Алтайда баспана кілті тапсырылды
Алтайда баспана кілті тапсырылды
238
оқылды
Алтай ауданы биыл Тәуел­сіздік күні мерекесін ерекше атап өтті. Өңірде бірнеше от­басына баспана кілті тап­сы­рылып, мәдениет нысан­дары ел игілігіне берілді. Мерейлі мереке күні аудан орталығы Алтай қаласында екі отбасы баспаналы болды. Су жаңа үйге қол жеткізген тұрғын­дарды Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев пен Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов құт­тықтады. «Тәуелсіздік жылдарын­да Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саяса­тының басым бағыттарының бірі қазақстандық отбасыларды жеке баспанамен қамтамасыз ету болды. Осыған байланысты тұр­ғындардың көптеген санаты үшін әртүрлі мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Осы бағдарла­ма­лардың көмегімен қаншама от­басы үйлі-күйлі болды. Қазір өңір­де облыс әкімі Даниал Ахметов­тің тапсырмасымен тұр­ғын үйлер көптеп салынып жа­тыр. Алтай ауданында да тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөлеміз. Алдағы уақытта құрылыс қарқынын одан ары арттыратын боламыз», – деді аудан басшысы. Өңірлік «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған баспана кілті қалалық аурухана­ның хирургия бөлімінің медбикесі Сәния Сәрсенбаева мен «Басқа мемлекеттердің (Армения) ау­мағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері» санатындағы тұрғын үйге кезекте тұрған ШҚ АЭК жүргізушісі Байжан Қорабаевқа салтанатты түрде табыс етілді. Сонымен қатар Жаңа Бұқтыр­ма кентінде екі отбасы қоныс­тойын тойлады. Олар – №1 Жаңа Бұқтырма орта мектебінің ин­форматика пәнінің мұғалімі Әсел Нұрғазиева мен тұрғын үйге мүгедек ретінде әрі төрт бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасының өкілі ретінде кезекте тұрған Алексей Фролов. Орайы келгенде айта кетейік, соңғы жылдары Алтай ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды. «Өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізіп, баспана бақытына ие болған тұрғындардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Жалпы, Тәуелсіздіктің 30 жылын­да аудан орталығы мен ауыл-ауылдарда «Қолжетімді баспана – 2020», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары арқылы жүзден астам пәтер пайдалануға беріліп, бірнеше жеке үй бой көтерген. Мәселен, 2012-2015 жылдары Алтай қаласында 60 пәтерлі тұр­ғын үй салынған. Ал 2016 жылы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында 80 пәтерлі үй тұрғызылып, көп жыл баспана кезегінде тұрған жүздеген отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алып, қуанышқа кенелген. 2017 жылы Бородино ауылында екі пәтерлі бес тұрғын үйдің қа­быр­ғасы қаланыпты. 2018 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дарламасымен аудан орталы­ғындағы ықшамаудандардың бірінде 60 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй бой көтеріп, халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтары баспанамен қамтылған. 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарла­масы аясында Алтайда тұрғын үй алуға кезекте тұрған көпбалалы отбасылар үшін жалға алу құқы­ғымен 14 бірқабатты жеке тұрғын үй салынған. Қазір өңірлік «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша Алтай қаласында 20 жеке тұрғын үй, Серебрянск қ­а­ласында 5 бірқабатты және Жаңа Бұқтырма кентінде 5 коттедж са­­лынып жатыр. Алтай қаласын­дағы Рудный көшесінде 60 пәтер­лі тұрғын үйдің құрылысы қар­қынды жүргізілуде. Аудандағы тұрғын үй құры­лысы саласындағы жоспарланған ауқымды жобалардың бірі – Серебрянка қаласындағы жатақ­хананы жаңғыртып, тұрғын үйге айналдыру. Жоба бойынша жатақхананы 60 пәтерлі (20 екі және 40 бір бөлмелі) үй ретінде пайдалануға беру көзделген. Демек, 60 отбасы қоныстойын тойлайды. Тәуелсіздік күніне орай Алтай қаласында аудандық орталық кітапхананың балаларға арналған филиалы ашылды. Аудандық орталық кітапхананың директоры Галина Гончарованың айтуынша, бұл ықшамауданда кітапхана бұрын-соңды болмаған екен. «Ғимарат шағын. 30 алты шаршы метр. Жергілікті бюджеттен бө­лін­ген қаражатқа жөндеу жүр­гіз­дік, жиһаздар қойдық. «Қазцинк» ЖШС қажетті құрылғылар мен екі тілдегі кітаптарды сатып алуға көмектесті. Кітап қорымыз 500 томды құрайды. Кітапханада оқу залы жоқ. Бірақ балалардың теледидар көруіне, кітап оқуына арналған шағын алаңқай бар. Онда пуфиктер қойылған, үлкен кілем жайылған. Оны бізге «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы тарту етті. Ғимарат 15-20 адамға шақталған. Бізде бала­ларды декоративті қолданбалы өнерге баулитын бір кітапханашы-педагог жұмыс істейді», –дейді ол. Мереке қарсаңында Алтай ау­данының 27 тұрғынына құрмет көрсетіліп, «Қазақстан Республи­касының Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Халық алғысы» медальдары салтанатты түрде тапсырылды. «Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметов­тің тапсырмасымен ар­найы келіп, жерлестеріме марапат тапсырып тұрғаныма өте қуа­ныш­тымын. Көпшілігіңізді жақ­сы білемін. Ауданымыздың игілігі үшін қатарласа, қанаттаса жұмыс істедік. Қиын кездер де болды, бірақ оның бәрі артта қалды. Бүгінде Алтай ауданы қарқынды дамып келеді. Осы абырой биігінен түспегейсіздер», – деді салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев. 30 жылдан астам уақыт дәрі­хана басқарып келе жатқан, қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмай, жетімдерді жебеп, қамкөңіл қарияларды демеп жүре­тін Ольга Лебедова «Халық алғысы» медалін алды. Дәрігер Әділет Байбуринов, мәслихат хатшысы Лариса Гречушникова, марал шаруашылығы жетекшісі Лидия Попова, «Теплово­доцен­трали» мекемесінің бас инженері Игорь Михайленко мен аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова Парламент Сенаты төра­ғасының Құрмет грамотасы, министрліктердің Алғыс хаттары­мен марапатталды. Ауданаралық аурухананың учаскелік терапевті Екатерина Сасановаға пар­тияның «Құрмет» грамотасы, 15 жылға жуық травматология бөліміне жетекшілік етіп, Катон­қарағай мен Алтай ауданы тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан дәрігер Әділ Тоқсан­баев­қа облыс әкімі Д.Ахметовтің грамотасы тапсырылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мем­лекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Серебрянск қала­сында ашық сервистік әкімдік жұмысын бастады. Енді шағын шаһар тұрғындары аудан орталы­ғы­на барып, әуреге түспей, осы жерден құжаттарын рәсімдей алады.

А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы