Біздің халықты басқалардан ерекшелеп тұратын көп қасиеттің бірі – адам жатырқамайтынымыз. Басқалар «Чтобы узнать хорошо, нужно пуд соли съесть» деп сақтық танытып жатқанда, біз «Түсі игіден түңілме» деп, шүйіркелесе кетеміз. Содан еш ұтылғанымыз жоқ...
Осы көктемде өзім де сондай бір түсі игі жанмен таныстым. Іс-шараға жиналғандарға арналған жатын бөлмеге бастап әкелген ұйымдастырушы: «Таныс болыңыздар, бұл кісі – жазушы Камал Әлпейісова» дегенде, төр жақтан: «Камал апай ма?», «Білеміз ғой...» деген дауыстар қосарлана шықты. Іле: «Апай, мына төрдегі орынға жайғасыңыз» деп, өздері төмен ысырылды... Толықша келген жүзі жылы әйелге мен де күлімсірей қарап, жөн сұрастық. «Мұғаліммін, атым Жанат, торғайлықпын», - деді ол. Қасындағы құрбысы Зылиман да тіл-әдебиеттен сабақ беріп, таяуда ғана зейнеткер деген мәртебеге ие болған екен. «Сіздің жазғандарыңызды оқып тұрамыз» десті. Сөйтіп сол сапардан ойлы, өрелі екі сіңлі, екі оқырман тауып қайттым. Жанаттың өзін танымасам да, ол шыққан орта туралы хабардар едім. Оған біздің заман адамдарының оқуға құмарлығы себепші. Өткен ғасырдың 70-80-жылдары елде отбасылық, ұлт-аспапты, вокалды-аспапты ансамбльдер пайда болып, кең қанат жайған кезде Торғай даласында Қажығалиевтердің отбасылық ансамблінің атағы жер жарып тұрған. Олар тек облыс көлемінде емес, республиканың басқа өңірлерінде де өнер көрсетіп, түрлі сайыстарда топ жарып жүрді. Суреттері облыстық «Торғай таңы», «Тургайская новь» газеттерінен түспей, басқа да газет-журналдарда жарияланып, тіпті «Алатау» телеарнасынан бірнеше рет концерті берілгені есімде. Амангелділіктер ансамбль жетекшісі Башарин Қажығалиев туралы аңызға бергісіз әңгімелерді жастайынан естіп өседі. Жерлестері бүгін де оны аудан тарихындағы бірінші отбасылық ансамбльді құрушы, балаларға аспапты нотамен тартуды үйреткен адам ретінде мақтанышпен айтады екен. Жанат – сол кісінің қызы болып щықты. Онымен танысқан кезде түр-тұрпатына, қимыл-қозғалысына, мәрт мінезіне, тіпті, күлбілтелемей төтесінен айта салатын сөзіне қарап, ер бала болып жаратылатын адам екен деп ойлағанмын. Жақын таныса келе, өмірде талай рет ер азаматтарша шешім қабылдап, іс істегенін естіп-білгенімде ішкі ойымның алдамағанын түсіндім. Солардың біреуіне ғана тоқталайын. Желтоқсан оқиғасы кезінде Жанат Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқып жүріпті. Әрине, алаңға барған. Және жалғыз емес, курстастары жұптарын жазбай бәрі барған. Бұл туралы өткен жылғы 15 қыркүйекте Жанат өзіне тән тіке сөйлейтін мінезбен Фейсбукте «АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ» деген тақырып қойып: «Мен, Қажығалиева Жанат Башаринқызы, 1986 жылы Қазақ педагогикалық институты филология факультетінің 4 курсында оқып жүргенде Желтоқсан оқиғасына қатысқан студенттердің бірі ретінде өз группаластарымның естеліктерін жариялап отыратын боламын» деп жазды. Оқырман оның жазбаларынан бұрын белгісіз желтоқсаншы қыздардың аттарын білді. Олар: «АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ-2»-дегі Ақтөбе қаласы №37 орта мектептің мұғалімі Күнжарқын Алмағанбетова; «АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ-3»-тегі Семей қаласы, 23-орта мектептің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Құтанбаева (Жақыпова) Анар