Діни атақ-лауазымдарды тілдік тұрғыда айқындайтын еңбек
Діни атақ-лауазымдарды тілдік тұрғыда айқындайтын еңбек
521
оқылды

Әдетте, көп ретте танымал ғалымдардың еңбектері жайлы түйген сүбелі ойлар мен зерттеулерді саралап, талдап, келелі тұжырымдарымызбен бөлісеміз. Ал өзге жандардың зерттеулері мен жариялаған дүниелеріне аса мән бере бермейміз. Мүмкін басылым тиражының аз болуы мекен, әлде жарияланымы жеткіліксіз болады мекен әйтеуір жақсы зеттеулер нәтижесінде дүниеге келген еңбектер қашанда кең танылмай, насихатталмай қалып қояды. Бүгінгі ой-талқымыз жуырда жарық көрген Н.Б.Мансұровтың «Ислам дініндегі діни атақ-лауазымдар» атты еңбегіне орай қалыптасқан пікірлерді ортаға салмақпыз. Біріншіден, бұл еңбек заман сұранысының талаптарына сай мәселелерді қамтиды. Екіншіден, бүгінде өзекті саналатын дін мәселесін тілдік тұрғыда талдауды негізге алады.

Рас, бүгінде еліміз тәуелсіздік алған тұстан бермен қарай тіл білімі дін саласымен етене қабысып, зерттеу нысаны ретінде аясы кеңіп әрі тереңдеп жан-жақты қарастырылып келеді. Бұл қазіргі жұртшылықтың елдің құрылымындағы басқару жүйесінде және қоғам болмысында туындағын шынайы пікір. Осы тұрғыдан келгенде еңбек дінмен, оның ішінде діни сөздер негізінде сараланғандығы құптарлық. Қазіргі егемендік алған тұста тіліміздің лексикалық қоры өзге тілдердің әсерінен толығып, молайып келетінін ескерсек, оның солай болуы халықтың түрлі саладағы сөз қолданысының аясы кеңейгендігінің айғағы. Өйткені кез келген саладағы сөздік қолданыстар әрқашан дамып, өзінің мағыналық қолданысында жетіліп, жаңаша сипат алады. Бұл ретте, Н.Б.Мансұровтың еңбегінде қарастырылған мәселені өзекті әрі маңызды деп тануға болады. Шындығында, шығыстық араб не парсы сөздері еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап тілімізге еркін жайғасты. Мұны дін еркіндігі деп ұққан дұрыс. Ал енді осы сөздердің  жалпыхалық бірін түсінсе, бірін түсіне алмайды. Осы мәселені қаузаған еңбек тілдік қолданыстағы діни атақ-лауазымдарды жан-жақты саралап, жалпыхалықтық ұғымдағы қалыптасуын кең сөз етеді. Ұсынылған ғылыми уәждемелер нақты айқындалған, ғылыми пікірлер орынды, айтылған тұжырымдары мен мақсат та жүйелі, берілген түсініктер материалдағы сөздердің мағынасын ғылыми негізде жақсы зерделеген. Дін исламдағы атақ-лауазымдарды тілдік тұрғыда айқындауға арналған аталмыш еңбек лексикалық қордан орын алған дәреже-мәртебе, титул, лауазым мен атақ мәнге ие діни сөздерді басты нысан ретінде алған. Саралауға алынған әр сөздің шығу төркіні айқындалып, тілден-тілге көшкен кездегі ерекшеліктері мен өзгеріске түскен жайттары қамтылған. Бұл сөздердің біршама бөлігі белгілі бір мағынада тұрақталып, нормаланып, өз кезегінде қай мағынада қолданылғандығы айқындалса, енді бір тобы кезінде билік құру (сұлтандық, патшалық, хандық, т.