Күні кеше мейірім мен шуаққа толы жандардың ортасына барып, көңілім марқайып қалды. Себебі Нұр-Сұлтандағы кішкене ғана шеберлік орталығында қонақта болдым. Оны көп адам біле де бермес, бірақ тұрғындарға істеген игі ісі мол екен. Өйткені орталықтың жұмысын дөңгелетіп отырған жандар көпбалалы отбасылардан шыққан балалар мен ересектерді жаңа кәсіпке тегін үйретеді.
Олар киізден қазақ үй, түрлі ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауға атсалысады, ағашты өңдеуді үйреніп, қазақ халқының мәдениетіне қанық болады. «Шебердің қолы ортақ» демекші, олардың қолынан шыққан әрбір дүние өте сапалы, әдемі болып шығады. Әсіресе, балаларға арналған жиналмалы киіз үйде жасауға болады. Өте әдемі, сапалы, қазақтың төл бұйымы.
Қазіргі уақытта орталық жұмысына 8 отбасы жұмылдырылған, олардың басым бөлігі көпбалалылар. Мысалы, жаз айларында егістікке картоп егіп, күтіп-баптап, күзде оны теріп, мұқтаж жандарға тегін таратып беретіні тағы бар.
Осы тұста, осындай орталықтың жұмыс істеуіне мұрындық болған жан – М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті басқарма төрағасының кеңесшісі Аяпова Жамал Мадахметқызы.
«Біздің басты мақсатымыз – көпбалалы отбасыларды қолдай отырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу. Бұл – бір жағынан оларды кәсіпке баулу, жаңа бір іс үйрету, екіншіден – «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару». Яғни, оларды өзара көмек көрсетуге жұмылдырып, қолдау», - дейді Жамал Мадахметқызы.
Міне, осындай жандардың ісін кеңінен насихаттап, оларға алғыс айту – кез келген азаматтың парызы. Алдағы уақытта да осындай жандар көбейсе деген тілегім бар.