Биыл балалардың қызығушылықтары бойынша спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысу үшін мемлекет қаржы бөле бастады. Алайда балалардың бос уақытын тиімді жұмсауға жұмыс істеуі тиіс бағдарламаның былығы көбейіп барады.
Жүйе қалай жұмыс істейді?
Бағдарлама Президенттің тікелей тапсырмасымен жасалған. Оған тек жеке клубтар, секциялар, шығармашылық үйірмелер қатысуға құқылы. Яғни, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері, олимпиадалық даярлау орталықтары қатыспайды. Өйткені олар мемлекет тарапынан онсыз да қаржы алады. Сондықтан бұл жолғы бағдарламаға қатысу үшін жаңадан ашылған жеке клубтар мен үйірмелердің саны бес есе артты. Ал бағдарлама арқылы балаларын тегін үйірме мен спорттық секцияларға қатыстыру үшін ата-аналар да, жеке кәсіпкерлер де Artsport.edu.kz сайты арқылы тіркеледі. Сайтта олар өздеріне қажетті жеткізушілер мен ата-аналарға арналған нұсқаулық бойынша әрекет етеді. Мысалы, жеткізушілер нұсқаулыққа сәйкес жеке кабинетін ашып, құжаттарды тіркейді. Өтінішін, жаттықтырушылардың құжаттарын, жалдау шартын бекітеді. Бес күн ішінде өнім берушіге жауап келеді. Тапсырыс берушілер бас тартқан жағдайда барлық кемшіліктерді түзетіп, қайтадан өтініш бере алады. Қабылданғаны туралы растау алғаннан кейін жеткізушінің деректері қала картасында пайда болады. Ата-аналар да сайтқа жеке кабинетін ашып, өздері тұратын қаланың картасы арқылы кез келген өздеріне ұнаған үйірмелер мен спорттық секцияларға өтінім бере алады. Мысалы, баласын шахматқа немесе биге бергісі келсе, қаланың картасында үйіне жақын жердегі орналасқан клубтың мекенжайы көрсетіледі. Осылайша, баланың ЖСН енгізіп, ваучер алады. Бағдарламаның басты мақсаты – балалармен жұмыс істейтін жаттықтырушылар мен оқытушылар дарынды балаларды тауып, оларды одан әрі күшейтілген жаттығуларға тарту. Ең бастысы, ақылы қосымшаларға қаражаты жоқ отбасылардың балаларын 100 пайыз қамтуға арналған. Бірақ бағдарламаның қызығын көру барлығына бірдей мүмкін болмай отыр.Қаржы таусылған соң қосымшалар да тоқтады
Жан басына қаржыландыру бағдарламасының арқасында мыңдаған қазақстандық бала спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік алды. Бағдарламаның міндеті мінсіз болғанымен, қадағалауы кем секілді. Олай деуімізге себеп көп. Қазір ата-аналар балаларын сайт арқылы үйірмелер мен спорттық секцияларға тіркегенімен, әлі күнге дейін қатыса алмай жүр. Бірі – топ жасақталмады десе, екіншісі оқытушыларға төлейтін қаражаты жеткіліксіз болып шыққан. Ал енді басқа ата-аналар балаларын қызықтыратын орталықтарда орын жоқ десе, қалғандары тым алыстығын айтып ашынады. Бұдан бөлек, бөлінген бюджеттің мерзімі бітпей таусылып қалғаны тағы бар. Кәсіпкерлер жұмыстарын қайта жалғастыру үшін қанша қаражат сұрағанмен, олардың өтініштері қабылданбайды. Қабылданбаған соң олар жалдау құнын төлей алмайды, қызметкерлер ақшасын ала алмайды, ал балалардың үйірмелері мен спорттық қосымшалары тоқтайды. Қаржыландыру көлемі әр облыста әртүрлі. Қайсы облысқа қанша бөлінгені Artsport.edu.kz сайтында ашық көрсетілген. Аймақтардағы алуандықтың себебі балалардың саны мен үйірме жетекшілерінің санына байланысты. Мысалы, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласына бөлінген қаражат Талдықорған мен Көкшетаудан көп. Қазірдің өзінде бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген қаражат жыл соңына дейін жеті аймақта жетпей қалған. Ал Түркістан облысы балалардың бос уақытын өткізуге ел бойынша ең аз сома бөлген. Ал бұл өңір бала туу мен көпбалалы балалар саны бойынша көшбасшы облыстардың бірі. Бірақ жергілікті жердегі атқамінерлердің үнемшілдігі балалардың бос уақытын тиімді жұмсауға тұсау болып отыр.Жоспарлы жұмыс жоқ
