Сең қозғалды! Цифрлық теңгені айналымға енгізу жөніндегі пилоттық жоба тесттік сынақ кезеңіне келіп жетті. Бұл туралы таяуда Баяндама (White Paper) жариялаған Ұлттық банк хабарлады. Сонымен бірге жаңа бастама туралы тұжырымдама да таныстырылды. Биыл басталған жоба қаржы нарығы қатысушыларының, сарапшылар қауымдастығы мен халықаралық серіктестердің атсалысуымен даярланған екен. Сонымен цифрлық валютаның болашағы қандай болмақ? Ол не үшін керек?
Уыстауға келмейді, жылыстатуға көнбейді
Баяндамашылардың айтуынша, Цифрлық теңге қаржы технологияларын кең таратуды тездетуге, қаржы қызметімен аймақтарды қамтуға, төлем индустриясындағы инновацияны ынталандыруға және қазақстандық қаржы секторының халықаралық дәрежедегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септік етпек. Сынақ мерзімінде жаңа қаржы құралы эмиссия мен таратудан бастап сауда жасау, атөлем жіберу секілді өмірлік циклдің барлығынан өткен. Сол кезеңде оның меншік құқын токендеу, офлайн режимде сауда жасау, анонимдік баптау, жеңіл интеграциялану сияқты, тағы да басқа пайдалары анықталған. Мәселен, ЦТ токен түрінде мобильді құрылғыда сақталады, оны толықтай қадағалау оңай. Интернет жоқ кезде де сауда жасауға болады. Транзакция детальдары есеп алмасуға қатысушылардың барлығынан да таса сақталады, токендерді шектеуге болады, қозғалысын қадағалау жеңіл. Жобаны жасауда Швеция, Сингапур, Канада, Еуроаймақ, АҚШ, Швейцария, ОАР және тағы басқа елдердің озық тәжірибелері басшылыққа алынған. Әйтсе де, оны сынақтан өткізу әлі де жалғаспақ. Құжатта цифрлық теңгенің экономикаға, қаржылай тұрақтылыққа, ақша-несие саясатына ықпал ету деңгейі бағаланып, реттеу талаптарын жетілдіре түсу моделі ұсынылған. Енді келесі кезең 2022 жылдың шілде айында қолданысқа қабылдауға сәйкес келетін нұсқасы дайын болмақ. Онда экономикалық және реттегіштік зерттеу, технологиялық параметрлерді бағалау, тұтынушылардың тәртібін сан және сапа жағынан сипаттау, сараптамалық талдау жұмыстарының нәтижесі айқындала түспек. Приоритетте ұлттық төлем қызметін тұтынушыларға тигізетін қорытынды әсерін анықтау тұр. Ұлттық цифрлық валютаны айналымға енгізу туралы шешім келер жылдың аяғында нақты қабылданатын болады.
Несие мен төлем операциялары қымбаттай ма?
Сонымен, жаңа бастаманы сынаушылар да табылып отыр. Өзінің Kursiv.kz сайтындағы авторлық бағанында CEO Freedom Holding Corp холдингінің негізін салушы Тимур Турлов мұндай төлем жүйесін ұйымдастырудағы бірнеше шешуші аспектіге назар аудартып, оның макроэкономикалық қаржы тұрақтылығына қауіп әкелуі мүмкін екенін айтқан.
«Бұл қазіргі екі деңгейлі банк жүйесінің орнына бір деңгейлі төлем жүйесін алып келуі ықтимал. Яғни, ортадағы банктер кетіп, клиенттер тікелей Ұлттық банктен шот ашуға ұмтылатын болады. Мысалы, қазіргі дәстүрлі жүйеде сіздің карточкаңызда немесе есепшотыңызда жатқан ақшаны сақтау және транзакциялау – оны берген банктің міндеттемесі болса, ол банк банкротқа ұшыраған жағдайда сіз ол ақшаңызды керек кезінде немесе толықтай пайдалана алмай қалуыңыз мүмкін. Ал әмияныңыздағы қолма-қол ақша – Ұлттық банктің міндеттемесі. Оған ондай қауіп жоқ. Ертең цифрлық теңге шыққан кезде пайда іздеген клиенттер ортадағы банктік алымдардан қашып, әрі сенімді сақтау орнын іздеп, біржолата ҰБ-ға көшіп кетуі мүмкін. Оның үстіне, регулятордың оларға арзан әрі тиімді қызмет көрсетерлік мол мүмкіндігі бар. Цифрлық теңге – қолма-қол ақшаның алыстан есептесе алмау, шын ақша екенін тексеру мүмкіндігінің жоқтығы, инкассацияға шығындалу, қоймада сақтау, банкноттар басып шығару секілді көптеген кемшіліктен ада», – дейді Тимур Турлов.
