Мақалада Димаштың алғашқы шығармашылық жетістіктерінен бастап, Singer 2017 халықаралық музыкалық байқауындағы жеңісі мен әлемдік деңгейдегі мойындалуына дейінгі өнер жолы жан-жақты сараланған.
Испанияның беделді басылымы Димаш туралы жазды
Фото: dimashnews.com
89
оқылды

Димаш Құдайбергеннің есімі тағы да Испанияның беделді басылымдарының бірінен көрініс тапты. Испаниядағы ірі ұлттық газеттердің бірі – El Mundo жаңа санының мұқабасына әншінің фотосуретін жариялап, оның шығармашылық жолы мен халықаралық танымалдылық феноменіне арналған көлемді мақаланы оқырман назарына ұсынды. Бұл туралы dimashnews.com жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мақала авторы, журналист Ракель Р.Инсертис Димаштың Испаниядағы ресми фан-клубының мүшелері Мария Хосе, Кристина, Льюиса және Агустинмен сұхбаттасқан. Олардың өмірлік тәжірибесі мен әсерлері арқылы басылым қазақстандық өнерпаздың шығармашылығы әртүрлі жас пен түрлі кәсіп иелерін қалай тоғыстырғаны, әлемнің сан алуан еліне саяхат жасауға ынталандырғаны әрі Қазақстанның мәдениетімен таныстырғаны жөнінде баяндайды.

Мақалада Димаштың алғашқы шығармашылық жетістіктерінен бастап, Singer 2017 халықаралық музыкалық байқауындағы жеңісі мен әлемдік деңгейдегі мойындалуына дейінгі өнер жолы жан-жақты сараланған. 

Басылым әншінің ерекше вокалдық диапазонын, сан алуан музыкалық жанрлардағы шеберлігі мен оның халықаралық тыңдармандар аудиториясының тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанын ерекше атап өтеді.

El Mundo газеті Испаниядағы Dears қауымдастығына да айрықша назар аударған. Басылымның мәліметінше, ресми фан-клуб жүздеген жанкүйердің басын біріктірсе, интернет-қауымдастықтың қатысушыларының саны шамамен 18 мың адамға жеткен. Олардың көпшілігі Димаштың әртүрлі елдерде өтетін концерттеріне тұрақты түрде қатысып, мұндай сапарларды «Димаш туризмі» деп атайды екен.

Сонымен қатар мақалада режиссер Давид Коллантес түсірген, Димаштың испаниялық жанкүйерлеріне арналған «Al compás de su voz» («Оның дауыс ырғағымен») деректі фильмі туралы да баяндалады. Фильмде Димаштың музыкасы әртүрлі елдердің тұрғындарын біріктіріп, олардың өмірінің маңызды бір бөлігіне айналғаны көркем түрде көрсетіледі. Фильмнің тұсаукесері қыркүйек айына жоспарланған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.