Бағдарламаға қатысу үшін ашылған жеке клубтар мен үйірмелердің жұмысын тексеру кімге жүктелген? Себебі бағдарламадан бұрын жұмыс істеп тұрған жеке спорттық және шығармашылық үйірмелер бар ма, осы үйірмелер мен секцияларға қанша бала барады, олармен кім жұмыс істейтініне тексеріс жасаған ешкім болмаған. Бұрын мұндай статистиканы ешкім жүргізбегені белгілі болды. Мысалы, Алматыдағы 2 миллион тұрғынның 600 мыңы кәмелетке толмағандар. Қаладағы 10 спорт мектебі 12 мыңға жуық баланы қамтыса, қалған балалар қосымша үйірмелер мен спорттық клубтарға бұрынғыдай қалтадан қаражат шығарып барады. Ал шамасы жетпегендері әдеттегідей көше кезеді немесе смартфондарға телміреді деген сөз. Бұл бір ғана Алматы емес, өзге облыстарға да қатысты. Қазіргі мәліметтерге сенсек, облыстарда спорт мектептерімен балалардың 2-10% ғана қамтылған.Күмән көп
Бағдарлама іске асқанда, бәрінен бұрын балалар мен ата-аналар қатты қуанған. Өйткені қаржының тапшылығынан қосымшаға бара алмай жүргендер жаппай сайтқа тіркеліп, өздеріне ұнаған, көңілдері қалаған үйірмелерге таңдау жасағысы келді. Бірақ көптеген ата-ана мемлекет берген мүмкіндікті молынан пайдалану мүмкін емес екеніне мойынсұна бастаған сыңайлы. Себебі ұсынған үйірмелер мен секцияларға таңдау аз. Болса да бос орындар жоқ. Тіпті, порталда көрсетілгендердің өзіне жазылу мүмкін болмай шыққан. Ваучер алғаныңмен, жеткізушілердің құжаттары толық болмай қалған. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Нұрберген Қалмұратов баласын қыркүйектен бері тіркетіп, ваучер алғанымен, әлі күнге дейін футбол клубынан тұшымды жауап ала алмай жүргенін айтып, ашынады. «Сайт арқылы қыркүйекте ұлымды «Достар» футбол клубына тіркеттім. Кезегі келген жоқ. Сұрасам, 4-сыныпқа топ жиналмай жатыр екен. Көрсетілген нөмірлерге хабарласып шаршадық», – дейді ол. Ал клуб жаттықтырушысы жаттығудың басталмауына топтың жасақталмауы себеп екенін мойындап отыр. Алматылық Тимур да алыс болған соң бармаған баласының атынан акт жасалғанын айтады. Бұл туралы үйірменің атынан хабарласқан жаттықтырушысынан естіпті.Қолдан жасалған кедергі
Осыған қарап-ақ бюджеттен бөлінген қаражатқа кәсіби деңгейде мамандандырылған шығармашылық орталықтардың ашылғанына күмән туады. Бала құқығы жөніндегі омбудсмені Аружан Саин балалар үйірмелеріне жолдама беруге қолдан кедергі жасалып отырғанын айтады. Айтуынша, бюджеттегі қаржыны біреулер келісім бойынша жұмсап жатыр. Оның арасында белгілі продюсер Қыдырәлі Болмановтың мектебі де бар екен. Осындай бассыздықтар бір елордада ғана емес, өзге өңірлерде де тіркелген. Мәселен, Ақтауда MartaArt арт-студиясы ата-аналарға 1-2 сағаттың ішінде балаларын өздеріне тіркеп үлгерулері керек деген хабарлама жіберген. Бюджеттен бөлінген қаржыны Нұр-Сұлтан қалалық Мәдениет басқармасының қызметкерлері өздері таңдап алған мекемелерге үлестірген көрінеді. Қыркүйек айында шығармашылық мемлекеттік тапсырыс операторлары ArtSport.edu.kz порталында балаларға үйірмелерге қатысуға жолдама беруді «оператор шегі таусылды», «жаңа балалар енді үйірмелерге жазыла алмайды» деп жауып тастаған. Сол аралықта жүйе белгілі бір үйірме орталықтарына