Берекені кетірген бүлік
Берекені кетірген бүлік
286
оқылды
Соңғы күн­дердегі оқи­ғалар «береке» дейтін қас­терлі құндылықтың қадірін қас қағым сәтте кетірді. Әрі  бүлікшілер елді арандату да, халық санасына үрей себу де мүмкін екенін көрсетті. Бұл дүрбелең бүліктің зардабын тартқан елдердегі оқиғалар­дан сабақ ал­ма­ған отандас­та­рымыз аз емес екен. Ал бүлікшілер елімізде төңкеріс жасауды көздеген тәрізді. Әдетте билікті төңкеріс тә­сілі­мен алмастыруға ұмтылу қымбатқа түседі. Қаржы шы­ғыны­нан бөлек адам өміріне төндіретін қауіп, инфрақұры­лымға келтіретін зияны, инвес­ти­циялық ахуалға кері әсері, халықтың көңіліне се­бетін үрейі дейсіз бе, сансыз за­лалы бар. Рас, нақты материал­дық дүниенің құнын анықтауға болады. Алайда әлемдік қауым­дас­тық алдындағы бедел мен құнды қағаздар на­рығындағы акциялардың тө­мендеуі, биржа­лық индекстердің құлауы, билік пен бұқараның арасындағы се­нім­нің әлсіреуі, азаматтардың көңіл күйі тәрізді дүниелердің қалай құбыларын болжау қиын. Сон­дықтан төң­керіс арқылы би­лікке жеткен топ­тардың ел бас­қаруы да та­бысты бола қой­майтыны анық.

Төңкерістен соң...

Әдетте төңкеріс, бүлік арқылы билікті тар­тып алуға ұмтылатындар тұтас елді ке­рі шегіндіріп тас­тай­ты­нын ескере бер­мей­тіні бар. Мә­селен, Қырғыз елінде 2005, 2010 және 2020 жылдары үш рет төң­керіс болды. Алайда бұл төңке­ріс­тер­ден Қырғыз Республикасын­дағы әлеу­мет­тік-экономикалық жағдай жақсарып кет­педі. Қырғыз елі әлі күнге ТМД кеңіс­тігіндегі ең кедей елдердің қатарына кі­ре­ді. Көрші мемлекеттің талай азаматы өзге елдерге жұмыс істеуге кетті. 2005 жы­лы Қырғыз Республика­сын­дағы жұ­мыс­сыздар саны 184 мың болса, 2006 жы­лы 198 мың, 2010 жылы 204 мың, 2011 жы­лы 212 мыңға жетті. 2019 жылға қарай жұ­мыссыздар саны біршама азайып, 162,7 мыңға түскенімен, 2020 жылы 700 мың­ға бір-ақ шық­ты. Тіпті, 2010 жылы ел­дің оң­түс­тігінде гуманитарлық апат бел­гі­лері тіркелген. 2011 жылы БҰҰ Қыр­ғыз елінде 1,4 млн адам азық-түлік тап­шы­лығын сезінгенін анықтаған. Одан бөлек, тауар, электр энергиясы бағасының өсуі, кәсіпкерліктің дамымауы, шетел инвестициясының келмеуі тәрізді қо­сым­ша факторлар да болғанын атап өту қа­жет.

Украина миллиардтаған доллар жоғалтты

Әрине, Украинаның аумақтық тұтас­ты­ғының бұзылуына билікті төңкеріс ар­қылы басып алуға ұм­тылған топ пен сырт­қы күш­тердің бірдей «еңбек сіңір­гені» жасырын емес. Ел әлсіреген шақта аумақтық тұтастықты сақтау да қиынға со­­ға­тынын 2014 жылғы оқиғалар дә­лел­деді. «Майданда» билікке қар­сы топтар ұран­датып жүргенде се­ператистік пиғыл­да­ғылар Қы­рымды бөліп әкетті де, Дон­басс пен Луганск аймақтарын­дағы пи­ғы­лы бөлек топ «бөлінеміз» деп қиғылық сал­ған-ды. Соның сал­дарынан Украина әлі күнге шешімі табылмаған мәселемен бет­пе-бет келіп отыр. Ал қар­жылық шы­ғын шаш етектен. Ай­талық, 2018 жылы Ат­лантикалық кеңестің Еуразия­лық ор­талығы қызметкері Андерас Ослунд 4 жыл ішінде Украина Дон­бастағы қақ­ты­ғыстар мен Қы­рымның Ресейге қо­сылуы­ның сал­дарынан 100 мил­лиард доллар ша­масында шығын көргенін жаз­ды. Өйт­кені төң­керіске дейін Дон­бастың Украи­на экономи­касын­дағы үлесі 10 пайыз болса, Қырым­дікі 3,7 пайыз еді. Ал Ха­лықаралық валюта қоры Украи­наның жал­пы ішкі өнім көлемін 2013 жылы 179,6 млрд долларға бағалаған. Демек, Донбасс пен Қы­рымның шығыны 98,4 млрд дол­лар болса керек. Ал Украи­на­ның әділет ми­нистрі Па­вел Пет­ренко тек Қырымнан айы­­рылу оның 6 жыл ішінде ел қазы­на­сына әкелетін табысын есеп­те­мегеннің өзінде 83,7 миллиард доллар бол­ғанын айтты.

