Қонаев ататегінің ақиқаты
Қонаев ататегінің ақиқаты
© ortalyq.kz
36,536
оқылды
«Менің атам, яғни әкемнің әкесі Жұмабай Қонайұлы Хадиша атты татар қызына үйленген екен. Бұл оқиғаның біздің әулеттің бет-әлпетіне елеулі түрде әсер еткенін аңғаруға болады. Бірақ біздің қазақ ұлтты да, руды да еркек кіндікке, атаға қарап жіктейді емес пе? Айтатындар айта берсін. Осы жағынан алып қарағанда өз басым 100 пайыз қазақпын». Мұхтар Шахановтың «Қонаевпен сырласу» атты кітабынан Бәйдібек бидің ұрпағы, Еңке батырдың жиені Соңғы кездері кейбір баспасөзде, сайттарда Димекеңнің ататегін теріс қаузап, жалған дүрлікпе (сенсация) туғызып, Қонаев абырой-атағына, әлемдік танымалдығына, ерекше тұлғалық қасиетіне нұқсан келтірушілер көріне бастады. Димекең көзінің тірісінде өзінің таза қазақ екенін бұлтартпай дәлелдеп, мұны өзінен сұхбат алған Мұхтар Шахановқа тәптіштеп түсіндірген. Міне, сондықтан мен мақаланың кіріспесіне эпиграф етіп, Мұхаңа айтқан Димекеңнің өз сөзін қаз-қалпында текке беріп отырған жоқпын. Руының, ұлтының кім екенің әр адам өзі ғана біледі. Міне, сондықтан Димекеңнің «Мен 100 пайыз қазақпын» деп айтқанын білмейтін немесе әдейі жоққа шығарушылар қатты қателеседі. Атам қазақтың «өзі болған жігіттің түп-атасын сұрама, қызынып қаузама» деген даналығын ұқпайтындар аузына келгенін айта берсін. Одан Құдай артық жаратқан Қонаевтың ұлылығы төмендемейді, қайта асқақтап, зорая береді. Димекең ататегін індете зерттеп, жазып келе жатқаныма 20 жылға жуықтады. Ол – қазақ және қазақтың бағына туған кемеңгер. Әз-Тәуке ханнан кейін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» Димекең тұсында болды. Бұған ешкім дауласа қоймас. Осы ұлы тұлғаның қазір дүрбелең туғызып жатқан ататегі туралы бәрін басынан бастауға тура келіп отыр. Өткен ғасырдың 80-жылдары Алматының шығыс жағындағы «Татарка» деп аталатын қаланың бір түкпірінде «квартирант» болып тұрдым. Дәлірек айтқанда, «Гражданская» №7 үйден пәтер жалдадым. Бірде дүкен маңында бір татар әжеге кездейсоқ кездесіп қалдым. Қазақша судай ағып тұр. Әңгімеден әңгіме шығып, ол кезде Қазақстанның бірінші басшысы Д.Қонаевтың ата-бабалары жөнінде әлгі әже өткен-кеткенді жыр қылып айтты. Арқа жақтан ауып, Балқаш өңіріне келіп, одан Алатау етегіндегі осы маңда тұрақтаған Қонай шіріген бай екен. Алматы базарына байдың құжынаған малы келгенде көше шаңнан көрінбей кетеді екен. Қонайдың жалғыз баласы Жұмабай осындағы татар мешітінде дін сауатын ашып, соңында бір татар қызына үйленеді. Неге екені белгісіз әже айтқан осы әңгіме есімде ерекше сақталып қалды. Кейін Қонайұлы Жұмабай қажының татар әйелінің аты Хадиша екенін білдім. Біреулер тіпті, бірі қазақ, бірі татар ерлі-зайыптылардың тұрған үйлері деп ескі мекенжайды да көрсетті. Жаңылмасам, «Татаркадағы» Қазан мен Уфа қысқа көшелерінің аралығындағы шатырлы көк үй Жұмабай