Цифрлық теңге: игілік пе, зұлымдық па?
Цифрлық теңге: игілік пе, зұлымдық па?
389
оқылды

Қазақстан қолма-қол және қолма-қолсыз түрлерінен кейінгі теңгенің үшінші нысанын енгізуге кірісті. Ол – цифрлық теңге (ЦТ) деп аталады. Кейбір сарапшылар мұны крипто­валютамен шатастырып жүр. Себебі арасында ұқсастық бар: мемлекет ЦТ-ға көшкеннен кейін қазақстандық жеке және заңды тұлғалар жеке электронды әмиянын ашады, ал цифрлық теңге сандар жиынтығы түрінде сол е-әмияндарға жазылады.

Мұның биткойннен несі артық?

Бірақ Ұлттық банк ЦТ-ның биткойннен көп ерекшеленетініне назар аудартты. Ең алдымен крип­товалютаны бірде-бір мем­лекет эмиссияламайды, демек оған еш­кім жауапты емес. Ал цифрлық теңгені Ұлттық банктің өзі шыға­рады және оның бағамына өзі жауап береді. «Әлемде криптовалюталар және стейблкоиндер сияқты құ­былыстардың кең таралуына бай­ланысты цифрлық теңге де цифр­лы активтердің осы санатына қате жатқызылуы мүмкін. Ішінара ұқ­сас технологиялық тәсілдерге негіз­делгеніне қарамастан, шы­нын­да криптовалюталар мен стейблкоин­дер тіпті де ақша емес. Өйткені олар ақшаның барлық функциясын тұрақты орында­майды. Бұл ак­тивтер тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жаппай және сөзсіз ақы төлеу үшін пайда­ла­ныла ал­майды. Сондай-ақ олар­дың есеп айырысу бірліктерінде көрсетілген құны тұрақсыз, салда­рынан олар толыққанды құн өлшемі және айналыс құралы болуға жарамайды» деп түсіндірді ҰБ. Меморган төлем айналымының барлық қатысушысының мүддесі үшін ЦТ-ның орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге уәде етті: «Ұлттық валютаның бұл жаңа түрі экономиканың барлық субъекті­сіне төлемдер мен есеп айырысу­ларды жүзеге асырған кезде қол­жетімді болады». Сонымен, цифрлық теңге – ұлттық валютаның жаңа түрі саналады және ол қайталанбайтын, бірегей цифрлар жиынтығы фор­матында шығарылады. Яғни, элек­тронды әмияндарға ақша сомасына қарай цифрлар жиынтығы саулап құйылады. Тиісінше, азаматтар мен компаниялар есеп айырысқанда цифрлардың ретті тізбегі е-әмиян­дар арасында көшіп жүреді. Ұлттық банк тек электронды әмиянмен шектелмей, цифрлық платфор­маның өзге де технологиялық ше­шімдерін қарастырып жатқан көрінеді. Әр цифрлық жиынтық нақты теңгемен бекітіледі: 1 токен 1 тең­геге тең. Сонысымен де ЦТ «элек­тронды ақшадан» ерекшеленеді. ҰБ мамандары осылар арасында айтарлықтай айырмашылық ба­рына назар аудартты. Атап айт­қанда, цифрлық теңге – тек ҰБ ғана шығара алатын ақшаның қо­сымша нысаны. Ол бүкіл еліміз бойынша және халықаралық дең­гейде бірдей қолданыста болады. Ал электронды ақша – қандай да бір төлем жүйесінің инфрақұры­лымы шеңберінде ғана қолда­ны­лады және оны соған кіретін же­кеменшік ұйымдар шығара береді. Яғни, электронды ақша бір төлем жүйесі аясында ғана өз функция­ларын орындайды, оған сол жүйе­нің иесі ғана жауапты. Мысалы, танымал банктің «Каспи бонусы», Технодомның «технобонусы» және басқасы электронды ақша болып есептеледі. Бұл бонустардың қанша күн қолданылатынын соны шы­ғару­шы компания шешеді және ол «ақша» кез келген күні «күйіп» кетуі мүмкін. Ұлттық банк цифр­лық теңгенің жарамдылық мерзімі болмайтынын және тектен-текке жойылып кетпейтінін жеткізді. ЦТ-ның тағы бір артықшылығы бар: қолма-қолсыз ақша да, элек­тронды ақша да интернеттің бо­луын талап етеді. Онсыз картамен не смартфонмен есеп айырыса алмайсыз. Ал технологиялық тұ­ғыр­нама ғаламторға қосылмай-ақ цифрлық теңгемен алмасуға мүм­кіндік бермек. Сондай-ақ ЦТ онлайн-транзакциялар үшін де пайдаланылатын болады.