б.) мақсатында мағыналық тұрғыда қалыпты нормаға айналғандығын танытады. Айталық, еңбекте ұсынылған титул мағынасындағы «шейх» сөзі алғаш діни білімі толық әрі ұстаздық қызмет еткен адамдарға тағылған титул. Мұндай сипаттағы адамдардың білімі мен амалы шариғи талаптарға сай көрініс тапқан сәтте құрметке бөленетіндігі уәжделген. Кейіннен сөздің қолданыс аясы кеңіп, діни пәндерден сабақ беретін білімпаздарға, дін қайраткерлеріне қатысты орныққан дейді. Бұл тұрғыда сөздің мағыналық сипаты шейх атағын алған адамдардың атқарған қызметтеріне орай үйлесім тапқан. Талдауға алынған сөздердің әрқайсысы атақ, дәреже-мәртебеге қоса имандылық, тақуалық, адамгершілік, білімділік тақырыптарына негізделген әрі қоғамның әлеуметтік һәм саяси, діни, ел қорғаумен бірге басқа салаларға орай қолданылған. Мұндай сөздерді талдау былайша топтастырылған: титулдық дәреже-мәртебеге ие діни сөздер; атақ, шен, лауазым мағынасындағы діни сөздер; мұсылмандық діни лауазымдар мен атақтар. Жұмыстың барысында дін саласындағы атақ-лауазымдар барынша толық қамтылған. Діни қызметтеі дәреже-мәртебелерге ие баб, шейх, әз, пір, ишан, т.б. сөздері мен лауазым ұғымындағы әулие, әзірет, ариф, шариф, шаһ, қалпе, т.б., ал мұсылмандық атақтар айдарында мүфти, имам, қазы, қажы, молда, мухтасиб, дамолла, ахун, халифа, мурид, аятолла, т.б. діни лауазымдары сараланған. Сөз жоқ, тілдік қолданыстан орын алған мұндай діни атақ-лауазым мағынасындағы сөздердің әрқайсысы өзіндік сипатқа ие. Мұнда автор атақ пен лауазым мағыналық жағынан үйлесімін тапқан синоним сөздер ретінде талдай келе, олардың өзіндік ерекшеліктерін де назардан тыс қалдырмайды. Атақ – жеке тұлғаларға немесе ұжым, топтарға қандай да бір атқарған қызметі, сіңірген еңбегі үшін берілетін ресми баға. Ал лауазым – мемлекеттік ұйымдарда немесе жергілікті басқару орындарында арнайы құзыреттілігі бар өкілеттілік. Демек, әр сөздің мағынасына қоса қолданылатын аясы мен ұғымдық сипаты тілде кең орын алады. Жалпылама түсінікте, олар танымдық әрі мағыналық тұрғыда бір қатарда көрініп, синоним ретінде қолданылуы қалыпты жайт екенін ұсынады. Лауазымдық ұғымда келтірілген ишан сөзінің «діни лауазым» ретінде қолданыс тапқанын айта келе «Ишан – халық арасында сауат ашу, ғибадат айту қызметін атқарып жүрген діни сауатты адамға берілетін діни атақ» деген анықтаманы ұсынады. Бұл түсіндірме сөздіктерде парсы тіліндегі «олар (көп ретте бір адамға байланысты); оларды (сөз тіркесінде анықтауыш мағынасында)» келетінін негіз етіп, ал діни тұрғыда ишан – діни лауазым деген ұғымды келтіреді. Дін саласындағы атақ (титулдық) және лауазымдық мәндегі сөздер мен олардың атқаратын діни қызметтегі мәртебелерін, титулдарын саралауда біршама тың деректер ұсынылады. Онда аталған атақ-лауазымдар мәніне ие болған сөздердің этимологиялық негізін анықтау, алғашқы кездегі мағыналық сипатын айқындау, тілден-тілге көшкен тұста қандай мағыналарға ие болғандығы қарастырылады. Сондай-ақ қай кезеңдерде айналымға енді, қанша уақыт аралығында қолданылды, белсенділігі қаншалықты болды, бұл сөздердің құрылымдық, тұлғалық келбеті өзгеріске ұшырады ма, ұшыраса оның үлгісі қалай қалыптасты, деген мәселелер бойынша