қажынікі деп меңзегендер болды. Мұны әбден сұрастырып білуге, дәлелдеуге менде ол кезде ниет болған жоқ. Татарканың күншығысындағы  көне мұсылман қорымында Димекеңнің атасы Жұмабай қажы Қонайұлының және әжесі Хадишаның нағашысы Бөйіт сопының жермен-жексен болып кеткен мүрделері осы зиратта жатыр. Бұл маңға 60-жылдары құрылыс түсіп, зиратты бұзбақ болғанда оқыс жағдай болып, әрекет тоқтайды. Димекеңнің тиісті адамдарға айтқан нұсқауы бойынша ағаш егіліп, кейін бұл маң саябаққа айналады. Жұмабай мен Хадишаның оннан аса ұл-қызы болған. Қазақ отбасыларында қашанда көп бала өмірге келіп, ержеткенін еске алсақ, Қонай әулетінде қазақ иісі ежелден аңқиды. Әр нәсілді екі ерлі-зайыптының (қазақ, татар) нысаналы болып туған ұлдары Меңліахмет еді. Зайыбы Жұмабай қажы, өзі дін жолын ұстаған кейуана Хадиша әже атақты көпес Ысқақбайға туыстық жақындығы бар текті жердің қызы екенін «Қонай әулетінің» шежіре кітабы дәлелдейді. «Киіз кітапшада» ұлты татар деп жазылмаған Хадиша Сағалбайқызы қазақтанған ноғай екенің аңғартады.   Әженің қазақ салтын ұстағаны соншалық,  жаздыгүні ауласына киіз үй тігіп, қонақ күтетіні татарларды тамсандырған. Татаркада шамамен 1880 жылдары салынған, кейін Кеңес үкіметі кезінде бір мекемеге айналып, соңында қайтадан  ғибадатхана болған көне мұсылман мешітінде («Фатима») Жұмабай Қонайұлы оқып, молда атағын алады. Ол кілең қазақтар тұратын Күрті, Балқаш өңірінде жаздыгүні бала оқытып, діни ілім таратады. Соңында Меккеге екі рет қажылыққа барады. Ұлы Меңліахмет басында нағашыларының қарамағында саудаға араласады. Қазақта «Жиен ел болмас» деген мәтел бар емес пе? Ноғай ағайындар «Сенің түбің қозақ (қазақ) деп оған «Қозақ» деген лақап ат беріп, Мәкеңнің (Меңліахмет) тегін есіне салып отырған. Мәкеңнің «Шежіре» кітабында қазақша жыл қайырып, естелік айтуы, ұл-қыздарының ай, күнін қазақша ай аттарымен жазуы ол кісінің нәсіл-тегі  қазақ екенін айрықша айғақтайды. Ақын шалыс Мекең қазақ салты бойынша ататек толғауын жазған. Колжазба сақтаған. Үйсін-Бәйдібектен бастап, Ысты-Ойықтан таратып, Азынабай-Қонай әулетіне дейін тізіп, соңын өзімен жалғастырып, өзінен кейінгі балаларының шөберелерін санамалап, тегін Ұлы жүз деп түйіндейді. Бәрін тізу мүмкін емес. Мекеңнің «Киіз кітабы» бойынша Димекеңнің жеті ата шежіресі: Дінмұхамед – Меңліахмет – Жұмабай – Қонай – Азынабай – Нұрманбет – Жолым болып жалғасып, Ысты – Бәйдібекке барып  тіреледі. Шынайы шежіреде қате жоқ. Қазақтың Қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы Димекеңнің әкесі Меңліахмет қариямен кездесіп, ұзақ әңгіме-сұхбат құрып, қаны да, жаны да қазақтың тектілігіне, сұңғылалығына қайран қалған ғой. Қазақтың шежіре тек ілімін, түп-тұқиян тарихын Әлкей Марғұлан мен Баукеңнен артық білген  адам жоқ. «Қонаевтың нәсілі басқа» деген сөз бұл екі ғұламаның бірінің аузынан