Танымал ғалым, дәрігер-офтальмолог, профессор Жанар Мұстафина 86 жасында өмірден өтті. Бұл туралы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті хабарлады.
Жанар Мұстафина – офтальмология мектебін құрғандардың бірі. 300-ден астам ғылыми мақала, оның ішінде, алты монография, әдістемелік оқулықтар, оқу құралдары, сөздік, Қазақстан мен Ресейдегі 50-ден астам өнертабыс пен патент авторы еді.
Мұстафинаның жетекшілігімен 20 кандидаттық және докторлық диссертация қорғалды. Көпжылдық ғылыми-зерттеу, педагогикалық, емдеу-алдын алу қызметі үшін ҚазКСР Жоғарғы кеңесі президиумының Құрмет грамоталарымен, «Құрмет белгісі» және «Парасат» ордендерімен марапатталған.
Жанар Мұстафина 1936 жылы Новосибирск қаласында дүниеге келген. 1960 жылы Молотов атындағы Алматы медициналық институтын бітірген.
1960 жылдан бастап Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында кіші, кейін аға ғылыми қызметкер, директордың ғылым жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. Самарқандта кандидаттық диссертация қорғады.
1987-2001 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының көз аурулары ҒЗИ директоры және көз аурулары кафедрасының меңгерушісі болды. ТМД-дағы алғашқы «Офтальмология» оқу-әдістемелік, ғылыми-өндірістік бірлестігінің жетекшісі болды.
2003 жылдан бастап Асфендияров атындағы ҚазҰМУ тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы болды.