Президенттің жанынан табылу ел екенімізді көрсетеді – А.Қырықбаев
Президенттің жанынан табылу ел екенімізді көрсетеді – А.Қырықбаев
180
оқылды

Nur Otan партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Арман Қырықбаев Qazaqstan телеарнасындағы «Террорға тойтарыс» бағдарламасының жүргізушісі Альбина Әшімге берген сұхбатында елдегі болып жатқан жағдайларға қатысты пікір білдірді.

– Мемлекет басшысы халыққа үндеу жасады, онда әлі де антитеррорлық операция жүргізіліп жатқанын айтты. Дегенмен, қазір жағдай тұрақталған сияқты, өзіңіздің қолыңызда қандай да бір дерек, ақпараттар бар ма? – Иә, жағдай тұрақталды. Біз филиалдарымызбен, әсіресе оңтүстіктегі филиалдармен сағат сайын байланысып, жедел ақпарат алып отырмыз. Барлық жердегі әкімдіктер лаңкестерден босатылды. Кешегі сұхбатымда айтқанмын, бізде 6 өңірде Nur Otan ғимараттары тоналды және жанып кетті. Олар қазіргі таңда лаңкестерден босатылды. Барлық жедел құрылған штабтардың құрамында біздің партияның өкілдері, бірінші орынбасарлар, бірінші басшылары бар, олармен ақпарат алмасу жолға қойылған. Оңтүстіктегі кейбір қалаларда әлі де атыс болып жатыр, лаңкестерден тазарту операциялары жүріп жатыр. Біз ол жерлерге қарапайым халықты жібермеуге тырысып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. – Демек, барлық облыста мемлекеттік органдар міндеттерін орындауға кірісті деп айтуға болады ғой? – Иә, кірісті. Бірақ, алдымызда тұрған жұмыстар көп. – Осындай қиын сәтте Nur Otan нақты қандай жұмыстар атқарып жатыр? – Кешегі митингтердің алғашқы күнінен бастап біздің партия мүшелері, министрлер мен депутаттарды айтпай-ақ қояйын, облыстық филиал басшыларынан бастап қатардағы қызметкерлеріне дейін митингке шыққан халыққа барып, олармен түсіндіру жұмысын жүргізді, басу айтты. Біздің депутаттар халық алдына шығып сөйледі, диалог құрды. Кей жерлерде бұл жақсы жүрді, нәтижесін берді. Ал, кей жерлерде қиындықтар туды. Арандатушылар іске кірісіп, ғимараттарды басып алу әрекеті басталғанда да біздің партия мүшелері сол оттың ортасында жүріп, ғимараттарды, азаматтарды қорғап қалуға тырысты. Қазірдің өзінде қарап отырған жоқпыз, астанада, облыстарда еріктілер топтарын құрып, әкімдікпен бірге оқиғаның салдарымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. – Ол қандай жұмыстар? – Біздің еріктілер күзетте тұрған әскерилерге моральдық қолдау білдіріп, ыстық шайы мен тамағын әкеп беріп жатыр. Дәл осындай кезде адам жылы сөзге де зәру болады, еліміздің тыныштығын күзеткен жауынгерлерге қолдау білдіру, алғыс айту, олардың жанынан табылу да қазір үлкен жұмыс. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында біздің партиялықтар әкімдікпен бірігіп, қала тұрғындары арасында листовкалар таратып жатыр. Олар халықты арандатушыларға еріп кетпеуге шақыруда. Қазір интернет өшіп тұрған уақытта бұл да үлкен көмек. Қызылорда облысында партия ғимараты толықтай өртеніп кеткенін білесіздер. Жергілікті тұрғындар интернеттен ажырағаннан кейін болар, бұл туралы естімей, ертесіне оқиға болған жерге келіп, не болғанын сұрап жатыр. Осындай азаматтармен кезддесіп, оларға да түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Біздің 216 филиалда қоғамдық қабылдау бар. Олардың барлығы да осы күні жұмыс істеп тұр. Осы күнге дейін 300-ге тарта түрлі қоғырау келіп түсті. Көпшілігі осы ахуалға байланысты. Арасында күнделікті тұрмыстық ахуалға қатысты сұрақтар да бар. – Өзіңіз айтып жатырсыз, интернеттен өшірілуінен халықта түрлі сұрақтар туындап жатыр деп. Бірақ, кеше Мемлекет басшысы өз үндеуінде айтты ғой, интернеттің шектелуі – әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратындардың, арандатушылардың жолын кесу үшін қабылданған шара деп. Сіз идеология саласында жүрсіз ғой, осыған қатысты не айта аласыз? Дұрыс қадам болды ма? – Қазақта сөз бар ғой, «сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген. Өкінішке