Атырауда Абайдың 145 млн теңгеге салынған ескерткіші ашылды
Атырауда Абайдың 145 млн теңгеге салынған ескерткіші ашылды
Абай Құнанбайұлының ескерткіші. Фото: Аtpress.kz
552
оқылды

Атырауда ақын Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылды. Оның салтанатты ашылуына облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақанов, мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер мен жастар қатысты. Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

"Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыста бірқатар шара өтті. Ел тәуелсіздігінің мерейтойына орай ұлы ақын, ойшыл Абайдың ескерткішін ашып отырмыз. Бұл – облыс үшін тарихи оқиға. Өйткені, Абай Құнанбаев – бүкіл әлемге әйгілі ақындардың бірі", – деді облыс басшысы.
[caption id="attachment_177769" align="aligncenter" width="1200"]Атырау, Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанаты Атыраудағы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанаты. Фото: Аtpress.kz[/caption] Мүсін қола мен гранит тұғырдан жасалған, биіктігі – 11 метр. Мүсін авторы – Асқар Нартов. Ескерткішті 145 млн теңгеге "Балқыту" ЖШС салып берген. Еске сала кетейік, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы осы ескерткішке қатысты іс бойынша ұсталып, қазір тергеліп жатыр. Тергеу болжамы бойынша, өңір басшылары мемлекеттік сатып алу порталындағы байқауда ескерткіш жасау құқығын жеңіп алған компаниядан 4,5 миллион теңге пара алған. Ал жақында қазақстандық БАҚ-та Абай Құнанбайұлының дәл осындай көлемдегі ескерткіші екі жыл бұрын Павлодарда 55 млн теңгеге орнатылғаны жазылды. Бір қызығы – Павлодардағы ескерткішті де - «Балқыту» ЖШС орнатқан. Оның да авторы – мүсінші Асқар Нартов. Айта кетейік, Атырау облысының әкімдігі биыл Абайдың ескерткіші үшін «Балқыту» компаниясына 72,5 млн теңге аударып үлгерген. Қалған соманы келесі жылы аудармақшы. Ал қазір облыс басшылары мен тендерге қатысы бар тұлғалар тергеліп жатыр.