Қарағанды облысындағы шаруа қожалығының бірінде мал жаппай белгісіз дертке шалдығып жатыр, – деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Қарағанды облысындағы шаруа қожалығының бірінде мал жаппай белгісіз дертке шалдығып жатыр. Малшылар, бұл – ірі қараға екі жыл бойына бірде-бір екпе салынбағанын, енді оның зардабын көріп жатқандарын жеткізді.
«Екі жыл болды вакцина салмағанына, ештеңе алмаған. Мал әбден ауырған соң шақырттық. Сол кезде келіп вакцина салып кетті. Бірақ қалған вакцина мен витаминдерді өзіміз сатып алып салдық. Тегін бе деп сұрадық, бірақ өздеріңіз сатып аласыздар, бізге ондай ақша бөлінген жоқ», – дейді Қарағанды облысы Ақжал кентінің тұрғыны Сәуле.
Ветеринар мамандар да белгісіз дерттің етек алғанын растады. Сонымен бірге сынамалар республикалық зертханада әлі де сарапталып жатыр деді.
– Вирустық диарея және инфекциялық ринотрахеит ауруы анықталды. Басқа жерлерден малды тасымалдау немесе жеке заңды тұлғалардың малды ветеринариялық мамандардың рұқсатынсыз, ескертпестен басқа жерден алып келуі, карантинге қойылмаған малды алып келу себебінен болады негізі. Ауру тіркелген жеке аулаларда дезинфекция жұмыстары жүргізілді, – деді ҚР АШМ ветеринарлық қадағалау комитеті Қарағанды облыстық инспекциясы жетекшісінің міндетін атқарушы Данияр Мерғазин.