шыққан емес. Димекеңнің түбі шикі болса, кезінде екі данагөй бір ұрымтал тұста дәлелдеп айтар еді ғой. Қонаевтың тегі жайында жел сөзге желіккендер осыны білсе екен... Ұлы жүз – Үйсін «Қонай-Азынабай» жұрты әулет тарихын, тегін, жер-су қонысын Мұхтар Әуезов те жетік білген. Атақты «Абай жолы» романында көп кейіпкерлердің бірі рулы ел тірегі Қонайдың аты бірнеше жерде кездеседі. Жанама кейіпкердің бейнесі былай суреттеледі: «ұзын сары келген, бойында артық қырым ет жоқ дейтіндей сүйекті, сіңірлі Қонай кең жауырынды, қараңғы кештерде алпамсадай бойымен биік аттың үстінде ол түйе мінген кісідей көрінеді». Жазушы Қонайдың кең дала, ұлы сахара қазағы, елде белгілі адам екенін кітабында көрсетеді. Шығармада Қонайдың ұры-қары, барымташыларға қарсы жасақ жинаған ержүрек ретінде бейнесі айшықталады. Қонай жазушының кітабына текке ілінбеген, текті кісі. Көшіп-қонып жүрген сахараның малсақ қазағы. 1984 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген Шона Смаханұлының «Үміт жұлдызы» атты кітабында Қохан ханына қарсы қол бастаған Қонай – «Жанай» деген атпен шығармаға арқау болған. Шокең кітабында Қонайдың әкесі Азынабай о бастағы атажұрты Қаратау етегінен көшіп, Жетісудағы Желтораңғы жеріне келеді, одан Сарыарқадағы Құнанбай еліне барып, қайтадан Балқаш өңіріне тұрақтап, соңында Алатау атырабынан бір-ақ шығады. Қазақтардың Құдай берген өзінің кең даласында шыр айнала көшіп-қонып жүргені шындық. «Азынабай – Қонай» көші ежелгі тұрмысты дәлелдейді. Димекеңнің ұлы атасы Қонай оның белбаласы Жұмабай, зайыбы Хадиша және олардың ұрпағы Меңліахмет туралы жоғарыда бәрін дәлелдеп айттық. «Алып анадан туады» деген. Енді шешесі Зәуре Байырқызының зәузат, тегі жөнінде әңгімелеу артық болмас. Зәуре ана ежелгі ел, қабырғалы Қаңлының қызы. Оңтүстіктен ертеректе көшіп келген  «қара қаңлы» деген тайпадан тарайды. Ұрпақтары Қазығұрт өңірінде ескерткіш қойған атақты Еңке батырдың – Зәуре зәузаты. Әулет шежіресі былай жалғасады: Зәуре – Байырқызы – Шынболат – Өмірзақ – Баубек – Таза-Еңке болып, жіктеліп кете береді. Өзі Үйсін-Бәйдібек бидің ұрпағы, нағашылары қаңлы Еңке батырдың зәузаты Қонаев осы жерде өзі айтқандай «100 пайыз» қазақ екенін көзге ұрып көрсетіп тұрған жоқ па? Димекеңнің нағашылары жөнінде «Хан болған қаңлы» деп әзілдейтіні бар. Тегінің татар болып жазылуының тарихы Димекеңнің «татар» болып жазылуының тарихы генерал қазақ  Сабыр Рахимовтың «өзбек» болып туу туралы куәлік алуына әбден ұқсайды. Рахаңның шешесі өзбек қызы болды. Ол Ташкентте  амалсыз  осы ұлттың атын алды. Ал Димекеңнің әжесі татар еді. «Татаркада» ол да осылай нағашыларының нәсіліне жазылып, еріксіз «татар» атанды. Енді осы оқиғаның сырына үңілейік. Аты мұсылман әлеміне әйгілі, ғұлама Қырым татары Ғ.