлық жағынан орынды және көпшілік құптарлық жағдай. Субсидиялау мәселесіне қатысты жемқорлық пен ақша жымқыру фактілері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомствосының басшысы егжей-тегжейлі баяндаған соң Мемлекет басшысының «Фактілер, әрине, өте ауыр. Мемлекетке миллардтап шығын келтіріп отыр. Тергеуді сапалы өткізу маңызды екенін тағы да ескертемін. Сіз айтқан жәйт бірнеше жылдар бойы орын алып отырғанын атап өткен жөн. Бұл кеше туындаған мәселе емес. Сондықтан Сізге тергеу жұмыстарын одан әрі жоғары деңгейде жүргізуді тапсырамын. Барлық жауапты тұлғаны жазалау керек. Түптеп келгенде, түрмелерде орын жеткілікті» деп қатаң ескертті.
Қатал және дәл айтылды. Иә, бұл кеше туындаған мәселе емес. Талай мәрте жегі құрт- сыбайластық қылмыстар әшкерленіп, жолын кесуге, тосқауыл қоюға талай рет амал да жасалған. Кінәсі мойындалғандар әділ заңмен сазайындарын тартып та жатыр. Соған қарамастан бұл пәлекет тыйылмай келеді. Жеңұшымен жалғасқан сыбайластыққа, парақорлыққа, жылпостыққа қарсы аяусыз күрес жүруде.
Енді ақпарат құралдарынан естіп, көріп отырғанымыздай, осы ауыл шаруашылығын субсидиялауға қатысты мәселенің өн бойында ақша жымқыру әрекеттері жылдар бойы ауыз жаласқан схемамен жүзеге асып келгені айтылуда. Бұл қылмыстық әрекеттерге бой алдырғандар қатарында өкінішке қарай, бірнеше облыс пен адамдар саны аталып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты мекемелерге де бұл жағдай үлкен сын болғалы тұр.
Шынымды айтсам, бұл қылмыстық әрекеттердің жиіркенішті және қорқынышты сипатына мән берген кезде таңның атысынан күннің ұясына батқанша бел шешпей бейнет жасап,маңдай терінің мың тамшысын төгіп, кейбірде тек бір тамшысындай ғана қызығын көріп жүрген ауыл адамдарын ойладым. Қарапайым еңбеккерлер мен қолында аз-кем билігін пұлдап, қызмет бабын пайдаланып жүргендердің пиғылынан зардап шеккен аңқау шаруа адамдарының ақылы «порталдан» да «ұтылған» хәл-ахуалы еске түсті. Субсидия дегенде, сергелдеңге түсірген пысықтар әр жерде де бар. Епті, есебі түгел еркетотайларды «еркіне қойған» көкелері мен ықпалды дөкейлердің де дәурені астыртын болса да жүріп келгенін ешкім де жасыра алмайды. Әлдеқалай былық-шылықтың беті ашыла қалса, субсидияны «заңды белінен басып» асырып жіберуге әмір берген дөкей емес, айран ішкен құтылып, шелек түбін жалаған бейбақтың жазаға жиі тартылған кезі ел аузында жүреді. Бұл да өзінше таңсық әңгіме болмай қалған.
Ауыл шаруашылығын айтсақ, ауылдың моральдық келбеті мен әлеуметтік ахуалы ойға оралады. Дәл осы айрықша діл мен дәстүрлі пейілді жеке атқамінерлер қазына қаржысына қол сұққан қара ниеттерімен былғап, ластап жүрсе, ауылдың абыройына да кір келтіргені ғой. Атақоныс ауылы – ата-бабалары мен әке-шешелерінің ардақты еңбегімен түтіні түзу ұшып, тірліктері оңынан оңғарылған өмірді одан әрі ұзартқан ұрпақтары алдында ұят пен намыс қайда? Ар-ождан қайда? Өкінішке қарай, қоғамда ұжымдық ұят пен елдік намыс жайы нарықтық «өзімбілермендік» «жеке өзіндік» нуында алға шыға алмайтын, ашық айтылатын сәттерден сәл қалыңқырап қалды. Не істесе де әркім өзі біледі, деген еркіндікті ешкім шектеп, тосқауыл қоймайды. Дей тұрғанмен, тұтас ауылдың әбиірі мен әрбірі ортақ ахуалдың жөні бөлек, оны жеке бөліп қарастырудың реті жоқ. Аядай ауылды Алашқа танытқан таланттар мен еңбек тарландарының жүріп өткен өмірі осы ойымызға өрнек салған.