Цифрлық валюта ортақ валютаға жол ашпақ

2021 жылғы дерек бойынша, осы мәселеде алға шыққан әлемдегі 65 тәуелсіз мемлекеттің 60%-ы цифр­лық валюта технологияларын сынақтан өткізіп жатқан көрінеді. Соның ішінде 14%-ы төл пилоттық жобаларын жүзеге асыруда. Қа­зақстан да осы елдер қатарында: 2020 жылғы қарашада Ұлттық банк ЦТ енгізу жобасын зерттеуге кіріскенін жариялады. Ал күні кеше, 2021 жылғы мамырдың орта шенінде тиісті жобаның тұсауын кесті. Алда оны ендіру кезеңі қа­лады. Сарапшылар осы тұста әр елдің төл цифрлық валютасы жобасына жеке атау бергеніне назар аудар­тады. ҚХР-дың Халық банкі оны «DC/EP» деп атады. Швецияның орталық банкі – e-Krona, Уругвай­дың орталық банкі – e-Peso, Украинаның ұлттық банкі – e-Hryvnia, Бағам аралдарының орталық банкі – Sand Dollar, Шығыс Кариб орталық банкі – DXCD, Сингапур валюталық бас­қармасы – Ubin, ал Канада банкі – Jasper деген ат берді. Қазақстан әзірше Ресей одақ­тасы (цифровой рубль) секілді «цифрлық теңге» деген шартты атауды пайдалануда. Дегенмен бірқатар сарапшы ЦТ өмірге жолдама алар түста оған жаңа ат таңылуы, мәселен «алтын» деген атты иеленуі мүмкін деп болжауда. Ерболат Досаевтың ұжымы цифрлық теңге қолданыстағы қолма-қол және қолма-қолсыз ақ­шаны ауыстырмайтынын, тек ақшаның қосымша түрі ретінде солармен қатар жүретінін мәлім­деді. Осынысымен де ол шығыс көршінің цифрлық валютасынан ерекшеленгелі тұр. Әйтпесе, Қытай цифрлық валюта алдағы уақытта юаньның өзге түрлерін толық алмастыратынын жариялады. Өйткені сейфтер мен шабадан толы шытырлаған ақшаның қоз­ғалысын бақылау өте қиын. Тех­нология дамыған сайын электрон­ды ақшаның ізін жасыру схемалары көбейген. Ал цифрлық валютаның элек­тронды әмияндар арасындағы қозғалысын қадағалау оңайырақ. Мемлекет эмиссиялайтындықтан, мұндай валютаны бұғаттап тастау әлдеқайда жеңіл көрінеді. Қазір цифрлық валюта не­гізінен пилоттық жоба деңгейінде қалды. Тек екеуі ғана бәрінен озып кетті: Бағам аралдары мен Кам­боджа пилоттау сатысын аяқтап, цифрлық валюталарын ұлттық деңгейде пайдалануға көшті. Өйт­кені бұл елдердің аралдарда, бір-бірінен алыс қонған елді мекен­дерінде банк жүйесі жеткілікті дамымаған, қаржылық ұйымдар желісі таралмаған. Цифрлық валю­та осы мәселені шешуге серпін беріпті. Сонымен қатар қар­жылық қызметтердің шығындарын азай­тып, транзак­циялар тиімділігін арттырған. Цифрлық валюта (ЦВ) ортақ валютаға көшу үрдісіне түрткі болатынға ұқсайды. Бірқатар ел бірлескен ЦВ жобасын жүзеге асыру­да. Олардың арасында Гонконг–Таиланд, Сингапур–Канада, Еуропа–Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері–Сауд Арабиясы бар. Айталық, Еуро­паның орталық банкі мен Жапония банкі 2017 жылдан бері DLT тех­нологиясына негізделген Stella атты ортақ ЦВ әзірлеуде. Бұған қоса, Таиланд Банкі мен Гонконг валюта басқармасы Inthanon/LionRock цифрлық валюта пилоттық жобасын аяқтап қалды.

