Түркістанда 610 отбасы баспаналы болды
Түркістанда 610 отбасы баспаналы болды
362
оқылды

Биыл түркістандықтар үшін жақсы жаңалықтарға толы жыл болды. Сондай жағымды жаңалықтар жалғасын тауып бүгін қасиетті қалада жаңа жыл мерекесіне орай 610 отбасы пәтерлі болды. Олардың ішінде 470 көпбалалы ана бар.

Тұрғындарға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пәтер кілтін тапсырып, қуаныштарымен бөлісті.    width= Өңір басшысы қала тұрғындарының қуанышты шарасында Елбасы мен Мемлекет басшысы тарапынан Түркістанға айрықша қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.
«Өздеріңіз білесіздер, Түркістанымыз түрленіп, туристер саны көбейіп жатыр. Әкімшілік-іскерлік аумағында көпқабатты, зәулім үйлер бой көтеруде. Үйлермен қатар қаламызда көптеген әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандар салынды. Келесі жылы «Түркістан-Шымкент-Ташкент» теміржолын салу жұмысы басталып, мегажоба қолға алынады. Түркістанның жан-жағын суландыру, су қоймалары мен жасанды көлдерді көбейту жүзеге асуда. Бұның бәрі – Тәуелсіздігіміздің жемісі. Биыл 610 отбасы пәтерлі болды. Оның көпшілігі – көпбалалы аналар. Бір күнде осынша тұрғынның үйлі болуы қай кезде болып еді? Жаңа пәтер иелері үйлер мен оның ауласын жарқыратып, жаңа шыңдарды бағындырады деп сенемін. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Сіздерді жаңарған Түркістанның бақытты тұрғындары деп есептеймін. Қоныстарыңыз құтты, іші бақыт пен берекеге толсын. Жаңа жыл мерекесі құтты болсын. Осындағы әрбір отбасы өсіп-өркендеп, ұл-қыздары Отанға қызмет ете берсін!» – деді Өмірзақ Естайұлы.
Салтанатты жиында Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов жұртшылықты құттықтады. Ұзақ уақыт күтіп, бүгін армандары орындалып, қуанышқа кенелген тұрғындар басшыларға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.    width= Сонымен қатар биыл баспанаға қолжетімділікті арттыру мақсатында Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы аумағындағы 14 көпқабатты тұрғын үйдің 763 пәтері «Отбасы банк» арқылы және көпқабатты 3 тұрғын үйдің 151 пәтері «7-20-25» бағдарламасы арқылы тұрғындарға ұсынылды. Келешекте де бұл жұмыстар жалғасын табады. Облыс орталығында қазіргі таңда бюджет есебінен 7, 9 және 12 қабатты 67 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы күні Түркістанда өткен тағы бір игілікті іс-шарада Өмірзақ Естайұлы жылдың үздіктерін марапаттады. «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен «Түркістанды түлеткен» салтанатты жиында өңір басшысы көпшілікті Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жаңарудың жаңа белесіне көтерілген Түркістан тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына күллі Түркі әлемінің рухани орталығы ғана емес, әлем назарын аударған әлеуеті мол шаһар ретінде аяқ басып отыр. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Осы бағытта сіздердің атқарған жұмыстарыңыздың нәтижесін ескере отырып, қалыптасқан дәстүр бойынша облысымызда жыл үздігі номинациясы табысталғалы тұр. Елі үшін, жері үшін еңбек еткен әр адамның еңбегі еленуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауларында еңбек адамының мәртебесін, беделін көтеруге асқақтатуға мән берілген. Бүгінгі берілген марапаттар – сіздердің жыл бойғы жұмыстарыңызға лайықты баға. Осы жылдағы көрсеткіштер жаңа жылда еселене береді деп сенемін. Сіздерді Мәңгілік елді бірге нығайтуға шақырамын. Тәуелсіздіктің туын әрқашан биік ұстайық. Келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, – деді өңір басшысы.    width= Салтанатты жиында Өмірзақ Шөкеев бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновқа Түркістан қаласындағы жаңа пәтердің кілтін тапсырды. Сонымен бірге өңір басшысы ел үшін еңбек етіп, құрметке бөленген азаматтарға «Түркістан облысының Құрметті азаматы» атағын, бірнеше үздікке «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін тапсырды. Облыс әкімінің грамотасы да өз иесін тапты. Мәдениет, спорт салалары бойынша жыл үздіктерін Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов марапаттады. Ол жуырда ғана республиканың басты сөз додасында топ жарған түркістандық ақын Бекарыс Шойбековке «Алтын домбыраны» ұсынды. Бұл домбыра енді бір жыл бойы Түркістандағы «Ұлы дала елі» орталығының жәдігеріне айналмақ. Қоғамның сан саласындағы көшбасшыларын Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев пен Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев та марапаттап, еңбек үздіктеріне құрмет көрсетті.    width=

Барлығы 40 аталым бойынша жыл үздіктері марапатталған жиында республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен қазақ эстрадасының жұлдыздары концерттік бағдарламасын ұсынды. Атап айтсақ, «Жігіттер», «Меломен» топтарымен бірге «Славян базары» фестивалінің гран при иегері Рухия Байдүкенова, Украина жұлдызы Назар Яцишин мен өзге де өнерпаздар Түркістан төрін мерекеге бөледі.