Жаңа жыл жарылқай ма?
Жаңа жыл жарылқай ма?
«Ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа» деп отыратын қазақ әр жаңа күннен, әр жаңа ай­дан,  әр жаңа жылдан жақсы­лық күткен. Сондықтан келер жылдан көп несібе күтіп, жорамал жасау бізге жат емес. Осыны ескеріп, эконо­мика, саясат жа­ғынан алдағы жылға бол­жам жасап көрдік. Елдің сені­мінде бар құмалақшы­лар­ды да назардан тыс қал­дыр­мадық. Сонымен, 2022 жыл­дан не күтеміз? Жақсылы­ғы­мыз мол бола ма, әлде кейбір келеңсіз жағдайға кезіге береміз бе?

Қымбатшылық жалғаса беретіндей            

Алдымен елдің экономи­калық жағдайына тоқталайық. Биыл жұртшылық қаржыға қа­тысты мә­се­лелерге жиі тап бол­ды. Теңге ба­ғамы құлдырай берді. Ең қиыны – 2021 жылы көптеген саланы қым­бат­шылық жайлады. Азық-түліктен бас­тап құрылыс заттары, дәрі-дәр­мек құны көтерілді. Экономист Асыл­бек Күздеубаев алдағы жыл­дың да оңай болмай­тынын айтып отыр. – 2022 жылдың алғашқы тоқ­са­нында валютамыз аса құнсыз­дана қоймайды. Дегенмен бірінші тоқсаннан кейін АҚШ долларына да, рубльге де шаққанда теңге ба­ғамы құнсызданады. Себебі қазір Украина мен Ресейдің жанжал­дасып отырғанын білеміз, жағдай ушықты. Осы саяси дүрбелеңдер­дің негізінде Еуроодақ пен АҚШ көр­ші­мізге түрлі сала­дағы санк­цияла­рын күшейтеді. Бірінші рубль құн­сыз­данады, соның теріс әсері сөзсіз теңгеге де ықпал ет­пек, – дейді ол. Маман азық-түлікке байланысты қымбатшылықтың да тоқтамайтынын жеткізді. Керісінше, құнның көтерілуі қарқын ала бермек екен. – Қымбатшылық – кез келген да­мушы мемлекеттің экономикасында бо­латын құбылыс, үздіксіз процесс. Алайда бір қауіп бар, онсыз да қымбат дүниенің бағасын қолдан еселеп қымбаттатуы мүм­кін. Бұл кезде халықтың күнкөріс деңгейі төмендейді. Жаңа жылға үмітпен қарау керек, дей тұрғанмен шынайы жағдайға үңілер болсақ, халықтың табысы бізде төмен. Табысы төмен болған сайын эко­номикадағы айналым қаржы азаяды. Оның азайғаны елдегі түрлі саланың дағ­дарысына әкеледі. Бірақ менің ойымша, келер жылы белгілі бір салада үлкен дағдарыс болады деп күтуге болмайды. Әйткенмен, тұрғын үй нарығындағы қымбатшылық осы жолы халыққа ауыр соғады. 2022 жылдың үшінші тоқсанында ғана тұрғын үй бағасының сәл түскенін күтуге болады, – дейді Күздеубаев. Экономист қорытынды сөзінде егер алдағы жылы мемлекет тарапынан, қар­жы саласына жауапты органдар тара­пынан реформа, болжамдар, зерттеулер жасалмай, нақты іс-шаралар іске аспайтын болса, экономикадан оң өзгеріс күту негізсіз екенін жеткізді.

Билік халыққа жақындауы мүмкін

Бұл тұста болжам айтудан саясат сала­сын да тыс қалдыра алмаймыз. Елдің саяси өміріне шолу жасап, өткен-кеткенін бір түйіндеп, алдағысы қалай өрбитінін сараптап көрген жөн. Саясаттанушы Ер­нұр Молдашев келер жылы аса бір саяси өзгеріс болатынына сенбейді. Дегенмен билік өкілдерінің халыққа мойын бұра бастауы мүмкін екенін жеткізді. Себебі шенділердің кей кезде халықтан алыстап кеткені жайлы сөз болады. Ал сынға қалғандар бұдан бейхабар емес. – Алдағы уақытта болуы мүмкін саяси қадамдарға түрлі болжамды айта беруге болар. Бірақ алдымен мына дүниені ес­керген абзал, саясаттану – екінші дең­гей­дегі хаостық жүйе. Саясатта нақты бол­жам айту мүмкін емес, тек факторларға сүйеніп қорытынды жасайды. Бірақ бір нәрсені айта кеткен жөн. Халықтың әл-ауқаты 2013 жылы біз көрген ең биік ме­жеде болды. Қазір қоғамның саясатқа де­ген көзқарасы құбылып тұр. Осыны бас­ты назарға алып, әр саладағы қар­сы­лық пен талап ету көбейеді деп айта беруімізге бо­ла­тын еді. Бірақ мемлекеттегі саяси тұл­ғалар одан бейхабар емес. Менің ойымша, келер жылы билік халық үшін тиімді, оңтайлы шешімдер қабылдауға та­л­пынады. Көпбалалы аналар секілді әлеу­меттің түрлі мәселесіне зер салып, шешуге талпынуы мүмкін. Ал саясаттағы құрам­ның өзгерісіне қатысты зерттеу жасап, анық айтып беру қиын, – деді Молдашев.