Гаспринский ашқан медреселердің бірі Алматыда да болған. Бала Димашты әкесі Меңліахмет алғаш осы дін мектебіне әкеледі. Басында анкета толтырғанда ұлты «қазақ» деп жазады. Баланы ұстаздар «татар емес» деп қабылдағысы келмейді. Қайткен күнде баласын оқытуды ойлаған Мекең «әжесі татар және ол алпауыт Ысқақбайдың туысы, татар деп жазсаңдар да болады. Әйтеуір балам оқыса екен» деп жалынады. Анкетада ұлты татар болып толтырылады. Бұл – бір. Екінші, Димекеңнің туған атасы Жұмабай қайтыс болып, әулеттегі барлық билік Хадиша әжесінің құзырына көшеді. Ол немерелерінің бәрін «татар» деп жазуды қаласа керек. Димекеңнің «әжеміз татар болыпты» деп айтуына қарағанда, басқа ұлт өкілі болып куәлік алғанын да меңзейді. Димекеңнің әпкесі Үйсін-Албан Айтжан Түркебаевқа тұрмысқа шыққан Әмина апа: «Біз тегіміз қазақ, Үйсінбіз, әжеміз татар болғандықтан, білмейтіндер бізді ноғаймен шатастырады» деген сөзді ол кісі де айтады екен. Ататегіне байланысты Димекеңнің өмірінде тағдыры тәлкекке түскен кездері болғаны құпия емес. Міне, сондықтан ол басында оқуға келген медреседен кетеді. Себебі белгілі. Мәскеуде оқып жүргенде оны байдың баласы, қазақ емес деп оқудан шығарып жібереді. Көре алмайтындар жалған арыз жазады. Ол кезде Мәскеуде үлкен қызметте (30-жылдары) жүрген Тұрар Рысқұлов ағарту министрі В.Луначарскийге телефон шалып, оқудан шыққан студент Д.Қонаевты алтын және түсті металдар институтына қайта алдырады. Міне, сондықтан Димекең оның жақсылығын өле-өлгенше ұмытпады. Алматыдағы әйеліне барлық жағдай жасады. Тіпті, Мәскеуде тұратын қызына империя астанасынан пәтер алып берді. Д.Қонаевтың қазақ екенін дәлелдеп, Мәскеуге барған, туу туралы куәліктің жаңа көшірмесін апарған Атымтай Қисанов болатын. Димекеңнің естелігін аударған  Серік Әбдірайымов «Менде Димекеңнің туу туралы куәлігі бар. Бір реті келгенде көрсетермін» деп жүргенде дүние салды. Жазушы мұрағатында бұл құжаттың бар екеніне күмәнім жоқ. Өкініштісі, өзім көргенім жоқ. 30-жылдары алынған жаңа куәлік болар. Димекеңнің Балқашта қызмет етіп жүргенде партиялық билетінде  ұлты «татар» деп жазылғаны жөнінде  бұрыннан айтылып жүр. Мен өзім о бастағы  түпнұсқасын көрген емеспін. Біреулердің қолдан жасап, ойдан шығарғандарының көшірмесі ме деп ойлаймын. Дегенмен  партбилет құжатында «татар» деп жазылуының сыры жұмбақ, бір құпиясы бар екенін сеземін. Димекең өте адал және түбін ойлайтын сұңғыла кісі ғой. О баста еріксіз «татар» болып жазылғаны күндердің күнінде алдынан бір шығатынын білген. Сондықтан партияға құдайдай сенген және оған адал болуды ант еткен Димекең «жалған» жазылған түпкі құжат негізінде анкета толтыруды жөн көрген. Егер «қазақ» деп жазса,  біреулердің «ол татар, бұрынғы куәлігінде солай жазылған» деп арыз жазатындарын алдын ала сезген. Қазақ тектік іліміне сүйенсек, ол қаны қазақ будан асыл – бір жаңа нәсіл. Теңдесі жоқ дала алыбы. Тегінің асыл, түр-тұлғасының өзгеше дара екенін