қарай, біз осы сөздің қаншалықты дәл айтылғанын көзбен көріп отырмыз. Президенттің қабылдаған шешімі өте орынды болды, біз оны қолдаймыз. Өйткені, кешегі жағдайлар басталғанда алып-қашпа әңгімелердің жан-жақтан жауғанына куә болдық. Танымал адамдардың жалған ақпарат таратуы, халыққа үндеу тастауы қандай жағдайға жеткізетінін көрдіңіздер. Оларды дер кезінде тоқтату керек болды. Осы митингтер басталған кезде әлеуметтік желілерде қандай үндеулер болғанын білесіздер. Мен атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, «үйтіп жіберу керек, бүйтіп жіберу керек» деп халықтың делебесін қоздыратын сөздер айтып, жұртты алаңға шығуға шақырды. Ал, кейін іс насырға шауып, лаңкестер ойран жасап, әскерилер оларға қарсы жұмыстар жүргізіп жатқанда сол танымал адамдардың қайда қалғанын ешкім білмейді, халық оларды іздеп жатқан жоқ. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдаған шешімін қолдаймыз. Жалпы, бұл жалған ақпаратпен күрестің механизмін ойластыратын заман келді. – Мемлекет басшысы 2020 жылы мамырында бейбіт митингтер өткізу туралы заң қабылдағанын мәлімдеген болатын. Алайда, кейбіреулер сол заңды дұрыс түсінбей, белден басып, бейбіт шеру деген жүгенсіздік деп ойлап қалған сияқты... – Сөзіңізге толық қосыламын, қоғамда мұндай жағдай бар. Бірақ, «былай істеуіміз керек еді» деуге де болмайды. Біз қазір болған оқиғадан міндетті түрде сабақ алып, осындай жағдай қайталанбас үшін қолданыстағы заңдарға реттеу енгізуіміз керек. Бұл азаматтардың құқығын шектеу деген сөз емес... Кез келген азамат алаңға шығар кезде өзінің құқығы қандай екенін, құқығының шегі қандай екенін, алдында билік өкілі тұрғанда оның талабына бағыну керек екенін, бұл елдіктің шарты екенін түсінуі керек. Осындай кезде ғана біз өркениетті зиялы ел боламыз. – Иә, кез келген нәрсенің екі жағы бар, азаматтар талабын билікке айтуға құқылы. Бірақ құқылымын деп шектен шығып кетіп жатады... – Құқықтық мемлекет деген не? Сөз бар ғой, сенің құқығың келесі бір азаматтың танауының астында аяқталады деген. Біз соны түсінуіміз керек ең алдымен. – 11 қаңтарда Президент Мәжілісте сөз сөйлейді деп күтіп отырмыз. Өзіңіз қалай ойлайсыз, қандай реформалар қабылдануы тиіс? Осы оқиғалардан кейін әлеуметтік бағытқа басымдық берілетін шығар... – Осы 5 күнде болған оқиға елдің экономикасына үлкен нұқсан келтірді. Шығын сомасын экономистер айта жатар, бірақ бір анығы – халықтың хал-ахуалына да нұқсан келді. Сондықтан ертең Президенттің тарапынан халықтың әлжуаз тобын қолдауға қатысты шаралар айтылады деп ойлаймын. Бұл менің партия қызметкері емес, азамат ретіндегі пікірім. Сонымен қатар, осы қантөгіске байланысты Мемлекет басшысы мемлекеттің қауіпсіздігіне қатысты реформалар, өзгерістер ұсынады деп ойлаймын. – Материалдық шығыннан бөлек адам шығыны да болды. Көптеген азаматымыздан айрылып қалдық. Осыған байланысты Президент 10 қаңтарды ұлттық аза тұту күні деп белгіледі. Сіз эфирге дейін түрлі оқиғаларды айттыңыз, полиция өкілдерінің ата-аналары келді дедіңіз... – Осы эфирдің алдында баласынан айрылған ата-ананың көз жасын көрдік. Жылап отырып айтып жатыр: «айналайын халқым, біз біреудің айтағына ермейтін халық едік қой, бірлесіп шешілмейтін іс жоқ еді ғой» деп. Қазір перзентінен айрылған кез келген ата-ана осылай жылап жатыр. Сондықтан біз қазір осы оқиғадан сабақ алуымыз керек. – Азамат ретінде, партия қызметкері ретінде азаматтарға айтар тілегіңіз бар ма? – Бір ғана тілегім бар. Елбасы айтты ғой, осындай қысылтаяң шақта бәріміз Президенттің жанынан табылуымыз керек деп. Яғни, бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір адамға бағынуымыз керек. Елдіктің негізгі шарты осы деп есептеймін. Осының өзі бірлікті, тұрақтылықты меңзейді, біздің ел екенімізді көрсетеді. Әйтпесе қазір досқа таба, дұшпанға күлкі болатын заманда отырмыз. Бірлігіміздің арқасында біз осы жағдайдан аман-есен өтеміз деп ойлаймын.