Маманның айтуынша, екінші деңгейлі банк клиенттерінің мұндай бос айналымда жүрген есеп айырысу ақшасының көлемі шамамен 3,97 трлн теңге екен. Ұлттық банктен шот ашуға мүмкіндік берілер болса, бірінші кезекте осындай сома екі деңгейлі нарықты тастап шықпақ. Оған қоса, ұзақмерзімді салымда жатқан ақшаның бір бөлігі де регулятордың есепшотына жол тартуы ықтимал. Бүгіннің өзінде ЕДБ-лар ҰБ-да сақтап отырған жалпы резерві 6 трлн теңге десек, екінші деңгейлі банктердің резерві азайып қалмақ. Коммерциялық банктердің шығыны мұнымен шектелмейді. Жалпы алғанда, цифрлық теңгенің енгізілуі коммерциялық банктерді ликвидті қаражатының көп бөлігінен және кірісінің 40%-ынан қағады. Оған елімізде банк секторында табыс табу біркелкі емес екенін қосыңыз.
«Кірістен қағылған банктер оның орнын толтыруды бірінші кезекте транзакцияларға салатын комиссияларын қымбаттатудан бастауы мүмкін. Ал оның басым бөлігі қарапайым азаматтар жасайтын ұсақ аударымдардан тұратынын ескерсек, салмақ халықтың қалтасына түседі. Қазақстанда бір айда жалпы сомасы 9,2 трлн теңге шамасында болатын 651 млн транзакция жасалады. Бұл жылына 110 трлн теңге деген сөз. Аударымдарды өңдеу комиссиясы транзакция сомасының орташа 0,35%-ын құрайды десек, бұл шамамен 44 теңге. Ал күніне екі аударым жасаған әрбір қазақстандық бір айда 2 800 теңге шығын тартпақ. Тұтынушылар бүгінде бұл қызметті ақысыз пайдаланып жүргенін ескерсек, бұл қалтаға бататын шығын болмақ», – дейді бапкер.
Сонымен, банктер тек транзакция комиссиясымен шектеліп қалмай, кез келген қызметіне комиссия қосуы ықтимал. Бұл клиенттердің қадағалау аз қолма-қол ақшаға ойысуына алып келіп, қара базардың дамуына ықпал етуі мүмкін. Ал мемлекет салық түсімдерін жоғалтпақ. Түптеп келгенде мұндай қадам күллі қаржы индустриясының моделін «инвестициялық банкинг» сипатына айналдырады. Яғни, салымдарын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігінен айырылған клиенттер оған белгіленетін төмен сыйақы мөлшерлермесіне көнуге мәжбүр болмақ. Бұл кезде несие мөлшерлемесі жоғарылай түспек. Сонымен, несие мен төлем операциялары қымбат, депозит арзан заман тумақ. Көптеген компания айналым ақша үшін инвестицияға қол жеткізе алмай банкрот боп жабылуы да мүмкін. Ұлттық банктің монополиялық пәрмені арта бермек. Бұл Кеңес кезіндегі орталықтандырылған жалғыз желілік қаржы жүйесін еске түсіреді.
