Қазақ даласын дара дауысы, ерекше талантымен тәнті еткен ғажап әнші, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов 85 жасқа толды. Дара тұлғаның өнер сахнасында жүргеніне – 65 жыл! Ұлт өнерінің абызына айналған ағамызбен сұхбаттасқан едік.
– Нұрғали аға, мерейлі жасыңыз құтты болсын!
– Рақмет, айналайын!
– Жезтаңдай әнші Нұрғали қандай бала болды? Өскен ортасы, туған өңірі туралы білгіміз келеді.
– 1937 жылы 5 қаңтарда жер жәннаты Жетісудың әйгілі Күреңбелдегі Алтынемел тауының бауырындағы Доланалы деген шағын ауылда туып-өстім. Біздің ауылда долана деген жеміс керемет мол өседі. Сондықтан ауыл атауы Долана деп аталып кеткен. Ата-бабаларым осы таудың күнгейі мен теріскейін қатар мекен еткен. Сол ауылда жеті жылдық мектеп болды, соны бітірген соң қалған сыныптарды аудан орталығы Қоғалыдағы мектепте жалғастырдық. Бала Нұрғали қандай болды дегенге келер болсақ, бала кезімде сурет салуға тым құмар едім. Ол кезде қазіргідей сурет салуға арналған түрлі қалам табыла бермейді. Сонда ағаштың шоғынан қалған қара күйемен үйдің әппақ қабырғасына түрлі сурет салып тастайды екенмін. Оны көрген анам (ол кезде әктің де қат кезі ғой) маған ренжіп, ұрсып жүретін.
– Сонда қандай суреттер салушы едіңіз?
– Ауыл баласы нені көрсек, соны саламыз ғой. Сол тауды, құстарды табиғатты бейнелеймін. Бір қызығы, суретті өте әдемі салушы едім. Мектеп қабырғасында жүргенде түрлі сахналық безендіруге қатысып, «суретші бала» атанғаным да бар. Онымен қоса, сол сахналарда ән де салып жүрдім.
– Мектеп бітірген соң консерваторияға бірден түсіп кеттіңіз бе?
– Ол кезде жоғары оқу орнына түсу үшін әрбір түлек алдымен екі жыл комсомолдық жолдамамен еңбек етуі керек деген талап болатын. Сол шартпен екі жыл ауылда шопан болып, жұмыс істедім. Содан кейін ғана қазіргі Құрманғазы атындағы консерваторияға түстім. Ол жерде жеті жыл кәсіби білім алдым.
– Консерваториядан кейін еңбек жолыңызды қай жерден бастадыңыз?
– Оқу орнын бітірген мені бірден Абай атындағы Опера және балет театрына жұмысқа қабылдады. Ол жерде екі жыл жұмыс істедім. Одан кейін Қазақ радиосының музыкалық хабарлар редакциясын басқаруға шақырды. Артынан қазақ телевизиясының музыкалық хабарлар редакциясын да басқарып, бас-аяғы 10 жыл радио мен телеарнада қызмет атқардым. Одан кейін 20 жылдай Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрінде жетекші әнші болдым. Жалпы қай жерде жүрсем де, халқым мені ерекше еркелетті, әнімді, өнерімді барынша жоғары бағалады деп айта аламын. Өмір жолыма қарасам, биыл қазақ сахнасында ән салғаныма 65 жыл толды. Бір сөзбен айтқанда, мен 65 жыл Алаштың алақанында еркелеп жүрдім. Түрлі гастрольдік сапармен әлемнің төрт бұрышын шарладым.
Қонаевтан сын естіп қалған кезім болған
– Сізді сол кезде республиканың бірінші басшысы болған Дінмұхамед Қонаев та жақсы көрген деседі. – Димаш Ахметұлы мені ғана емес, сол кездегі талантты жастардың бәрін жақсы көрді. Солардың ішінде мен де бармын. Ол кісі ұлттық өнерге ерекше жанашыр адам болды. Бізді әрбір шет мемлекеттерге гастрольдік сапарға кетер алдында міндетті түрде қабылдап, ақыл-кеңесін айтып отыратын. Ол сапардан оралған соң мың сан шаруасының арасынан уақыт тауып, бізді қабылдап, сапардың жай-жапсарын сұрап, жетістіктерімізге қуанып, марқайып отыратын. Бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Сондай бір кездесудің бірінде сын естіп қалдым. Бір кездесуден соң «Нұрғали, сен қала тұршы» деді. Қалдым. Содан бетіме қарап отырды да: «Сен өзі не қылған адамсың?» деп дүрсе қоя берді. Бірден «не бүлдіріп қойдым екен?» деген ой келді. Димаш аға маған «сенен басқа елдер маған кірсе, негізгі ресми шаруасын реттеп алған соң жеке басына қатысты мәселесін де шешіп беруімді өтініп жатады. Ал сен болсаң осы уақытқа дейін неше рет келдің, неге үйің жоқ екенін, ата-анаңның жалғыз баласы екеніңді айтпағансың?» деді. Сол кезде барып артық ешнәрсе бүлдіре қоймағанымды сезіп, «Уһ» дедім ғой. Ол кісі сондай өнерге, жалпы руханиятқа ерекше жанашыр тұлға еді.Жеке кітапханамда жеті мың кітап бар
