Алматыда арнайы операция жалғасып жатыр. Полицейлер көліктерді тоқтатып, жіті тексеруде, – деп хабарлайды 24.kz.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметіне сенсек, арнайы операция барысында террористік акцияға қатысқан 100-ден астам адам ұсталған. Түс ауа қалада полиция қарулы адамдар мінген BMW көлігін тоқтатты. Көлікте 1990 және 1998 жылы туған екі ер адам болған. Тексеру барысында олардан тапанша мен пышақ табылды.
Ал Медеу ауданында полицейлер қаруланған тағы бір топты анықтады. Арнайы операция нәтижесінде пәтер ішінен бес ер адам ұсталды. Олардан «Сайга» атты аңшы мылтығы оғымен бірге табылды. Резеңке және темір таяқтар, бензин құйылған екі бес литрлік ыдыс және алтын бұйымдар тәркіленді. Ұсталғандар қамалды. Қалада патруль полицейлері қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалап, 102 қызметі тәулік бойы жұмыс істеп тұр.