Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Сөйтіп, екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастайтын шарт ресми түрде күшіне енуге бір табан жақындай түсті. Ал депутаттар бұл шарттан бөлек, бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Енді соларды рет-ретімен қарап, талқыға салады.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сыртқы қауіп-қатерлерге қарсы тұру мүддесінде қос елдің әскери ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Аталған шарттың нормалары мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде әскерлерді қолдануды бірлесіп жоспарлау және өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл бойынша әскери ынтымақтастықты жүзеге асыруға, сондай-ақ екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықтың басқа бағыттары бойынша өзара іс-қимыл жасауға бағытталған. Шарт жедел және жауынгерлік даярлық, бітімгершілік қызмет, әскери білім және ғылым, әскерлердің қызметі және оларды жан-жақты қамтамасыз ету, екіжақты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, мәдениет, спорт сияқты салаларда және әскери ынтымақтастықтың басқа да бағыттарында әскери ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда жалпы сипаты бар құжат. Біздің білуімізше, Ресей әскерилері жалға алатын 8 млн гектардан астам аумақты құрайтын әскери полигондар, оларда түрлі қаруды сынау, Байқоңырдан ұшырылатын азаматтық және әскери мақсаттағы зымырандар қалдығының құлайтын аймағы жөніндегі келісімдер басқа құжаттармен реттеледі.
Сонымен қатар жалпы отырыста Палата комитеттері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы және инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері туралы заң жобаларын жұмысқа алды. Отырыс барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.