Дәрігерлер де «көмекке» зәру

Дәрігерлер де «көмекке» зәру

Бұлай деуіміздің де жөні бар. Соңғы кездері дәрігерлер қауымы  жиі «ереуілдетіп» кетті. Осыдан бір жыл  бұрын Ақтауда жедел жәрдем қызметкерлері шу көтерсе, екі апта бұрын қызылордалықтар «ашуға» мінген-ді. Кеше Шымкентте жедел жәрдем стансасы жүргізушілері де басшылыққа қарсылығын білдірді.  Қарағанды мен Ақмолада да осы жағдай қайталанып отыр. Бір емес, бірнеше облыстың дәрілергерлерін алаңдатқан не нәрсе? Мәселені қаузап көрейік. Маңғыстау облыстық жедел жәрдем стансасы қызметкерлерінің шу көтеруіне үстемеақының толық көлемде берілмегені себеп болған еді. Медициналық мекеменің фельдшер, санитарлары мен көлік жүр­гізушілері Денсаулық сақтау басқармасы басшылығымен кездесуді талап еткен-ді. Кейінірек өңірлік Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлбибі Тасполатова мәселенің жуық арада шешімін табатынын айтқан еді.  Сөйтіп, үстемеақы да уақытылы төленіп, қызметкерлер де сабырға келген. Ал Қызылорда облысындағы жедел жәрдем қызметкерлерінің наразылығы мүлдем бөлек. Олар 103-тің қоңырауларын қабылдауға көшкен 112 қызметіне көңілі толмайтынын айтқан. Олардың айтуынша, 112 қызметінде медицина саласына қа­тысы жоқ адамдар отыр. Тіпті, кейбірі зей­нетке шыққан мамандар екенін, олар­дың көбі бұрын медицина саласында жұмыс істемегенін, науқас қабылдап көрмегенін айтады. Ал қарсы тарап «зей­нетке шыққан мамандарды қызметке алудың өзіндік себебі бар» дейді. 2021 жылдан бастап мекемеге 112 қызметі берілген, ол бір ғана 112 қызметін ғана емес, 101, 102,103 қоңырауларын да қа­былдайтынын жеткізген.

Көлігі бұзылса, жүргізуші қалтасынан төлей ме?

Ал күні кеше Шымкентте жедел жәрдем қызметіндегі бір топ жұмысшы наразылыққа шықты. Олардың басты талабы – жалақының төмендігі. «Жа­лақыны көтермесе, жаппай жұмыстан кетеміз» дейді. Жұмысшылардың айтуын­ша, айлықтары соңғы алты жылда мүлде өзгермеген. Тіпті, көлігі бұзылып қалған жағдайда қалтасынан төлеп, жөндетуге мәжбүр. Қазір сегіз көлік қаңтарылып, жөндеу жұмыстарын күтіп тұр. Жөндейтін құрал-сайман да жоқ. Ал көлік жүргізу­шілері ақысыз еңбек демалысына жі­берілген. Яғни, жұмыссыз деген сөз. «Жалақымыз 70-80 мың теңге төңіре­гінде. Қазір бәрі қымбат. Тіпті, жалақымыз соғым алуға да жетпей отыр» деп қамығады жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Құрбанәлі Амангелдиев. Ал Данияр Қосаев «пандемия кезінде күн-түн демей, үй бетін көрмей жұмыс істесек те, жалақы көтерілген жоқ» деп отыр. «Біз көліктің ұсақ-түйек шығынын да өз қалтамыздан шығаруға мәжбүрміз. Тіпті, қызметтік киімді де сатып аламыз. Одан бөлек, науқасқа тез арада жету үшін жылдамдықты асырғанымыз үшін айыппұл төлетеді», – дейді жүргізуші. Ал 2019 жылдан бері жедел жәрдем қыз­­метінде жүрген жүргізуші Серік Әбдіханов 3 жылдан бері көлік шығынын өз қалтасынан төлеп жүрген. Сапарғали Бектұсыновтың да «айыппұлы» көбейіп кетіпті. Тағы бір жол жүру ережесін бұзса, жұмыстан шығарылу қаупі бар. Олардың ережені бұзайын деп бұзбайтынын, кейде науқасқа асыққанда амалсыз жылдам­дықты арттыратынын түсініп жатқан адам жоқ. Наразы топқа жауап беруге шыққан жедел жәрдем стансасының басшысы Гүлнәр Құрманбекова жалақы мәселесін шеше алмайтынын айтып, ақталуға тырысты. Ал бұзылған көліктің шығыны жүргізуші есебінен шықпайтынын айтады. «Біз республика тарапынан қаржылан­дырамыз. Қазан айынан бері төлемақы берілмей отырғаны рас. Бұл кісілер қо­сым­­ша ақы алып үйреніп қалған. Ресми құжатқа қол қойылмай, ақша ала алмай отырмыз. Қарашаның қорын аударған жоқпыз, оны мойындаймыз. Өйткені зейнетақы қорына аударсақ, қарашаның жалақысына жетпейді. Жақын күндері ол ақшаны да береміз», – дейді станса басшысы. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов та жиналғандарды сабырға ша­қыруға тырысты. Оның айтуынша, жүр­гізу­шілердің жалақысы 92 мыңға көтері­летін болады. Бірақ бұл қаржы да жүр­гізушілердің көңілінен шығып отырған жоқ. Олар «150 мың теңгеден кем болма­сын» деген талап қойып отыр.

