Биыл бізді не күтіп тұр?
Биыл бізді не күтіп тұр?
211
оқылды
Жаңа жылда бізді күтетін өзгеріс көп. Шетелдік вакцина ақылы болмақ, ал әйелдердің зейнет жасы тағы ұзарады. Одан өзге табыс декларациясын жария етудің алғашқы кезеңі басталса, әуе билеттері арзандайды. Алайда барыс жылындағы осы және басқа да жаңа­шылдықтарды азаматтар мен ел экономикасына қалай әсер етеді? Өзгерістерді топтастырып көрелік...

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ МЕН АЕК ӨСТІ

Биыл ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіш артты. Былтыр Президент қол қойған «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңге немесе 140 доллардай (бұрынғысы 42 500 теңге), ал айлық есептік көр­сеткіш 3 063 теңге болады (бұ­рынғысы 2 917 теңге). Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мен ең төменгі зей­нет­ақы мөлшері 5%-ға артып, сәй­кесінше 19 450 теңге мен 46 302 тең­геге өсті. Еңбек және әлеуметтік қор­ғау министрлігінің хабар­ла­уынша, бұл 7 миллионға жуық адамның табысын арттырады.

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫ ҰЗАРДЫ

Биылдан бастап әйелдердің зейнет жасы тағы жарты жылға ұза­рып, 60,5 жас болады. «Қазақ­стан Республикасының зейнет­ақымен қамсыздандыру туралы заңына» сәйкес, әйелдердің зейнет жасы жыл сайын алты айға ұзарып, 2027 жылы ерлердікімен теңесіп, 63 жас болуы тиіс.

ЕҢ ТӨМЕНГІ КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІ АРТТЫ

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерін де 5 пайызға арттыру жос­парланып отыр. Егер 2021 жылы ол 34 302 теңге болса, биыл көрсеткіш мөлшері қабылданған жағдайда 36 018 теңгеге дейін ар­тады. Осыған байланысты ең тө­менгі күнкөріс деңгейіне байла­нысты төлемдер де өсуі мүмкін. Мысалы, асырауындағы екі адам үшін асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 51 109,98 теңге болса, ал 2022 жылы бұл төлем 53 666,82 теңгеге дейін артуы мүмкін.

ТАБСЫ МЕН БАЙЛЫҒЫН ЖАСЫРА АЛМАЙДЫ

Биыл азаматтардың табысы мен мүлкі туралы декларация­сы­ның формасы енгізілді. Табыс­тар­ды жаппай жариялауға көшу ке­зең-кезеңімен жүріп жатыр. Соған сәйкес, мемлекеттік қызмет атқа­ратын жеке тұлғалар 2021 жылдан бері жыл сайын осы форманы толтырып отыруы қажет. Онда азамат жыл ішінде Қазақстанда және шетелде тапқан табысын, төлеген салығын, сатып алған не сыйға, мұраға алған мүлкін, сатқан немесе сыйға берген мүлкін, өз атына тіркелген мүлкін, шетелдік банктердегі есепшотында жатқан ақшасын (оның көлемі 1 мың АЕК асатын болса) көрсетуі тиіс.

ЖАЛАҚЫ КӨБЕЙЕДІ

Биылдан бастап Қазақстанда медициналық, әлеуметтік және азаматтық қызметкерлердің, мұ­ғалімдердің жалақысы өседі. Медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын ке­зең-кезеңімен көтеру 2021 жылы бастау алды, алдағы 4 жыл ішінде олардың жалақысы екі есе өсуі тиіс. Сонымен қатар мұрағат, кі­тапхана, мұражай қызмет­керле­рінің, орманшылардың, техни­калық салада жұмыс істейтіндердің де жалақысы артады. 2022 жылдан бастап олардың жалақысы жыл сайын 20 пайызға өсіп отырады.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНАН АРТЫҚ АҚШАНЫ АЛУ ҚИЫНДАЙДЫ

Сәуірден бастап зейнетақы қо­рындағы ақшаны мерзімінен бұ­рын алу қиындайды. 1 сәуірде қор­­дағы есепшотта қалуы тиіс шек­тік сома екі еседей өседі. Бі­рыңғай жи­нақ­тау­шы зейнетақы қорының мәлі­ме­тінше, қазіргі шекпен артық ақ­шаны ала алатын 580 мың адам бар. Ал жаңа талаптар күшіне енгенде бұлардың саны 150 мыңға қысқарады.