да сараланған сөздердің қолдану аясы тарихи кезеңдерде түрліше болып келетіні айқындалған. Айталық, парсы тілінен кірген ахун – ислам діні қызметшілерінің лауазымы, мүфтиден кейінгі діни атақ деп оның мұсылмандық дін қызметкері, тәрбиеші, мұғалім (ұстаз) ұғымдарын береді. Сөздің құрамындағы «д» дыбысының түсіп қалуын тілдегі дыбыстық ерекшелікке орай қалыптасқандығын айтады. Өйткені кез келген халықтың сөйлеу тілі мен жазба тілі толық сәйкес келе бермейді. Кей тілдерде ол ерекше орын алады. Парсы тілінің ресми хабарлары мен әдеби тілі жазба тілге жақын болғанымен сөйлеу тілінің ерекшелігі бар. Сондықтан кей сөздер айту барысында дыбыстық өзгерістерге ұшырайды. Жазылуда әріп таңбалар қағидаға сай сақталғанымен айтылуда өзгеше дыбысталады не болмаса басқа дыбыспен алмастырылып айтылады. Осы ретте, парсы тілінде кей әріп таңбалар мен қосымшаларға тән дыбыстық ерекшеліктерді негізге алып, «ахунд» сөзінің «ахун» нұсқасында қабылдану табиғатын осылай саралайды. Сөздің соңындағы «д» әрпі жазылуда сақталып, айтылуда дыбысталмайтынын айта келе тілдің ішкі дыбыстық заңдылықтарын негіз етеді. Міне діни атақ-лауазым ұғымында орныққан кірме сөздердің осындай дыбыстық өзгерістерін басшылыққа алған еңбектің мазмұны мен мәні анықталады. Бұл сөздердің сыртқы келбетінің тілімізде дыбыстық өзгеріске түсуі, тұлғаларының түп төркініндегі нұсқасынан өзгеше қалыпқа енгендігін алға тартады. Зерттеуге негіз ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни қызметтерді үлкен жауапкершілікпен атқарып келетіні де аталған. Басқарманың 2019 жылдың қазан айында діни атақтар мен лауазымдар тізілімін жасап, олардың атқаратын қызметтерін көрсетіп, міндеттерін айқындап беретін нұсқаулығын негіз еткен. Бұл нұсқаулық өз кезегінде жұмыстың жүйелі әрі реттілігін атап көрсетуде басшылыққа алынған. Н.Б.Мансұровтың еңбегінде діни дәреже-мәртебелер мағынасындағы сөздер рет-ретімен келетіні әрі бірінен соң бірі орын алып, өз заманында белсенділік танытып, кең қолданылғандығын көрсетеді. Олардың белсенді айналымға енген кезеңі көп ретте орта ғасырға сәйкес келеді. Алайда кейінгі кезеңдерде де орын алғандығы көрінеді, бірақ мазмұндық сипаты алғашқы ұғымдарынан біршама өзгеше қалыптасқандығын атап өтеді. Өйткені сөздердің тарихи қалыптасу ұғымы бертін келе кеңейіп, діни атақ-дәреже ұғымынан ауысқан, яғни дін білгірі, әулие сипатындағы түсінікке ауысқандығы дәйектелген. Түйіндей келгенде, халыққа діни қызметтер көрсетіп, сауат ашып, шариғаттың шарттарын, ғибадатты үйреткен әрі діни жөн-жоралғыларды қағидаттарына сай жүзеге асырған дін білгірлері, ғұламалар қазақ қоғамында біршама мол болғандығы айтылған. Оларға тағылған мұсылмандық титулдық дәреже-мәртебе, лауазымдар мен атақтар атқарған қызметтеріне орай заманында рет-ретімен қалыптасып, тілдік тұрғыда аталған сөздер «діни лауазым мен атақтар» мағынасында лексикалық қордан лайықты орын алғандығы айшықталған.

Берікбай САҒЫНДЫҚҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.