Құрмет Талапқазыға Шымкенттен жаңа үй бұйырды
Құрмет Талапқазыға Шымкенттен жаңа үй бұйырды
233
оқылды
Қуаңшылық кезінде Маңғыстау жұртына шөп жинап көмек берген Құрмет Талапқазы баспаналы болды. Жуырда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Құрмет Талапқазыны "Жыл үздігі 2021" сыйлығымен марапаттаған болатын. Ал Ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеев бейбіт елдің батырына  "Құрмет" грамотасын табыстады. Осынау марапатқа шын қуанған халық әлеуметтік желілерде бір-бірінен сүйінші сұрап жатты. Алайда Құрметтің Шымкенттегі жекеменшік оқу орындарының бірінде оқып жүріп, ол мекеменің жабылып қалуына орай жоғары білімсіз қалып кету қаупі бар екенін шулай жеткізген белсенділер басқа оқу орындарына қабылдануына үндеу тастаған болатын. Іле-шала Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы университеттің ректоры Құрметтің осынау оқу орнында оқуын жалғастыратынын хабарлады. Енді міне, елінің сүйікті ұлына айналған Құрметке күн сайын көркейіп, кеңейіп жатқан үшінші мегаполистің жаңа ауданынан жаңа  үй бұйырды. Солтүстік саяжай шағын ауданындағы зәулім үй 8 сотық жерде орналасқан. Тіпті жанында дүкені де бар екен. Осынау баспананы алып беруге мұрындық болған журналист Мақсат Толықбай Құрметке деген елінің ыстық ықыласын жеткізді. Тележурналистің айтуынша, жер үйді Құрметтің өзі таңдапты. Келешекте мал ұстап, қымыз баптағысы келетінін жеткізген. Құрмет Шымкентке оқуға түскендіктен үйді де осы жақтан таңдаған.
«16 желтоқсан – марапат жауған күн болды, Құрметке құрмет грамотасы лайықты деп шулаған әлеуметтік желі белсенділері көбіне мені тегтепті. Тәуекел деп бастап  жібердік. Екі күнде  9 миллионнан астам ақша жиналды.  Белгілі меценат Дулат Тастекей қанша жинасаңдар жетпегенін үстіне қосып беремін деді. Сонымен міне, 19 миллиондай қаржы жиналып, Құрмет бауырымыз баспаналы болып жатыр. Ата-анасы шалғайда Қытайдың арғы жағында тұрады. Бар арманы соларды көшіріп әкеліп, туыстарыммен қауышсам деп отыр. Әрине әзірге ол оңай болмай тұр. Сыртқы істер министрлігімен сөйлесіп жатырмыз», – деді Мақсат Толықбай.
Қоныс тойға жиналған қауымға ризашылығын жеткізген Құрмет Талапқазы осынау игілікті іске атсалысқан барша қазақ халқына алғысын білдірді.
«Халқыма рахмет! Қиналып жатқан халық көп қой. Жиналып жатқан қаржыдан қайырымдылыққа бергім келген. Онымен Мақсат ағам қоймай, қолыма ақша ұстатпай үй алып берді.  Құрбандық  шалып, көрші-қолаңды шақырып қуанып жатырмыз. Басшы ағаларға да, демеушілік жасаған жомарт жандарға да рахмет. Шекара қашан ашылатынын білмей отырмын.  Сыртқы  істер министрлігіне бару ойымда бар. Өз туыстарымды ғана емес, сондағы қандастарымызды да алдыруды ниет етіп отырмын. Мұндай қошемет үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді», – деп қуанышын білдірді ол.
Құрмет жаңа үйіне бір апта ішінде көшіп келетінін, болашақта жоспарлары бар екенін жеткізді.