Түркияда не болып еді?

2016 жылдың 15 шілдесінде Түр­кияда бір топ әскерилер мем­лекеттік төңкеріс жа­сауға ұм­тыл­ғаны бар. Әрине, оны ұйым­дас­ты­рушыларға қатысты түрлі конс­пиро­логиялық болжам жиі айты­лады. Алайда төңкеріс жасауға ұмтылыс болған күндердің өзінде-ақ Түркияның экономикалық шығыны 14 миллиард доллар бол­ғаны айтылады. Бұл деректі сол кезде Түркия кеден және сауда ми­нистрі қызметін атқарған Бү­лент Түфекчи айтқан еді. Ал Ыс­танбұл университетінің про­фес­соры Сефер Шенер төңкеріс жа­сауға ұмтылғандардың әрекетінің салдарынан 2014-2020 жылдары Түркия экономикасы 350 млрд доллар зардап шеккенін айтады. Мұнша көлемдегі зар­дап төңкеріс жасауға ұмтылыстың тіке­лей ма­териалдық зияны ғана емес, елдің халықаралық беделінің түсуі, ин­вес­торлардың тартынуы, инфля­ция тәріз­ді көптеген факторға байланысты екені даусыз. Яғни, дүрбелеңнің кері әсері. Ал тура дүрбелең кезінде Түркия 240 аза­матынан айырылған болатын. Одан бө­лек, кейін төңкеріс жа­саушыларға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен тұтқын­дал­ғандар, тергелгендер, қызметінен қуыл­­ғандар тағы бар. Әдетте ел ішіндегі саяси дүрбелеңнен кейін орта және төмен шен­ді шенеуніктердің қыз­метін асыра пай­даланып қа­луға ұм­тылатын сәттері кез­де­сіп қала­тынын ескерсек, «қосақ ара­сын­да бос кеткендер» де болғаны анық. бүлік Айтпақшы, еліміздегі оқиғалар мен 2016 жылы Түркияда, 2014 жылы Украи­на­да болған жағдайды салыстырғанда бір­қатар ұқсас жайтты байқаймыз. Ай­талық, Түр­кияда да, елімізде де дүрбелең ке­зінде қаскөйлер бірнеше жа­уынгер не­месе полиция қызмет­керінің басын ке­сіп тастағаны жайлы ақпарат тарады. Түр­киядағы оқиғаның өтірік екені белгілі бол­ды. Онда төңкеріс жасауға ұмтыл­ған офицерлердің бұйрығын орын­даған әскерлерді билікті жақтаушылар өлтіргені айтылған еді. Алайда Қазақстанда екі полция қызметкерінің басы кесілгені жайлы дерек бар. Түркия жағда­йында билікке наразы топтар Таяу Шығыстағы радикал топтардың мүшелері ел ішіне еніп кеткенін көрсеткісі келсе, өкінішке қарай Қазақстанда халықты қорқытып-үркітудің ең үрейлі амалын қол­данатын­дар іс жүзінде бар сияқты. Дегенмен оқиғаның мән-жайын тергеу органдары анықтайтыны сөзсіз. Ал Украинамен ұқ­сас­тыққа келсек, мерген-снайпер­лер­дің дүр­­белең кезінде бейбіт тұрғын­дарға, поли­ция мен Ұлттық ұлан жауынгерлеріне оқ атуы. 2014 жы­лы Киевте де мергендер­дің оқ атқаны расталған еді. Қазақстанда да сол әдіс қолданылды. Алайда тергеу аяқ­талмай тұрып қайдан келген, қандай снай­перлер екенін айту қиын. Одан бө­лек, әкімшілік ғимараттарды басып алуды көз­­деген әрекеттер де көптеген елде қай­таланған тәсіл.