Сондықтан ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жақсы аты мен даңқы ауыл тарихы және қалыптасқан қоғам құндылығы, табысқа жетелейтін инвестициясы.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттен қаржылай да, басқалай да қолдау аз емес. Дала жұмыстарын қаржыландырудан бастап асыл тұқымды мал сатып алу, жаңа технологиялар мен техникаларды жеткізуге дейінгі аралығында несиенің көлемі үлкен, ал субсидияның 50-ден астам түрі бар. Бір ғана көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 70 млрд.теңге жұмсалады. Субсидия да қомақты дедік. Алайда өз қызметінде беделді республикалық Фермерлар одағы мемлекеттік қолдаулардың барлық тетіктері ірі өндірісті ынталандыруға арналған, ал ұсақ және орта фермерлердің едәуір бөлігі жеңілдетілген несиеге, субсидияға және басқа да қаржылық емес қолдау іс-шараларына қол жеткізе алмай отыр деп дабыл қағады.
Жер-жерде шаруа адамдарының жанайқайына бейжай қарауға болмайды, әрине. Естір құлақ бар болса, түйіні шешілмеген мәселелерге Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер қағаз жүзінде қалдырмайтын қорытынды жасауы тиіс.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшелері сайлаушылар ұсыныстарын мұқият назарға алып, ең көкейкесті тақырыптар бойынша Ауыл шаруашылығы министрімен бірнеше мәрте кеңейтілген отырыстар өткізіп, талқылауға қатысты. Басты мәселе-азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отандық тауар өндірушілерге нақты қолдау көрсету екені түсінікті. Солай болғанда, ұстанған бағыт-бағдарлама өз жемісін көзделген уақытта бермей ме? Мәселені қарапайым кісілер өз ауылындағы әлеуметтік жағдай мен шаруашылықтың халіне қарап бағалайды. Басқалай да ой қорытындысын жасасауы мүмкін, жеке шаруа қожалықтарының дамып,табысы арта түсетін болса, тәжірибесін үйренеді, мемлекеттен қаржылай алған субсидиясының төңірегінен әртүрлі себеп-салдардың мәнін өзінше таразылайды. Қолы ұзын, таныс-тамыры көп, жыл сайын субсидияның рахатын көруден танбайтын, алыстан бақылап отыратын қожайындары бар кісілердің алды көл, басы артық қаржысы да, дүние мүлкі де жоқ деуге болатын шаруалар үшін бұл жағына келгенде шөл болып тұратыны қалай? Бұл бәз-баяғы кепілге қоятын жеке мүліктің жетіспеуі себебінен ғана ма? Субсидия да, несие де сайға не байларға қарай құйылып кете бере ме? Рас, барлық өңірде де шаруасын шалқытқан, кең өрісін төрт түлікке толтырған, қамбасына мол астық құйып, өнімнің түр-түрін шығарған, елді мекендерде шағын зауыттары мен фабрикалары дүрілдетіп жұмыс істеп тұрған білікті кәсіпкерлер мен бақуатты жастарға да, шын еңбек торысына да құрметпен қараймыз.
Ел ішінде еңбегі ерен, бейнеті бекем, іскерлігі ілкімді, дәулеті даңғайыр алпауыттар мен бай адамдардың көп болғаны да жариялы жетістік. Қазақ жігіттері мен қыз-келіншектерінің арасында дәл осындай дәреже-деңгейге көтеріліп, ел экономикасының дамуын елеулі үлес қосып әрі жұртқа тірек бола алатын қалың қайраткер азаматтар қатарынан табылуы да ел тәуелсіздігі жылдарында мемлекеттік қолдау мен тәрбиелеудің айғағы.
Бұл өмір шындығы.
Жақында Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитететінің мүшелері Қарағанды облысында ауыл шаруашылық саласы еңбеккерлерінің нарық жағдайында, тікелей мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде аяқтан тұрып,агроөнеркәсіп жүйесін табысты жұмыстарымен алға шығарған бірнеше тұқым шаруашылықтарына барып,өндірістік тәжірибесімен танысқан болатын. Сол бір «Шанс» тұқым шаруашылығы төрт құбыласын түгендеп алған, пайдасы мол тірлікке арқа тіреген қалпында. Суармалы егінжайы, қаптаған техникалар, алып тракторлар мен комбайндар, қоймалары мен мал қоралары, шабындығы мен жайылымы, мал семіртетін алаңқайлары, көктемгі егіске әзірлеп қойған минералды тыңайтқыштары қап-қап, тау боп үйіліп жатыр. Жаңа технология диірмені, көз жауын алатын тұқымдық картоп, мал сою орындары, мая-мая шөп... Басшысының аузынан «Аграрлық несиелік корпорация», «ҚазАгроҚаржы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мекемелері туралы аз сөз айтылған жоқ. Түсінбейтін несі бар, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың барлық жағдайынан хабардар және тұрақты түрде қамқорлық аясынан табылып, сұраныстарына қарай қажеттіліктерінің орындалатынын меңзейді. Білесіз бе, осы агроөндіріс орнында 3 мыңнан астам жылқы бағылады. Қолда ұстайды. Далада қазан айының қара суығын елең қылмай, жеңіл киіммен-ақ сыр бермеген қалпы әлгі жетекші жігіттің жыл бойы қорада бордақыланған күйлі жылқыларына қараған, сырбаз қалпы «Амандық болса, осы жылғы соғым сатуға 1 мыңнан астам жылқы соямыз» деген сөзі қатты әсер етті. Тұла бойында артық қырым еті жоқ, сөзге шебер, шымыр денелі неміс жігіті өздерінің шешімді істерінен осындай сыр айтты. Бұл ой салар сөзді естіген біздер бір-бірімізге көз тоғыстырып қарадық.