«6» ала болмаса, төрт құбыла түгел болмақ

Болжам жасау жайын айтқанда ну­мерология ғылымына соқпай кету мүмкін емес. Нумеролог Құралай Бақытқызы 2022 жыл 6 санына дөп келіп тұрғанын айтады. Демек, жақсылық көп болуға тиіс екен. – 2022 жылды бір сөзбен логистика мен туризмнің дамитын жылы деп айта­мын. Еліміз бен өзге мемлекеттерде ха­лық­аралық туризм қарыштап, экспорт пен импорттың мөлшері көбейеді. Ең әуе­лі елдің ішіндегі жұмыссыздық мәселесі сәл шешімін табатын тәрізді. Өйткені өнеркәсіпке көп көңіл бөлінбек. Өткен 2 жыл әскери және медициналық жыл болса, келер жылы көпшілік инно­вация мен инфобизнеске ұмтылады. Жыл саны 6-ға тіреліп тұр. 6 – жайлылық, ком­форт, тұрақтылық саны. Адамдар ақша жинап, баспана мен жер алуға ұмтылады. 2021 жыл 5 санына тұс келген, яғни шығын көп болды. Әлеуметтік-экономикалық жағдай қазір мәз емес. Келер жылдың бірінші жартысына дейін бұл жалғасады. Ал ауыл шаруашылығына үміт арта алмаймыз. Климаттың қолай­сыздығы себеп болар, жағдай орташа. Бірақ құрылыс саласы қарқын ала береді. Себебі сырт елдерден келіп, зауыт сала­тындар көбейетін тәрізді. Бірақ халықтың қорқуына негіз жоқ, жақсылыққа бағыт бар, – дейді ол. Пандемия басталғалы бері еліміздегі денсаулық сақтау саласына алаңдау үде­гені рас. Маман биыл денсаулық сақтауда қиыншылық болмайды деп есептейді. – Коронавирусқа қатысты болжам жасау қиын. Өткен жылы денсаулыққа 13 саны түсті. Бұл – қауіп-қатер саны, жа­рылыс көп болды. Алдағы жылы адам шы­ғыны аз болуға тиіс, керісінше жағдай жақсарады. Демек, жеке болжамым бойын­ша, вирусқа қатысты халіміз тұрақ­та­луға тиіс, – деді Құралай Бақытқызы. Нумерологтің айтқанына сенсек, алда­ғы жыл көк түсті беріп тұр. Ол – табыстың түсі. Ал жастар үшін 6 саны астрология бойынша неке құрса, қате шешім болмайтын кезең. Демография мен неке саны өспек. Жалпы, жылдың энергиясы байлыққа бағытталған. «Бірақ шашпалыққа емес, жинауға дағдыланған жөн» деп қорытындылады маман.

Күтпеген қуанышқа кенелеміз бе?

Құмалақшы Баян Амангелді де келер жылдың жаман болмайтынын айтып отыр. Бұрынғының «41 құмалақ сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді» дегені бекер емес болар. Әуелі анығын Құдай біледі деген ол «2022 жыл ойламаған, күтпеген қуанышқа толы болады. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған кезеңді кө­реміз. Дегенмен бұйыртқанынан өзгесін көрмейміз», – дейді. Қорытындылар болсақ, ешкім келер жылдан жамандық күтпесі анық. Бәрі де қуанышқа кенелгісі келеді. Сұрау салып, пікірін естіген мамандарымыз жақсы өзгерістер болуы мүмкін екенін болжап отыр. Біз де жақсыға жорығанның «айтқаны болсын» деуден әрі аспаймыз.