Билік транзитінің заңды жалғасы
Билік транзитінің заңды жалғасы
434
оқылды
2019 жылы наурыз айында елімізде тарихи оқиға болды — Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен Президент өкілеттігін тоқтатты. Келесі күні Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде ант қабылдады. Арадағы екі жылда әлемдік пандемия дағдарысы, сауда соғыстары, республикада ірі оқиғалар болды.  Жаһандық саяси және экономикалық өзгерістер кезеңінде елге салмақты реформалар қажет еді. Оларды тиімді жүзеге асыру үшін Президентке әкімшілік әрі саяси ресурс қажет болғаны анық. Биыл Қазақстанның саясат сахна­сында жұрт назарын аударған екі негізгі айтулы оқиға болды. Екеуі де Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тікелей қатысуымен бол­ған жайт. Елбасы алдымен сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) Төрағасы ретіндегі өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Сол жолы Н.Назарбаев «ҚХА елдің қазіргі Президентіне тірек болуы тиіс. Мемлекет басшысы да Қазақстан халқы Ассам­блея­сына арқа сүйейді. Сол себепті мен ҚХА-ны басқару құқығын Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабыл­дадым», – деген еді. Сол айтулы оқиғаға саясаттанушылар өз бағасын беріп те үлгерді. Осы тұрғыда қазақстандық саясаттанушы Оразғали Селтеев Н.Назарбаевтың ҚХА басшылы­ғын Тоқаевқа беру туралы шешімін саяси және әлеуметтік маңызы бар жүйелі ше­шім деп санайды. «Біріншіден, ол негізгі саяси бағыттың стратегиялық сабақтас­тығының логикасына сәйкес келеді. Екі жыл ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ­стандықтардың сенімін ақтай отырып, өзін елдің басшысы ретінде сенімді түрде бекіте алды. Ол жүргізіп жатқан реформа­ларға қоғамдық қолдаудың артқаны, мем­лекеттік аппаратты қайта құруды және басқару элитасын біріктіргені ай­қын. Сондықтан іс жүзінде Қ.Тоқаевтың саяси көшбасшы ретіндегі шоғырлан­ды­рушы рөлі одан әрі күшейе түспек», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, этносаралық келісім мен бірлікті нығайту мәселелері мем­ле­кет­тік саяси басымдықтардың қатарында болғанын және бола беретінін көрсетті. Ал екінші маңызды өзгеріс – Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясы Төра­ғасының өкілеттігін Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешімі. Жалпы, партия Төрағасы өкілеттігінің Президент Тоқаевқа тапсы­рылуы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қар­­саңында үлкен символикалық мәнге ие. Н.Назарбаев кезекті шешімі арқылы өзінің көреген саясаткер екенін тағы бір дә­лелдеп берді. Яғни, бұл елдің тұтасты­ғын сақтауға және мемлекетті дамытуға мүм­кіндік беретін маңызды шешім болып отыр. Мамандардың айтуынша, Прези­дентке зор жауапкершілік жүктейтін бұл ба­ғыт мемлекеттік бағдардың сабақ­тас­тығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жасалған. Н.Назарбаев партия тіз­гі­нін Тоқаевқа тапсырып тұрып, «Nur Otan» партиясын Мемлекет басшысы басқаруы тиіс, бұдан партия ұтпаса, ұтылмайды. Бұл мен үшін өте маңызды шешім, бұған бар­мас бұрын он ойланып, жүз толғандым» деуі Тоқаевқа толық сенім білдіретінін көрсетсе керек. Сая­саттанушы Данияр Әшімбаев бұл қадам Тоқаевтың өз бетімен шешім қабылдауға қабілетті әрі мемлекетті дұрыс бағытқа бас­тай алатын бірден-бір тұлға екенін дәлелдеп бергенін айтады. «Nur Otan» үлкен күшке ие, партия қатарында министрлер, әкімдер, бизнес басшылары бар. Бір сөзбен айтқанда, бұл – мемлекет ішіндегі мемлекет сияқты ірі әкімшілік ресурс. Менің ойымша, Елбасы мемлекеттік аппарат жұмыс іс­тесін, Президенттің қолында ресми тетік­тер болсын, мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясы арқылы өз шешімдерін жүзеге асыру процесін жеделдетсін деп Қ.Тоқаевқа қосымша әкімшілік ресурс беріп отыр. Анығы, жыл басында Ассам­блеяны қолына қаратқан, күні кеше «Nur Otan» пар­тия­сының Төрағасы атанған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясаттағы ықпалы мен билігі күшейе түсті деген сөз. Соған сәйкес, енді оған жүк­телген жауапкершілік те арта түсті», – дейді ол. Ал саясаттанушы Әділ Кәукеновтің ойынша, партия басшылығының ауысуы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы лауа­зымын Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыр­ғаннан кейінгі келесі заңды қадамы. Яғни, шешім елдің ішкі-сыртқы барлық тараптарына деген биліктің тұтастығын және оның сабақтастық саясатына то­лықтай берік екенін көрсетеді. Ал партия Төрағасының өкілеттілігі Тоқаевтың ық­палын одан әрі арттырады. «Билік пар­тия­сы – бұл ықпал етудің маңызды құ­ралы, ал бүгінде күрделі геосаяси пертур­бация мен әлемдік пандемия жағдайында Президент Тоқаевқа қоғам мен мем­ле­кеттік аппаратты барынша жұмылдыру қажет», – дейді спикер. Сарапшылар бұл оқиғаны билік тран­зитінің күтілген және қисынды жалғасы деп санайды. Себебі жоғарыда айтып өткеніміздей, бұған дейін Н.Назарбаев Тоқаевқа Қазақстан халқы Ассамблея­сындағы төрағалықты тапсырған бола­тын. Енді Парламентте де Президенттің ықпалы артады деген сөз. Өйткені «Nur Otan» Мәжілістегі басым орынға ие. Сондай-ақ партияның Мемлекет бас­шысына тапсырылуы саяси жүйенің тұ­рақтылығының және бағыт сабақтасты­ғының дәлелі саналады. «Стратегиялық тұрғыдан алғанда, Елбасы тұрақтылықтың сақталуын қалайды. Ал тұрақтылықтың сақталуы үшін қандай да бір саяси ше­шім­нің кез келген жағдайда қалай жұмыс істейтінін, оған халық қандай реакция білдіретінін түсіну қажет. Сондықтан ал­дымен Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы лауазымын беру, кейін «Nur Otan» Төрағасы лауазымын ұсынуды билік транзитінің қисынды аяқталуы деп қарас­тыру керек. Президенттің партияны басқаруы – бұл партияның өзін, яғни оның ұстанымын, оған деген сенімін кү­шейту дегенді білдіреді», – дейді саяси сарапшы Әділ Сейфуллин. Қалай болғанда да, Қазақстанда өте маңызды қадам жасалды. Жыл басында Ассемблеяның, кейін «Nur Otan» партия­сының Төрағасы атанған Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік саясаттағы ық­палы артты. Ал бұл процесс оған жүктел­ген жауапкершіліктің едәуір арта түсетінін білдіреді.