білетін ол қанына тартып, «мен 100 пайыз қазақпын» деп әлемге жар салып, соңында өмірден озды. Ұрпақ білсін, «жаным да, тәнім де қазақ» деп атақты ақынға мұны аманат етті. Олай болса Қонаев тегін қорлап, саудаға салушыларды, нәсіліне күдіктенген рушыларды Алла Тағаланың өзі жөнге салсын деп айтудан басқа лаж жоқ. Құдай қазақ үшін айрықша жаратқан Димекеңнің аралас қанды, асыл тегін зерттеуге ғалым, тарихшы, генетиктердің білімі мен өресі жете бермейді. Осы жерде оның арғы түп нағашыларының тегі күшті, рухы мықты, батыр, ерекше алып адамдар болғанын айтуымыз тиіс. Бабасы Қонай атақты Құнанбай қажы елінде, тобықты ішінде өседі. Тобықты Мамай батырдың жақын қарындастарының біріне үйленген. Көркем шығармадағы аты – Гүләйім. Қонаев мұражайында өткен бір кездесуде  Мамай ұрпақтары мұны еске алып, Димекеңнің ататегіне байланысты біз білмейтін ерекшеліктерді, кие-қасиетті, батырлық, шешендік, жомарттық және көрегендік, бекзаттық белгілерді әңгімеге арқау еткен болатын. Димекең өзінің өмірбаяндық естелігінде мұны айтады. Қонай бір себептерге байланысты қайын жұртын тастап, атамекені Жетісу жаққа кетпекші болғанда «бақ-дәулет, ырыс-береке  күйеу баламен кетіп қалады» деп оны басында еліне жібергісі келмейді. Абай елі тобықтылар Қонай бойында ерекше бір қасиеттің болғанын білген ғой. Егер генетиктер зерттесе Димекең генінде, тегінде, қанында биологиялық даралықтың болғанын білер еді. Димекеңнің алыптылығы тобықты елінде өскен Қонай бабасына ұқсайды. Мамай батырға келеді. Ш.Смаханұлының кітабында «Жанай» деп аталатын Қонай Құнанбай  қажымен кездеседі. Ақылгөй, дана аға сұлтанға ұры-қарыларға байланысты ойын айтады. Ұлы бабасы Қонай Сарыарқа мен Жетісу арасында көшіп-қонып жүрген сайын дала сахара   қазағы, әжесі Хадиша ноғайқызы, шешесі Қаңлы – қазақ Қонаевтың өзіне тән нәсілдік-тектік даралығына ақыл-ойлары жетпей, оның ұлтын сан-саққа жүгіртіп, тегін теріс қаузап, аруағын қорлаушылар Димекеңнің әулет шежіресін, ата-бабаларының кім екенін білмегендіктен текке даурығады. Шыңғыс хан қиятпа жалайыр ма, маңғол ма, қазақ па деген сияқты енді Қонаевтың да нәсілі таласқа түсуде. Бұл адамзат тарихындағы аса ұлы адамдарға тән нәрсе. Қайшылықты пікірлер мен ой-болжамдар, дәлелденуі қиын қисындар уақыт өткен сайын  осылай жаңғырады. Міне, сондықтан Қонаевтың құлағын шулатып, дүрбелең тудыру, талас туғызу – бұл Димекеңнің Шыңғыс хан сияқты тылсым тұлға екенін дәлелдейді. Шыңғыс хан әлемді бағындырушы болса, Қонаев ақыл-оймен, кемеңгерлік қасиетімен, әулиелік көрегендігімен бұрынғы ұлы империяның тарихында аты мәңгі қалған тұлға. Ұлы Отаны  Қазақстанда ол теңдесі жоқ тұлға ретінде құрметтелуде. Бәрінен бұрын оның рухын Жаратқан иенің өзі нұрландырып, пенделердің Алланы сүйгеніндей «Нұрлы әлем» махаббатқа айналған. Қазақстанда пайғамбар аттас Дінмұхамедтің еліне