Қылмыспен күреске үлес қосады

Терроризмді, сепаратизмді және экстремизмді «зұлымдықтың үштағаны» деп жариялап, кең ау­қымды күреске кіріскен, соның аясында азаматтарының жүріс-тұрысын және қаржы шығысын қатаң бақылауға көшкен Қытай цифрлық юаньды алдағы 2022 жылы, Бейжіңдегі Қысқы олим­пиада ойындары қарсаңында тез­детіп толық айналымға жіберуді жоспарлауда. Нәтижесінде, ҚХР Халық банкі ЦВ енгізу саласындағы әлемдік лидерге айналмақ. Себебі АҚШ цифрлық долларды енгізу жобасын әзірше бастаған жоқ. Бағам мен Камбоджа болса, шың елімен терезе теңестіре алмасы анық. Қытайдың токенделген цифр­лық валютасы Digital Currency Electronic Payment (DC/EP) плат­фор­масына негізделген. Плат­фор­ма пайдаланушылардан банкте есепшот ашуды талап етпейді. Бірақ азамат не компания KYC (тұлғаны аутентификациялау) рәсімінен міндетті түрде өтуі шарт. Тұғырнама сондай-ақ қажет болған жағдайда транзакцияларды індете қадағалаудың техникалық мүмкін­дігін береді. Бұдан бөлек, Alibaba, Tencent, UnionPay секілді алпауыт компаниялардың да алыс-берістері осы жүйеге кө­шіріледі. ҚХР цифрлық валютаға ар­налған инфрақұрылымы дайын екенін, серверлік инфрақұрылым жолға қойылғанын мәлімдеді. Бүгінде жаңа параметрлері мен функцияларын тестілеу, әлеуетін толыққанды қолдану ісі жал­ғасуда. Цифрлық юань 2020 жылғы сәуір­ден бері Қытайдың ірі 4 мегаполи­сінде тестілеуден өткен. Енді бір­неше провинция­сында сыналып жатыр. Бұл ретте цифрлық валюта лотерея кө­ме­гімен таратылады. Көрші Ресей де «цифрлық рубльді» 2022 жылға қарай бірте-бірте енгізуді жоспарлап отыр. Егер Қазақстан соған дейін ЦТ-ны енгізе алса, одақтасының алдын орап кетеді. Біздің Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізудің мақсаттары сәл өзгеше екенін жеткізді: ЦТ ұлттық төлем жүйесін ары қарай дамытуға, қазір жүзеге асырылған бірқатар бірегей технологиялық шешімдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік бермек. ТМД Электронды ақша және ақша аударымдары нарығының қатысушылары қауымдастығының басшысы Виктор Достов бұл тақырып қаржыгерлер үшін өте қызықты екенін айтады. «Цифрлық валютаның бит­коиннен айырмашылығы сол, ЦТ-ның бағамы әр токен үшін 1 теңгеге қатаң бекітіледі. Оның айналымын да толығымен Ұлттық банк ба­қылайды. Қолма-қол ақша да, қолма-қолсыз ақша да бар, сонда бұл неге керек деген сұрақ туады. Әрине, Қазақстанда қолма-қолсыз төлемдер үлесі еселеп артып келеді және 2020 жыл қорытындысында оның үлесі 67,4%-ға жеткен. Алай­да оны қолдану өңірлер арасында біркелкі болмай тұр. Мысалы, негізгі үлес Алматы мен Нұр-Сұлтанға тиесілі. Яғни, қай жерде интернет пен телекоммуникация желісі жақсы дамыса, қай өңірде тұрғындардың қаржылық, ком­пьютерлік сауаттылығы жоғары болса, соларда қолма-қолсыз төлем өркен жаюда. Ал цифрлық теңге өңірлер арасындағы осы ала-құлалықты жоюға мүмкіндік береді», – деді сарапшы. Себебі әлгінде айтылғандай, ЦТ көмегімен интернетке қо­сылмай-ақ төлеуге болады. Тағы бір қомақты айыр­машылығы бар: Қаржы нарығын реттеу агенттігі комбанктердегі ақ­ша жылыстату секілді кез келген манипуляцияларға тосқауыл қоя алады: қаржылық реттеуші қа­зіргідей банктік нормативтердің орындалуын бақылау орнына бүкіл ақша массасын ғана бақылайтын болады. Сонда бүкіл транзакция оған алақанға салғандай көрінеді. Яғни, ЦТ заңсыз ақшаны жылыс­тату мен заңдастыруға қарсы кү­ресті пәрменді етеді, коррупцияға жойқын соққы береді. Құзырлы органдар әрбір «цифрлар жиын­тығының» кімнің қалтасынан шы­ғып, кімге бағыт алғанын оңай біледі. Қоғамда ақша айналымы қалай жүріп жатқанына қатысты билікте толық көрініс пайда бо­лады.

Айхан ШӘРІП