Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, агрессивті азаматтар мегаполистің емханалары мен ауруханаларына кіріп, медициналық мекемелердің мүліктері мен жабдықтарына зиян келтіруде. Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде жедел жәрдемнің 5 қызметкері, оның ішінде 2 жүргізуші мен 3 медицина қызметкері зардап шекті. Зардап шеккендер қалалық стационарларға жеткізілді. Сонымен қатар, 2 жедел жәрдем көлігі жойылды, Қалалық кардиологиялық орталықта қабылдау бөлмесі мен клиникалық-диагностикалық бөлімшенің әйнектері сынған. Алмалы ауданының АМСК ғимаратында вандализм актісі тіркелді. Наурызбай ауданында №7 ҚКА қабылдау бөлмесіне пациентпен жедел жәрдем көлігінің қатынауы тоқтатылды. Сонымен қатар деструктивті әрекеттерді жақтаушылар жедел жәрдем көлігін тоқтатып, балаларды ауруханаларға жатқызуға жол бермейді. Бұл әрекеттер пациенттерге уақтылы медициналық көмек көрсетуге кедергі келтіреді және азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Бұған дейін түнде Президент пәрменімен Алматы қаласында төтенше жағдай режимі енгізілгенін хабарлаған болатынбыз. Алматыда кешегі наразылық шеруінің соңы қақтығысқа ұласып, 190 адам жапа шекті. Алматы қаласының әкімдігі мен прокуратурасы отқа оранды.