Аида Балаева журналист пен Бекболат Тілеухан арасындағы жанжалға қатысты пікір білдірді
Аида Балаева журналист пен Бекболат Тілеухан арасындағы жанжалға қатысты пікір білдірді
Фото: nur.kz
210
оқылды

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналист Айнұр Коскина мен Бекболат Тілеухан арасындағы кикілжің туралы пікір айтты. Бұл туралы министр Facebook-тағы парақшасында жазды.

«Парламент ғимаратында журналист Айнұр Коскина мен сұхбат беруші Бекболат Тілеухан арасында болған оқиға журналистика кәсібінің ерекше қарым-қатынас дағдыларын қажет ететін ерекше мамандық екендігін кезекті рет дәлелдеді. Әрине, сұхбат берушінің журналистке қатысты эмоциялық әрекетін ақтау қиын (әсіресе журналистің әйел баласы екенін ескерсек). Мәдениетті қарым-қатынас этикасы кез келген сұхбат барысында сақталуы тиіс», – деді Аида Балаева. Алайда министр жұмыс барысында журналисте әдеп нормалары сақталуы тиіс екенін де айтты.

«Десе де, мәселенің екінші жағы да бар: ол – журналистің кәсіби білігі мен ішкі мәдениеті. Спикердің жеке өмірі құпиялығы мен құқығын сақтау, тақырып ауқымындағы сұрақтардан тыс ауытқымау, диалог логикасын нақты ұстану – бұл ешкім жоққа шығармайтын жалпыға ортақ өркениет ережелері. Қалай болғанда да Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің заңды мүддесін, кәсіби құқығын заң аясында қорғауда қашанда дайын», – деп жазды министр.

Бұған дейін «Хабар24» арнасының тілшісі мен күзетші арасындағы жанжалдан соң әкімдікті күзеткен компания лицензиясынан айырылған еді.