Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен бюро отырысы болды, онда депутаттар 2021 жылғы 30 желтоқсанда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.
Сенаторлар алдағы отырыста «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметіне сайлау туралы» мәселені қарауды жоспарлап отыр.
Күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да енгізілетін болды.
Келісім аясында жыл сайын бір миллион тоннадан астам индустриялық өнім шығаратын минералды тыңайтқыш зауытын салу жоспарланып отыр. Кәсіпорында кемінде 1 200 жұмыс орны ашылатын болады. Заң жобасында сонымен қатар шетелдік жұмысшыларды жалдау және тарту, шетелдік қызметкерлерге визамен қолдау көрсету, жоба іске асатын ауданды дамытудағы ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ тараптар арасындағы дауларды реттеу ережелері қаралады.
Бюро отырысында сонымен қатар Мәжілістен келіп түскен «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жұмысқа берілді.