Қарағандылықтар басшысына неге риза емес?

Қарағандыдағы жедел жәрдем қызмет­керлерінің де айтар уәжі бар. Олар «бас­шылықтың қорлығына шыдамаймыз, жұмыстан шықсын» деп отыр. Басшыны жұмыстан босату туралы өтінішке 17 дә­рігер мен фельдшер қол қойған. Олар бас­шыларының әдепсіз сөздерін дикто­фонға жазып алған. «Бізді қорлай бастады. «Нанды адал еңбекпен таппайсыңдар, жезөкшелер», – деді. Жиналыстан кейін мен қатты ауырдым, өзіме келе алмадым», – дейді қызметкердің бірі. Бұл ретте жедел жәрдем стансасының басшылығы этиканы бұзу фактісін жоққа шығармайды. Алайда балағат сөздерді «қорлық» деп санап отырған жоқ. «Жедел тергеу қызметкерлері ұсынған материалдар фактісі бойынша осы қыз­меткерге сөгіс түрінде тәртіптік жаза қол­дану туралы шешім шығарылды», – дейді «Қарағанды облыстық жедел меди­цина­лық жәрдем стансасы» КМК директоры Зульфикор Әбілқасымов. Бірақ дәрігерлер бұған төзбейтінін, қысымнан шаршағанын айтады. Тіпті, қызметкерлердің жанайқайына облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау министрлігі құлақ асса деген пікірде.

Ақмолалық дәрігерлердің де жалақысы аз

Бұл жолы Алексеев ауруханасының дәрігерлері шу көтерді. Айтуларынша, 204-216 сағатқа дейін атқарған адал ақы, маңдай терінің өтемақысын, яғни жа­лақысын ала алмай келеді. Олар «аз жала­қыға жүктеме көп» деп отыр. Дәрі­герлер жұмысшы санының аздығын, ал сыйақы мен жыл соңына дейін төленетін 13 жалақыны мүлдем көрмейтінін айтады. «Бізге маңдай терімізбен атқарған еңбегіміз үшін жалақымызды қанша талап етсек те, ала алмай отырмыз. Әрқайсымыз 204 сағаттан 216 сағатқа дейін жұмыс істейміз. 192 сағаттан артық жұмыс үшін үстемеақы төленбейді. Ал іс жүзінде 264 сағаттан жұмыс істегендер бар. Аурухана парағы үшін төлеу уақытында берілмейді. Сауықтыру сыйақыны не үшін төлен­бейтінін түсіне алмадық. Әкімшілік-ша­руашылық бөлімінің жалақысын көтеруге қаражат табылғанда кіші буын қызмет­керлеріне неге қаржы табылмайды?», – делінген Алексеев аурухана қызметкер­лерінің ұжымдық өтінішінде. Алайда бас дәрігер қаржы жоқтығынан сыйақы төленбегенін алға тартады. «Дәл қазір мүлдем қаржы жоқ. Көптеген ау­рухана өз медициналық қызметкерлеріне сыйақы бере алмады. Мен мұнда жұмысқа келгенде орталықтың несиелік қарыздары 98 миллион теңге болған. Қызметкерлер сыйақыны мүлде алып көрмеген. Үш жыл­дың ішінде қарыздарды жауып, сыйақы бере бастадық», – деген Ақмола облысы психикалық орталығының бас дәрігері Камиль Раскулов әлі де болса, мәселенің оң шешім табатынына сенімді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қызмет­керлердің жұмыс уақыты кестесіне сәйкес жүргізілетінін, олардың ай сайын есеп парағын алып отырғанын айтады. Олар­дың айтуынша, «Қызметкерлердің жа­лақысы Қазақстан Үкіметінің 1193 қау­лысына сәйкес аударылады. Қызмет­кер­лерге сыйақы 2021 жылдың маусы­мында медицина қызметкерлерінің күніне орай жүргізілген. Қызметкерлердің тара­пынан жалақы бойынша психикалық ор­талықтың басшылығына шағым түспе­ген. Қыз­меткерлер ай сайын есеп парағын алып отырады». Бірақ бұл пікірге аурухана қызметкерлері келісіп отырған жоқ. Олар іс жүзінде мүлдем керісінше деп отыр. Әзір­ге басшылық пен қызметкерлер ара­сын­дағы даудың нүктесі қойылмаған секілді. Аймақтағы дәрігерлер мен жедел жәрдем стансасы жүргізушілері осындай наз айтады. Енді басшылыққа «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтін» жол іздеген дұрыс шығар. Қалай десек те, халыққа қызмет көрсететін дәрігердің де «тамағы тоқ, қалтасы көк» болғаны дұрыс-ау...

Айым БЕКТҰР