балаларды жинау қажет болғанда қайта ашылған. Мәселен, 3 қарашада мемлекеттік тапсырыс операторы қысқа мерзімге (шамамен 1 сағат) шектеуді алып тастаған. Осы уақыт ішінде көптеген ата-ана шығармашылық үйірмелерінің біріне, атап айтқанда «Айсұлтан арт» ЖШС-на («Қарақат» мектеп студиясына) бекітілген. Бұл туралы ата-аналарға WhatsApp чатында да хабарланыпты. Қызығы сол балалардың ата-аналарына ArtSport.edu.kz порталындағы жазба 3 қараша күні таңғы сағат 9-да ашылатыны туралы алдын ала хабарланыпты. «Порталдың техникалық қолдау көрсету тобына хабарласып, шынымен де 3 қарашада 564 бала «Айсұлтан арт»-қа шамамен 30 минуттың ішінде (орта есеппен 4 секундқа бір жолдама), ал 4 қарашада 2 сағат ішінде тағы 107 бала тіркелгенін білдім. Қазір студияға 742 бала бекітілген. Бұл мемлекеттік тапсырыс операторлары бағдарламаны жүзеге асыруға жасанды түрде кедергі жасағанын көрсетеді. Ақшалай қаражатты белгілі бір қызметті орындайтын тұлғалардың пайдасына бөлуге ықпал еткен», – дейді Аружан Саин. Осы бассыздықты анықтау үшін ол Мәдениет және спорт министріне, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне хат жолдаған. Алайда қоғам белсендісінің хатына әлі бірде-бір мекеме жауап бермеген. Біз де өз тарапымыздан қалалық әкімдіктен қоғам белсендісінің хатына қашан жауап болатынын, тиісті тексеріс қашан жүретінін сұрап хат жазған едік. Алайда жыл соңындағы қарбаластан қол тимей жатқан мекемелерден жауап кеш келді, оның өзінде хатымызға тұшымды жауап жоқ. Алайда Аружан Саин айыптап отырған «Айсұлтан арт» ЖШС басшысы, белгілі продюсер Қыдырәлі Болмановтың өзіне хабарластық. Оның сөзінше, балалар омбудсменінің айтқан сөзі қып-қызыл жала екен. «Үйірмелердің арасында біздерді әкімдікпен келісіп алды» деген жаңсақ пікір. Біріншіден, ол жерге ата-аналар өздері жазылады. Екіншіден, біз бюджеттен бөлінген қаражатқа қарап қалған күніміз жоқ. Біз Үкіметтен де, әкімдіктен де ешқашан бір тиын алып көрген жоқпыз. Бұл бағдарлама болмай тұрғанда да талай жобамызды мемлекетке алақан жаймай-ақ жасап келдік. Мысалы, біздің «Қарақат» мектеп-студиясы 14 жылдан бері қызмет жасап келеді. Сондықтан «әкімдікпен ауыз жаласып алды» дегенмен келіспеймін», – дейді Қыдырәлі Болманов. Оның айтуынша, елде 13 қалада 14 жылдан бері жұмыс істейтін жалғыз мектепке жала жабу абырой әкелмейді. «Тексергісі келсе, бюджет қаржысы үшін ашыла салған орталықтардың жұмысын тексертіп алғаны дұрыс. Біз 14 жыл бұрын ашылсақ, қалған үйірмелер мен клубтар 3 ай бұрын ғана ашылды. Кез келген тексеріс жасасын, жала екенін дәлелдеп беруге дайынбыз. Бізге таңдау жасағандардың көптігін бір ғана сөзбен түсіндірейін. Өйткені біз секілді 13 қалада жұмыс істеп жатқан мектеп-студия жоқ», – дейді продюсер. Қысқасы, көк жәшікке телміріп, смартфонды серік еткен бүгінгі балалардың бос уақытын тиімді жұмсау үшін де бұл бағдарлама тиімді жүзеге асуы керек еді. Бюджет қаржысына бақылау болмаса, тәуір іс бұдан бұрынғы қолға алынған жобалар секілді құмға сіңген судай болары түсінікті. Оның соңы балалардың тасада жатқан талантын ашып, армандарын жүзеге асыруға деген мүмкіндігіне балта шапқалы тұр. Сол үшін балалар омбудсмені Аружан Саин мәдениет және спортқа жауаптылар бюджетті жеке клубтар мен үйірмелерге емес, жан басына қаржыландыруға бағыттауды ұсыныпты. Өйткені былықтың барлығы әкімдік бөлген азын-аулақ қаржының тез таусылып, балалардың ваучер алып үлгере алмауынан туындаған.