Терроризм – бұқараны үрейлендіру тәсілі

Қалаларымыздағы ғимарат­тар­ды қи­рату, көліктерді өртеу, адам өлтіру Пре­зи­дент Қ.Тоқаев айтқандай, терроризм са­налады. Өйткені ереуілді сылтауратып бей­күнә жандарды қорқытып, дүние-мүл­­кін қирату терроризмнің негізгі тәсіл­дері­нің бірі. Айталық, НАТО мамандары тер­роризм деп «саяси, діни және идеоло­гия­лық мақсаттарға жету үшін қандай да бір күш пен зорлық-зомбылықты билік пен қоғамды қорқытуға не­месе белгілі бір қа­дамдарға мәж­бүрлеуге бағыттап, адам­дардың жеке басына, дүние-мүлкіне қар­сы пайдалану» амалын айтады. 2002 жы­­лы НАТО сарапшылары осын­дай уәж­­ге тоқталыпты. Яғни, тер­роризм деге­ніңіз медиадан оқып жүргендей, бет-ауы­зын тұмшалап, қаруларын шошаңдатып жүре­тін­дердің әрекетімен ғана өлшен­бей­ді. Әрі бүгінгі ғылымда терро­ризм­нің ел ішіндегі, халықаралық, мем­лекеттік, этникалық, кибер тер­роризм тәрізді көп­теген түрге бөліп сипатталатыны бар. Демек, арандату тәсіліне жүгініп, қоғамды үрейлендіру, азаматтардың дүние-мүлкін қирату, сөйтіп көздеген мақ­сатына қол жеткізу терроризм­нің дәл өзі. Өкініштісі, қазақстан­дықтар, тіпті әлемнің көптеген елінің азаматтары терроризмді тек діни немесе саяси топтармен байланыстырады да, олар міндетті түрде талап қоюы тиіс деген ой түйеді. Талап болмағанның өзін­де терактіні қандайда бір топ мой­нына алуы қажет деген стереотип те бар. Алай­да орта ғасырларда түр­лі қастандық ұйым­­­­дастырумен аты шыққан ассасиндер де, ХІХ ғасырда террорды саяси амал ретінде пайдаланғандар да, «қызыл тер­рор» ұйымдастырған комму­нистер мен тұтас Еуропаны діріл­деткен фашистер де, өзге саяси топтар да қандай да бір істі мой­­нына алмайтын. Террорлық топ­тар­дың белгілі бір дүрбелеңді жа­сағаны ту­ралы мәлімдеме жасай бастаған тұсы өт­кен ғасырдың 60-70 жылдарынан бас­тап «сәнге» айналды. Ал терроризмді мақ­сатқа жету жолындағы құралдардың бірі ретінде ғана бағалайтын топтар кейде «біз жасадық» демеуі мүмкін. Егер оны ел ішін­дегі күштер ұйым­дастырған болса, жауап­тылар мейлінше тасада қалуға тыры­сады.

Олар ұзақ даярланды

Айтпақшы, азаматтардың на­разылық шеруін бас пайдасына жаратып, төңкеріс жасауға ұмтыл­ғандар ұзақ уақыт даяр­лан­ғанын байқаймыз. Оны Президент Қ.Тоқаев ҰҚШҰ-ға мүше елдер бас­шы­лары­ның онлайн басқосуында да айтты. Біз­дің пайымдауымызша, «ұйқыдағы ұяшықтар» деп атала­тын топтар көптеген қалада болған тәрізді. Олар құқық қорғау­шыларға күші жетпейтін жағдайда қа­шып, бой тасалап кетуге мүмкіндік бе­ретін аймақтарды пайдалануға тырысқан. Айталық, Нұр-Сұлтан қаласында митингке шыққан­дар­дың ең көбі Есілдің оң жағала­уын­дағы қаланың шет аймақтарына іргелес жатқан аудандарда болды. Алматыда да солай. Яғни, дүрбе­леңді бастауға ниет еткендер түрлі тәсіл­мен бұқараның сондай жер­лерде бас қосуына мүдделі болғаны байқалады. Сөй­тіп, арандатуға ұмтылған сыңайлы. Мұн­дай тәсіл жаппай тәртіпсіздік пен маро­дер­лікті бастап беруге қолайлы амал саналады. Мәселен, 2005 жылы Парижде ереуілшілер алдымен шет аймақтарда жиналып, соңы жаппай мародерлік жасаған. Әдетте маро­дерлік пен бұза­қы­лық түрлі дең­гейдегі ереуілдерде, бар­ша мойын­дайтын жетекшісі немесе жауапты ұйымдары жоқ наразылық шара­ларында кездесіп тұрады. Ал Қа­зақстандағы оқиға­ларда мемлекет­тік мекемелерге мақсатты түрде шабуыл қарас­ты­рылған, құ­қық қорғау қызметкер­лерінің назарын басқа жаққа бұрып, нақты көздегені өзге нысан болғаны бірден көзге түседі. Мұнда айқайға сүрең қо­сатын қатардағы көп арандатудың бірі емес, кәсіби, арнайы дайын­дықтан өткен үй­лес­тірушілері бар жүйелі амал қол­данылды. Кәдімгі төң­керіс жа­сау амалдары байқал­ды. Сонау В.Ленин заманы­нан бері төңкеріс­тің клас­сикалық тәсілі саналатын медиа ресурс­тарға қол жеткізу, байланыс мүм­кіндігін пайдалану амалдары да қолда­ныл­­ғанға ұқ­сай­ды. Тіпті, бақылау камера­ларын қирату да алдын ала ойластырылса керек.

P.S. 

Айтпақшы, «аран» дегеннің өзі ертеде жолбарыс аулағанда қамыс­тың ұшын арнайы үшкірлеп қиып, даярлап қоятын тәсілдің атауы. Аңшылар жолбарысты аранға қуып, істіктей қамысқа шаншылық қалуға мәжбүрлейді екен. Одан соң жолбарыстың қалі белгілі, ал аңшыларға еш қауіп төнбейді. Әйтпесе, жыртқыш арансыз жерде кездессе, аңшыға да зақым келтіруі мүмкін. Сөйткен арандату тәсілі бүгінде саясатта қолданылады әрі тұтас елдің тағдырын өзгертіп, шыңырауға сүйреп кетуі мүмкін.

 

Амангелді ҚҰРМЕТ