ЦТ криптовалюта немесе стейблкойн емес
Сонымен, бұл айтылған пікірдің жауабы да көп күттірген жоқ. Былайша айтқанда, жаңашылдықтың қыр-сыры сараланған жақсы пікірталас болды. Тимур Турловқа «Цифрлық теңге туралы тұжырымдаманың» авторларының бірі Олжас Төлеуов жауап берді. Бізге берген сұхбатында ол, бірінші кезекте Орталық банктердің шығаратын цифрлық валюталар майнинг жолымен жасалмайтынына назар аудартты. Түпкі және жалғыз эмитент өзі болғандықтан Ұлттық банк цифрлық теңгені дербес «токен» түрінде шығарады. «Токен» дегеніміз – әріптер мен сандардан тұратын ұзын код. Сол код арқылы әрбір цифрлық теңгенің идентификациясы жасалады. Мысалы, қағаз ақшаның бетінде сериясы болады десек, сол нөмірді шартты түрде «токен» деп атауға болады.
«Біріншіден, цифрлық теңге дегеніміз криптовалюта немесе стейблкоин емес. Ол – қолма-қол және қолма-қол емес қаржы құралдарының қатарында қарастырылатын фиатты теңгенің, яғни құнын шығарушы мемлекет қамсыздандыратын ұлттық валютаның үшінші формасы. Екіншіден, оны эмиссиялау оған дейінгі екі түрі сияқты түпкі әрі жалғыз эмитент Ұлттық банктің тікелей міндеті. Сондықтан да ЦТ – қолданыстағы фиатты ақшалардың баламасы емес, заңды төлем құралдарын тек толықтырушы. Үшіншіден, цифрлық теңгені енгізу мен оның барысында жүзеге асырылатын эмиссия кезінде Ұлттық банк Қазақстанның төлем жүйесін монополиялап алады деген топшылау шындыққа жанаспайды. Өйткені регулятордың төлем сегментіндегі нарық қатысушыларымен бәсекелестікке түсетін ешқандай да ниеті жоқ. Цифрлық теңгенің басты мақсаты – ақшаның қосымша цифрлық формасын ұсыну арқылы нарыққа арналған қажетті инфрақұрылымды құру», – дейді Қазақстан Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Төлеуов.
Маманның айтуынша, егер бір клиент 100 мың цифрлық теңге қажет етіп, өз банкіне сұраныс жіберетін болса, ол банк Ұлттық банкке тапсырыс береді екен. Ұлттық банк сондай көлемдегі ақшаны екінші деңгейлі банктің резервіндегі ақшаға айырбастайды. Яғни, қолма-қол ақшаны алып, орнына токендерді эмиссия жасайды. Ондай айырбас кезінде ақша көлемі өзгермейді, тек ақшаның құрылымы ғана өзгереді.
«Соңғы баяндамада біз Цифрлық теңгені енгізудің экономикаға қатерін бүге-шігесіне дейін бөлек тарауда қарастырдық. Сондықтан да егер клиенттер есепшотындағы бүкіл ақшасын аламын десе және ол әрекеті қаржы жүйесіне қауіп әкелетін болса, онда Ұлттық банк оны ерекше жағдай («цифрлық қашу») деп бағалап, тәуекелді азайту мақсатында директивті (әмірлі) түрде оның саны мен қозғалысын шектей алады. Қолма-қол ақшаға келер болсақ, Цифрлық теңге енгізілген шақта ол ең бірінші кезекте қолма-қол ақшаға ғана айырбасталатын болады. Мұндай М0-дік ақша массасы елімізде 2,9 трлн теңге. Сондай-ақ Тимур Турловтың келтіріп отырған дәйектері бұрыннан да анық жайт. Сондықтан да біз Цифрлық теңгені енгізбес бұрын оның оң және теріс әсерлерін әбден зерттеп аламыз. Осы мақсатта келер жылға бірқатар қосымша экономикалық зерттеу тағайындалған», – дейді Олжас Аязбиұлы.
Төраға кеңесшісінің айтуынша, сырттағы қолданушылар үшін оны қолдан жасау да, жойып жіберу де мүмкін емес. Өйткені оны жасайтын да, жоятын да – Ұлттық банк. Ал кибершабуылға келетін болсақ, бұл жағына үлкен маңыз берілген. Цифрлық теңге технологиялық жағынан да, заңнама жағынан да кешенді түрде қорғалатын болады. Ендеше бүгінде елді елеңдетіп отырған бұл бастама өмірімізге қандай өзгерістер алып келетінін алдағы жылдың аяғында-ақ сезіне бастайтын боламыз.