САЛЫҚ ТӨЛЕУШІ ТӨЛҚҰЖАТЫ

1 наурызда «Салық төлеуші төл­құжаты» деген ұғым қолданысқа енеді. Бұл арқылы тиісті мекемелер тамақтандыру, сауда саласында іс­­тейтін кәсіпкердің төлеген салы­ғын бақылай алады. Төлқұжат QR код түрінде жасалып, касса аппа­ратының жанына қойылады.

САЛЫҚ АРТАДЫ

1 қаңтардан бастап ірі интернет компанияларға салық салынады. Тізімде Facebook, Amazon, Apple, Google, Netflix cияқты қазақстан­дықтарға қызмет пен тауарын са­татын компаниялар бар. Қосымша құн салығының мөлшері – 12 па­йыз. Қазақстанның Экономика ми­нистрі «бұл өзгеріс ел бюджетіне 2 миллиард теңге әкеледі» деп кү­теді. Ірі интернет компаниялардан бұл заңға қатысты әлі жауап жоқ.

МОБИЛЬДІ ТӨЛЕМДЕР БАҚЫЛАНАДЫ

1 наурыздан бастап банктер бір жыл ішінде белгілі бір шотқа мо­бильді төлемдер арқылы түскен қаражат туралы мәліметті салық органдарына беруі тиіс. Ал кәсіп­керлердің шотына түскен ақша туралы мәліметті ай сайын өткізеді. Алдағы жылдары жеке тұлғалар бо­йынша да дәл осындай есеп жа­самақ. Бұл есеп салық органдарына 2025 жылдан бастап беріледі.

ШЕТЕЛДІК ВАКЦИНА АҚЫЛЫ БОЛАДЫ

2022 жылдың бірінші жарты­сында 9 миллион адам коронави­русқа қарсы қайта вакцина алуы тиіс. Одан бөлек, былтыр күзде Денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылдан бастап шетелдік екпелер ақылы болатынын ескертті. Тек Қазақстанда жасалған QazVac пен Қарағандыда өндірілетін ресейлік «Спутник V»-ді тегін салдыруға болады. Бұдан бөлек, қазір Қазақ­станда Қытайдың Sinopharm ком­паниясының БАӘ-де өндірілген Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген VeroCell екпесі, сонымен бірге Қы­тайдың Sinovac компаниясының CoronaVac екпесі және Америка мен Германия бірігіп жасаған Pfizer/BioNTech вакцинасы бар. Бұл екпелердің бағасы қанша бола­тыны әзірге белгісіз.

ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІ ҚАЗАҚША ЖАЗЫЛАДЫ

2021 жылғы 29 желтоқсанда күшіне енген жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік мекемелердің маң­дайша жазулары мен бланкілері мемлекеттік тілде және орыс ті­лін­де, қажет болған жағдайда бас­қа тілдерде жазылады. Ал мем­лекеттік емес мекемелердің маң­дайша жа­зулары мен бланкілері мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және басқа тіл­дерде жазылады. Қазақстан рати­фикациялаған ха­лықаралық ке­лісімдерде өзгеше көрсетілмесе, жол белгілеріндегі жазулар мем­лекеттік тілде болады.

ТУРИСТІК АЛЫМ ЕНГІЗІЛЕДІ

Биылдан бастап Қазақстанға саяхаттап келген шетелдіктерден туристік алым алу ережесі енгі­зі­леді. Яғни, хостел, қонақжай, жал­дамалы тұрғынжайды қоспағанда туристерді қабылдайтын басқа орындарға келген шетелдік әр қонған күні үшін ақша төлеуі тиіс. Операторлар туристік алымды жергілікті бюджетке жібереді. Де­генмен биыл бұл алымның көлемі 0 пайыз болады да, келер жылдан бастап ұлғаяды.

МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ТӨЛЕМІНІҢ ҚҰНЫ ӨСПЕК

Елімізде медициналық сақ­тандыру төлемінің құны өседі. Бұл өсім басқа көрсеткіштер сияқты, ең төменгі жалақы мен айлық есеп­тік көрсеткіштің өсуіне бай­ланысты. Есептеулерге сүйенсек, жалдамалы қызметкер үшін жұмыс беруші оның жалақысының 3%-ын төлейді, бірақ ол 18 000 теңгеден аспайды. Жұмыскерлер, оның ішін­де азаматтық-құқықтық си­паттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер өздері үшін табысының 2%-ын, бірақ 12 000 теңгеден аспайтын мөлшерде төлейтін болады. Жеке кәсіпкерлер және өз бетінше жұмыс істейтін тұлғалар 4 200 теңге белгіленген со­масын төлейді.

