«Бейбіт халыққа оқ атылды» – әлемдік қауымдастық пікіріне Президент ағылшын тілінде жауап берді
«Бейбіт халыққа оқ атылды» – әлемдік қауымдастық пікіріне Президент ағылшын тілінде жауап берді
Фото: dalanews.kz
124
оқылды

Әлемдік қауымдастықтың Маңғыстау облысындағы бейбіт халыққа оқ атылды деген пікірін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағылшын тілінде жазған Twitter-дегі жазбасы өзгертті. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында айтты.

«Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында ағылшынтілді аудиторияға арнап, ағылшын тілінде оншақты жазба жариялады. Өйткені шыны керек, көптеген әлемдік қауымдастықтың өкілі біздегі ахуалды ең алғаш Маңғыстауда басталған бейбіт шеру деп қабылдап жүр. Соған қарсы оқ атты деген пиғылдан әлі айныған жоқ. Сол себепті біз ақпарат құралдарына, әсіресе шетелдік БАҚ-қа күл-талқан болған Алматы, Тараз, Шымкент, Алматы облысының көшелерін, марқұм болғандар туралы, зардап шеккендерді көбірек көрсетуіміз керек. Өйткені олар бізді бейбіт халыққа оқ атты деп ойлап отыр. Шын мәнісінде жетік деңгейде ұйымдасқан, арнайы содырлық жасақ дайындықпен келгенін қазіргі таңда тергеу органдары анықтап, айтып бере алады», – деді Берік Уәли. Оның айтуынша, Батыстағы халықаралық қауымдастықтың бұл пікірін Президенттің ағылшын тілінде жазылған жазбалары өзгерткен. «Шыны керек, сол твит-жазбалар шетелдегі халықаралық ұйымдар, шетелдегі әріптестер тарапынан қолдау тауып, қазіргі таңда Президент қабылдаған елді содырлардан азат ету бағытындағы контртеррорлық операцияға қолдау білдіріп жатқаны рас. Біз тым-тырыс үндемей отырсақ, олар қайдан біледі? Сол себепті, Мемлекет басшысы Премьер-министрдің орынбасары мен Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Мұхтар Тілеубердіге нақты тапсырма берді. Осы бағыттағы жұмысты жандандырып, шетелдік әріптестерге, Еуропаға, Батысқа осы жөнінде нақты ақпаратты, шынайы, болғанын болғандай етіп, қоспасыз көрсетуге тапсырма берді. Қазір Сыртқы істер министрлігі сол бағытта ауқымды жұмысты бастады», – деді Берік Уәли.

Бұған дейін Президент «Берілмеген лаңкестерді жоямыз» деген еді.