Кеншілер қаласынан қырық шақырым жерде ауыл өмірінің осы заманғы озық берекесін жасап отырған тұқым шаруашылықтары жекенің иелігінде, көпшіліктің көңілінде, мемлекеттің тұрақты қолдауы арқасында агрохолдингтің кейпінде даму үстінде.
Мұндай озық шаруашылықтардың сапалы өнімдері тұтынушылар сұранысын қанағаттандырады.
Дегенмен, жұртшылық, мәселен, бір ауданда бір шағын сүт зауытының ашылып, тұрақты жұмыс істеуін жолға қоя алмаған кейбір әкімдіктің ауыл шаруашылығы жұмысын қалай бағалауы керек? Төрт түлікті малдың кәдімгі қоңды ет, түрлі сүт өнімдерімен, әрі арзан бағамен жергілікті тұрғындарды тұрақты қамту талабын іс жүзіне асыру ешбір кешіктіруге болмайтын және мүлтіксіз орындауға болатын барлық жағдайлы міндет.
Ел Президенті Қасымжомарт Тоқаев Қазақстан Халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы өткір мәселелерді түпкілікті шешуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігінде сабақтастың сақталмауының салдарын да сынға алды. Кесіп айтқан міндеттер қойылды. Соның бірі - өңірлерде тауар өндірушілердің жағдайын түзеп, мүддесін қорғау. Өңірлерде тауар тарату орталығының желісін құру. Мемлекет қаржысын тиімді жұмсауға барлық деңгейдегі қадағалау мен қоғамдық бақылауды күшейту түбегейлі міндет, айқын мақсат.
Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде 2021-2030 жылдарға арналған Тұжырымдамасы мен осы саланы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасын әзірлеген болатын. Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес осы саланы ұзақ мерзімге басым дамыту бағыттары айқындалған.
Міндеттер мен жобаларды шешуге күш-жігер мен ресурстарды шоғырландыру мақсаты қойылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түлікпен ішкі нарықты толтыру міндеттерін шешу аясында нақты инвестжобалар белгіленіп, толық орындалады. Жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту, өндіріс пен өңдеуді ұлғайту, астық түсімін көбейту, тауарларды экспортқа шығару, еңбек өнімділігін жыл сайын еселеп арттыру, агроғылымды ілгерілету, таяу жылдарда көптеген азық-түлік түрінен өзімізді жүз пайыз қамтамасыз ету көзделген. Біз бидай егіп, ұн өндіретін ең ірі он елдің санатына кіреміз. Қазақстан – Орта Азиядағы астық экспорттайтын бірден-бір мемлекет. Міне, байтақ даламыздың байлығы!
Жалпы осы арада «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың «Жол картасын» белгіленген мерзімде толық орындау кезінде ауылдарды жаңа стандартта жаңғырту мен ауыл шаруашылығын қарыштап дамытудың қадамдары айқындалғанын атап айту парыз.
Қазақстандық тауар өндірушілер қауымы мен отандық әрі сапалы әрі мол қамтылған, тауарлар тізбегі дегенде, олардың түпкі мағынасы қазақтың алтын бесігі – ауылдың төсінен нәр алып, өсіп, өніп, тарайтын құнарлы дәмдер, тәтті жеміс-жидектер, балғын көкөністер, түрлі ет-сүт өнімдері, қажетті азық-түліктер, табыс әкелген бейнетті еңбектері айналып келгенде, ниетіміз бен несібемізге берген ұлттық байлықпен, молшылықпен қастерлі және баршаға ұғынықты деп санаймыз.
Бұл берекелі биіктіктен ұдайы көрінуде қай істе болмасын, кімге болмасын қазынаның шашылып жатқан дүниесі жоқ, мемлекеттік тәртіп пен қоғамдық жауапкершілікті қатаң сақтау және оны барынша талап ету аса маңызды.
Бәрімізге қымбат, ұлттық игілікке ие ауылдардың халықтық мәртебесі мен әлеуметтік-мәдени келбеті мақсатты, қажырлы күш-қайратпен, толассыз еңбекпен, көзбен көріп, қолмен ұстайтын экономикалық нәтижелермен және өркенді мемлекетіміздің жан-жақты, тиімді қолдауымен бұрынғыдан да арта түсуі-келешектің кілті.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Nur Otan» nартиясы депутаттар Фракциясының мүшесі.