МАЙНЕРЛЕР САЛЫҚ ТӨЛЕЙДІ

Қазақстанда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап цифрлық майнинг үшін салық төленеді. Енді Қазақстанда жұмыс істейтін май­нерлер тұтынған әрбір 1 киловатт сағат электр энергиясы үшін 1 теңге төлеуі керек. Бұл өзгерістер рес­пуб­ликаның Салық кодексіне енгі­зілген өзгерістерде қарасты­рыл­ған. Сарапшылардың пікі­рін­ше, жаңа салық цифрлық май­нинг­ті көлең­келі бизнестен шы­ғарады.

ІСТЕН ШЫҚҚАН КӨЛІКТЕР ҚАБЫЛДАНАДЫ

Істен шыққан көлік құралда­рын жоюға қабылдау қайта баста­лады. Көлік қабылдаудың электрон кезегі ашылып, өңірдегі 18 бекет жұмысын бастайды. Істен шыққан көлік құралын өткізгені үшін 2022 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері өзгеруіне байланысты, көлік санаты мен жиынтығына байланысты 165 402 теңгеден бас­тап 606 474 теңгеге дейінгі ара­лықта ақшалай өтемақы беріледі. Кейін қабылданған техниканың бәрі Қарағанды зауытына кәдеге жаратуға жіберіледі. Утили­зация­лық алым артады. Базалық став­каның мөлшері 153 150 теңге дең­гейінде белгіленді. Мәселен, жеңіл автокөлік үшін (қозғалтқыш кө­лемі 1 000 см3) утилизациялық алым 459 450 теңге болады.

ДӘРІ-ДӘРМЕК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДАН ШЫҒАДЫ

Бірер санаттағы дәрі-дәрмек қана мемлекеттік реттеуде қалады. Тізім бірыңғай дистрибьютор емдеу үшін сатып алатын дәрі-дәрмектерден тұрады. Бұлар – бі­ріншіден, кепілдендірілген меди­ци­налық тегін көмектің (ТМККК) және МӘМС аясында сатып алы­натындар, екіншіден әлеуметтік мәні бар аурулар, үшіншіден он­кологиялық науқастар, төртін­ші­ден орфандық аурулар, бесіншіден коронавирус инфекциясы (Ерекше тәртіп) мақсатында қажетті пре­параттар. Қалған дәрі-дәрмек­тердің бағасын 2022 жылдан 2026 жылға дейін үш кезеңде босату жоспарланған. 1-кезеңде – 2022-2023 жылдар аралығында бірден 2 551 дәрілік заттың бағасы еркіне жіберіледі. Бұл қарапайым ауруларды емдеуге бағытталған гомеопатиялық дәрі-дәрмектер, диеталық қоспалар, дәрумендер мен дәрі-дәрмектер. 2-кезеңде – 2023-2025 жылдары рецепт бойынша босатылатын дәрі-дәрмектер мен антибиотиктер ілігеді. 3-кезеңде – 2025-2026 жыл­дары мемлекеттік реттеуде қала­тын­дарды қоспағанда, қалған пре­параттар тегіс «баға шектеуден» құтылады. Бұл дәрілер бағасының күрт қымбаттауына соқтыруы әбден мүмкін.

ӘУЕ БИЛЕТТЕРІ АРЗАНДАЙДЫ

Биыл ұшақпен ұшу бағыттарын белгілі бір деңгейде мемлекет қар­жыландырады. Республикалық бюджеттен субсидияланатын 23 әуе бағыты бойынша байқау өтті. Атап айтқанда, Түркістанға 10 әуе бағыты, Көкшетау, Петропавл қа­лаларына 3 әуе бағыттан, Балқаш, Үржар және Үшарал қалаларына 2 әуе бағыттары бойынша болды. 2022 жылы осы әуе бағыттар бо­йынша ұшуларды орындауға та­сымалдаушылар ретінде SCAT, Qazaq Air және «Южное небо» әуекомпаниялары анықталды. Әуе билет құны 9 мыңнан 25 мың теңге аралығында болмақ.