Талғарда аралас жекпе-жек бапкерін ұрлап кеткендердің бірі ұсталды, – деп хабарлады Алматы облысы Полиция департаменті.
Тәртіп сақшылары Нұр-Сұлтан қаласында тергеуден жасырынған үшінші күдіктіні қолға түсірді. Жақында ұсталған екі күдікті қамауда отыр.
Аралас жекпе-жектің бірнеше мәрте жеңімпазы және ережесіз жекпе-жектің жаттықтырушысы, ММА-ның 37 жастағы файтері Арман Әлімовқа 17 маусымда Талғарда адамдардың көз алдында белгісіз біреулер шабуыл жасады. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады.
"Бейнежазбада төрт жігіт соққыға жығылған ер адамды көлікке отырғызып, алып кетеді. Жәбірленуші түрлі дене жарақатымен Талғар аудандық ауруханасына жатқызылды. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі (Бұзақылық) бойынша қозғалды. Кейін іс Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігімен (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша кісі ұрлау) толықтырылды. Екі күдікті ұсталды, қалған екеуіне республикалық іздеу жарияланды", –деді Алматы облыстық ПД.
Жақында Нұр-Сұлтандағы жедел-іздестіру шаралары барысында үшінші күдікті ұсталды. Ол Талғардағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Үшеуі де қамауда. Екі күдіктіге қатысты тергеу аяқталды және айыптау актісін бекіту үшін прокурорға жіберілді. Жақында ұсталған күдіктіге қатысты қылмыстық іс жеке өндіріс бойынша тіркелді", – деп хабарлады полициядан.
Ведомство төртінші күдіктіге қатысты мәліметті жариялады. Ол 1990 жылы туған Нұрмұхамет Сұлтанбеков болып шықты. Күдікті осыған дейін Талғарда тұрған. Ол мемлекеттік іздеуде. Ол туралы білетіндер болса, 102 нөміріне хабарласып айтуға болады.