– Аға, бір кездерде «Қазақконцерт» мекемесінің жанынан «Жазира» аспаптық ансамблін құрған едіңіз. Ол қайда? – Сондай өнер ордасын құрдық. Оған 10 жылдай өзім басшылық еттім. Кейін әртүрлі себепке байланысты жабылып қалды. Қазір сол ансамбльге пайдаланған небір сирек кездесетін ұлттық музыкалық аспаптар менің жеке қорымда сақтаулы тұр. – Жеке қор демекші, сізді білетіндер кітапты көп жинайды деп айтады. Рас па? – Мен жалпы, гастрольдік сапармен қайда барсам да, қолым қалт еткен сәттерде сол қаладағы кітап дүкендерін аралағанды жақсы көремін. Солардың арасынан ұнағандарын сатып алып келемін. Бүгінде жеке кітап қорымда жеті мыңға тарта кітап бар. Көпшілігі танымдық, тарихи және өнерге қатысты тақырыптарды қамтыған дүниелер. – Ана бір жылдары Мұқали деген қытайда тұрған қазақ батыры туралы деректерді жинастырып, кітап шығарды деп естідік. – Ол рас. Мұқали деген батыр Қытай империясының іргетасының қалануына атсалысқан тұлға болған. Ұлты қазақ, ұлы жүздің ішінен жалайыр руынан шыққан. Бұл батыр туралы бала күнімізде қариялардың әңгімесінен естіп жүретінбіз. Кейін сұрастырып жүріп Қытай елінің мұрағаттарында ол кісі туралы біраз мәліметтер бар екенін естідім. Артынан сол Қытайда тұратын Акбар Мәжит деген тарихшы қандасымызбен таныстым. Сол азаматтың көмегімен мұрағаттағы Мұқалиға қатысты деректерді жинастырып, қазақ, ағылшын және қытай тілдерінде деректі жинақ етіп шығардым. Бұл кітап тек деректерден тұрады. Артық-ауыс әсірелеу мен көркемдеуге жол берілген жоқ.Бір ғана мәтінді бірнеше мәрте өзгертетінбіз
– Аға, сіздердің уақыттарыңыздағы әндер әлі күнге дейін өміршең. Арада сан жылдар өтсе де халық жадында мәңгілік сақталып қалған. Ал қазір жасыратыны жоқ, саны бар, сапасы жоқ, ән көп. Сол уақытта өнерге деген талап тым жоғары болды ма? Әлде тыңдарманның талғамы өзгеріп кетті ме? – Бұл мәселе осы өнердің бел ортасында жүрген соң мені көп толғандырады. Біздің кезімізде сазгер де, ақын да әннің болашағына қатты алаңдаушылық білдіретін. Сонымен қатар ол кезде қазіргідей емес, көркемдік кеңес деген болды. Әрбір эфирге шыққысы келген үміткер ән сол кеңестің сүзгісінен өткен соң ғана халыққа ұсынылатын. Ол кеңестің құрамында мықты музыка мамандары мен мәтінін қадағалайтын талантты ақындар болды. Солар саралап, кем-кетігі болса айтып, ескерту жасап барып, түзелген соң ғана ол ән халыққа жолдама алатын. Содан да болар, ондай дүниенің ғұмырлы болмағы. Мен өзімнің басымнан өткен бір ғана оқиғаны айта кетейін. Осы күнге дейін орындалып жүрген Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» деген тамаша әні бар. Бір күні Нұрағам телефон соғып, үйіне тез жетуін өтінді. Барсам, ақын Қадыр Мырза Әлі екеуі отыр екен. Екеуі осы «Өз елім» әнінің мәтінін талқылап жатқанын айтты. Маған мәтінді көрсетті. Нотаға салып, айтып көрдім. Қараймын, бір нәрсе жетіспейтін сияқты. Патриоттық дүние болған соң қайырма тұсындағы иірімдеріне бір жоғары пафостық тіркестер керек секілді. Осы ойымды айтып едім, Қадыр ақын бірден өзгертті. Одан кейін де бірнеше жеріне қатысты өз ойымды айттым. Оған да қатысты өзгертулер кіргізді. Осы кезде Нұрағам маған қарап тұрып, «Әй, сен мына Қадыр екеуміз жасап қойған әп-әдемі мәтінді әбден өзгерткіздің ғой» – деді. Сол кезде Қадыр тұрып: «Нұреке, ән өміршең болу үшін жүз рет өзгерту керек болса да өзгертеміз», – деді. Міне, әннің мәтініне деген жауапкершілік, адалдық деп осыны айтар едім. Осындай жанашырлық пен талап бар кезде ғана мәңгілік шығармалар дүниеге келмек.Әнші болмағанда математик болып кетуім мүмкін еді
– Аға, сексеннің сеңгірінен асып, сексен беске аяқ басып отырсыз. Өзіңіз егер ғайыптан тайып, әнші болмай қалғанда кім болар едім деп ойлайсыз? – Ол енді бір Алланың тағдыр жазуымен болатын нәрсе ғой. Бірақ мектепте жүргенде сурет салумен қатар математика деген пәнді керемет жақсы көрдім. Әсіресе, геометриялық фигураларды сызғанда мүлт кетпеуші едім. Кейбір теоремалар әлі күнге дейін есімде бар. Ұстаздарымның көбі мені математик болады деп үміт күтетін. Кейінге дейін жолығып қалғанда «Сен әнші емес, математик болуың керек еді. Сенен мықты ғалым шығатын еді» деп айтып жүрді. Соған қарағанда мүмкін осындай нақты ғылымдардың бірімен айналысып кетер ме едім деп ойлаймын. – Аға, 2022 жылға айтар тілегіңіз қандай? – Бұл жыл баршамызға құтты берекелі жыл болсын. Мынау елді жалпы адамзатты әбігерге салған аты жаман дерт тезірек кетіп, бұрынғыдай мамыражай заманға оралуымызды тілеймін. Өтіп бара жатқан 2021 жылда қазақ халқына жаман болған жоқ деп ойлаймын. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өттік. Ел іргесі берік, тыныш болсын! Қауіп-қатердің бәрі артта қалып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман болсын деп тілеймін.Алматы