деген сүйіспеншілігі, оған деген халық махаббаты, ынтызарлығы уақыт өткен сайын жалындай жанып, оттай лаулайды. Мен ел ішінде, халық арасында және сапарларда жиі боламын. Өткенде Таразға барғанда және пойызда қайтып келе жатқанда Димекеңді өзіне пір санайтын біраз адаммен кездестім. Тіпті, оралдық кейуана туған-туыстарын шақырып, Қонаев рухына арнап, өзі ас бергісі келетінін айтты. Неге екенін білмеймін, Димекең жөнінде Тәңірге табынғандай сөйледі. Бір кездесуде кемеңгерді көрген екен. Димекеңе байланысты оның тегіне қатысты «ұлы әңгіме» дананың ататегінен басталып, жалғасты ғой. Осы жерде бір оқиғаны айтайын. Бірде жиені Едіге аға Түркебаев, қарындасы (марқұм) Гауһар апа маған ренішті сөз айтты. «Айналайын, біздің әулет туралы жазғанда «татар» деген сөзді қоспашы. «Біз зайыбы ноғай, өзі Арқа жақтан Алатау етегіне көшіп келген қазақ Жұмабай қажының ұрпақтарымыз. Осы есіңде болсын» дегенде не айтарымды білмей, кешірім сұрауға тура келді. Егер түбі шикі болса, үлкен кісілер бұлай демес еді. Жұмабай Қонайұлы есімі Алматы қаласында белгілі дін қайраткері, қари, Меккеге екі рет барған қажы, ғұлама кісі болған. Қонаев мұражайында Мекеңнің әкесі жөнінде мұрағат қағаздары бар. Онда патшалық Ресейдің тәртіп-нұсқауына сай ұлты «киргиз» (қазақ) деп жазылған. Димекең туғаннан кейін алты айдан соң қайтыс болған жарықтықтың туған, өлген жылдары сайрап тұр. Осы жерде Қонаев ұлтының кім екені құжат арқылы да дәлелденіп, дау туғызбайды. Қонай әулетін, Димекең өмірін өте жетік білетін екі жазушы Мұхтар Әуезов пен Ілияс Есенберлиннің Қонаевты өз ұлтының ұлы перзенті деп оған осылай баға бергендерін көзі қарақты кісілер жақсы біледі. Мұхаңның 1956 жылы айтқан: «Димаш бұйыртса, иісі қазаққа ортақ ұл болғалы тұр, тіл-көзден сақтасын» деген данышпандық сөзінде «қазақ аты» айқайлап тұр. Ал І.Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық» романындағы басты кейіпкер Ақылбек – Дінмұхамед Қонаевтың протативі. Осы шығармасында қаһарман қаламгер Димекеңді қазақтың бағына  туған, қазақ екенін жиі қайталап, еске салып отырады. «Димаш Ахметұлы болса туған елінің бағына туған адам және біздің әрқайсысымыз үшін айрықша ыстық» деген кемеңгерлік  сөзінде Қонаевтың ұлттық рухы мен бейнесі көз алдыңда тұрады. «Мен қазақпын» деп әлемге жар салған әйгілі ақын Жұбан Молдағалиевтың дастанына арқау, І.Есенберлин кітабына кейіпкер болған ұлы бабасы Қонай М.Әуезовтің шығармасында айтылатын Димекеңнің ұлылығы өз алдына көзге көрінбейтін бір «нұр бейнеге» ол әлдеқашан айналып кеткен. Бір сөзбен айтқанда, әулие ол Тәңір тағында отырған құбылыс. Сондықтан оның өзі жөнінде, ататегі туралы білмей сөйлеу, өтірік-өсек айту – бұл үлкен күнә. Қазаққа Құдай бере салған әлемдік тұлғаның тек мінін айтып жамандағанша, халыққа жасаған игілікті істерін дәріптегеніміз жақсы.

Ораз ҚАУҒАБАЙ