Оразғалиқызы; «АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ-4»-тегі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультеті практикалық қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы Мағзұмбекова Амина Каулановна; «АҢЫЗ БЕН АҚИҚАТ-5»-тегі Түркістан облысы Арыс қаласы Ә. Жангелдин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ильясова Ләйла Әлібекқызы. Олардың кейбіреулерінің алаңда түсіп қалған суреттерін де қоса жариялады. Кейіннен бұл оқиға туралы белгілі журналист Анар Төлеуханның «Егемен Қазақстан» газетінде «Азаттық үшін арпалыс» деген көлемді мақаласы жарияланды. Сонда крустастарының: «Қудалау басталғанда ішімізде топты бастап жүретін Жанатты тұрғызып қойып: «Кім қатысты?», «Кім бастады?» деп күнде жиналысқа салады. Ол да қасқиып тұрып: «Ешкім барған жоқ» деуден танбады... Бәріміз оқуымызды бітіргелі отырмыз. Ата-анамыздың үмітін ақтауымыз керек. Әйтеуір, суретіміз шықпады ма, оқудан шықпай аман қалдық. Тобымыздан Гүлшат Смағұлова (марқұм) суретте анық көрініп қалды ма, оқудан шығарылды. Кейін әкесін де қызметтен алып тастағанын естідік. Жанат Қажығалиева мен Роза Тұрсынбаеваны қазақ тілі кафедрасы аспирантураға қалдырып еді, сол кездегі ректордың қызметін атқарған Ц.Л.Фридман: «Пусть поработет в Тургайской степи, поумнеет» деп кафедрада қалдырмай, ауылға жіберді», - деп естелік айтады. Жанаттың «Желтоқсандықтардың басы бірікпей жатыр... Сол кездері «Ешқайсымыз алаңға барған жоқпыз» деп, жиналыстарда мойындамай, аман қалдық. Оны түсінгісі келетіндер аз» деп жазуының сыры осында. Ал тәуелсіздік күніне орай мараптталғандар туралы желідегі теріс пікірлерге байланысты: «Өз елімде жанымды салып еңбек етіп жүрмін. Айлық үшін жұмыс істеген жоқпын. Қай жұмысты да жанығып істеймін. Еңбегім елeніп, медаль алып жатсам, мен де қуанар едім. Алғандарды даттаудың реті жоқ! Медаль алғандар! Медальдарың жеті ұрпағыңа қуаныш сыйласын!» деп жазуы оның шынайы бет-бейнесін танытады. Ақ қар көк мұзда дірдектеп, таяқ жеп жүріп, талай күнін қорқынышпен өткізген, ғалым болам деген арманынан айырып, «айдатып жіберілсе» де өз еліне өкпе сақтамаған қыздың осы жазбасын оқып отырып, бейбіт күнде сахнада ән салып жүргендердің «медаль алмадым» деп өкпелегеніне ұялдым. Желтоқсанның ызғары оның ғылымға барар жолын біраз бұралаңға салды: еңбек жолы туған Амангелді ауданының қиыр алыстағы ауылдарында басталды. Бірақ, «Алтын кездік қын түбінде жатпайтыны» рас! Өз пәнін бүге-шігесіне дейін меңгерген жас маман көзге түсіп, Қостанайға А.Байтұрсынов атындағы университетке, одан соң Атыраудағы Х.Досмұхамедов атындағы университетке қызметке шақырылды. Араға он бес жыл салып барып, ҚР Ғылым академиясының Тіл білімі институтына ғылыми қызметкер болып қабылданды. Содан бері ол – туған тілінің саф күйінде сақталып, дамуына қызмет етіп келе жатқан маман. Бүгінде бірнеше кітаптың, басқа тілді бастауыш сыныптарға арналған оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларының авторы, әдіскер-оқытушы Жанат Қажығалиева – Назарбаев зияткерлік мектептерінде қазақ тілі пәнін үйлестіруші. Бұл құрғақ анкеталық деректердің ар жағында қазақ тілін үйретудің озық әдістемелерін енгізу арқылы қаншама баланың мемлекеттік тілді игерген жемісті нәтиже тұр.Камал ӘЛПЕЙІСОВА, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты