Nur Otan жағдайды реттеуге атсалысып жатыр
Nur Otan жағдайды реттеуге атсалысып жатыр
182
оқылды
Елімізде болған қайғылы оқи­ғалардың салқыны әлі де кеткен жоқ. Өңірлердегі жағ­дайды айт­паған күннің өзінде бір ғана Алматы шаһарындағы дүрбелең жұрттың берекесін алды. Арандату­шы­лардың аранына түскендер, соның кесірінен бейбіт кезеңде қаза тап­қандар аз емес. Жергілікті әкімдік пен «Nur Otan», полиция ғимарат­тары өртке оранды. Есепсіз шы­ғынға ұшыраған кәсіпкерлердің жайы тағы бар. Антитеррористік операция басталғанын ел біледі. Әйткенмен халық тарапынан түрлі сауал туары сөзсіз. «Nur Otan» партиясы Төрағасы Бірінші орын­басарының міндетін атқарушы Арман Қырықбаев Qazaqstan те­леар­насындағы «Террорға тойта­рыс» бағдарламасында елдегі жағдайға қатысты пікір айтқан еді. Дәл осындай кезеңде партиясы қандай іс атқарып жатыр, партия мүшелері немен айналысып жүр? Осы сұрақтың төңірегінде аз-кем шолу жасасақ.

Филиал ғимараттары өртенген

Жағдай аздап тұрақталып келеді, дегенмен бүліктің зардабын жою біраз уақыт алатын тәрізді. Себебі лаңкестер билікке қарасты ғимараттарды бүлдірген. Мәселен, 6 өңірде «Nur Otan» партия­сының ғимараттары тоналып қана қой­май, өртеніп кеткен. Әсіресе, Шымкент, Тараз, Қызылорда мен Талдықорғандағы нысандар қатты қираған. Әзірге шығын көлемі есептеліп жатыр. Бұл – партия­ның жұмысы едәуір кедергі келтіргені жасырын емес. Зардап шеккен партия қызметкерлері де бар. Жамбыл облысын­дағы бір қызметкер жараланып, жан­сақтау бөліміне түскен. Қазір филиалдар жедел ақпарат алмасу арқылы тиімді жұмыс істеп, тұрақтылықты сақтауға тырысып отыр. Соның негізінде әр өңірде құрылған барлық жедел штаб­тардың құрамына партия өкілдері енген. Бұл тұста елдегі жағдайға алаңдап, партияға сұрау салып жатқан тұрғындар да бар екенін айта кеткеніміз жөн. Қы­зылорда облысында партия ғимараты толықтай өртенді. Бұдан хабарсыз кейбір жергілікті тұрғындар партия ғимаратына келгенде шошып қалған екен. Осындай халдегі азаматтармен жүздесіп, болған жайды түсіндіріп, қажет жерінде қолдау көрсетуге партия мүшелері түгелдей жұмылдырылған. Бұдан бөлек, елдегі 216 филиалда қоғам­дық қабылдау бар. Оның барлығы қысылтаяң шаққа қарамай жұмыс істеп тұр. Партия дерегіне сүйенсек, дүрбелең уақытында қоғамдық қабылдауға 300-ге тарта қоңырау түсіпті. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты. Күнделікті тұр­мыстық қиындықтарға қатысты сұрақ­тар да жоқ емес. Ал «Nur Otan» зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық ресурсын бағыттайтынын мәлім етіп отыр.

Партия мүшелері халықпен бірге жүрді

Митингтер басталған күннен-ақ партия мүшелері, олардың ішінде ми­нистрлер, депутаттар, облыстық филиал басшылары мен қатардағы қызметкер­лері халықтың жанынан табылғанын көз көрді. Орынды талапқа құлақ асты, тү­сіндіру жұмысын жүргізді, қажет жерінде басу айтты. Депутаттардың диалог құ­руға ұмтылғанын аңғардық. Мысалы, Маңғыстау өңірінде тұрғындар шеруге шыққанда Мәжіліс депутаттары Самат Мұсабаев пен Еділ Жаңбыршин аймаққа барып, жұртшылықпен кездесіп, мәсе­лені оңтайлы шешуге тырысты. Соңғы күндерге дейін елдің қасында болды. Ақтөбеде еріктілер агрессивті наразылық білдірушілерді ғимаратқа кіргізбей, кеудесін тосты. Елордада партия мү­шелері әскери қызметкерлерге азық тасып, әкімдікке көмектесетін еріктілер жасағын құрған. Мұндай мы­салдарды тізе берсек, өте көп. Бұл амал кей тұста нәтижесін берді. Қиындықтар туғаны да жасырын емес. Ал арандату­шылар ортаға түсіп, ғимараттарды басып алу әрекеті басталғанда да партия мү­шелері сол оттың арасында жүрді. Жағдай сәл саябырсыған қазірдің өзінде партиялықтар қарап жатқан жоқ. Астанада, облыстарда еріктілер тобы құрылып, әкімдікпен бірге оқиғаның салдарымен күрес жүріп жатыр. Партия мүшелері осы күндері алғы шепте жұмыс істеуі тиіс. Әсіресе, депутаттар, Үкімет мүшелері, әкімдер мен дәрігерлерге күш түспек. Яғни, партия өзінің қоғамдық-саяси қызметін атқара бермек. Қайткен күнде де партия елдік жо­лындағы жауапты саяси күш екені даусыз. Сондықтан ол нақты нәтиже жолында жұмыс істейді. Бұл жайды «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары міндетін атқарушы Арман Қырықбаев ескерусіз қалдырмағанын айтқан. «Біз бұқаралық ақпарат құрал­дарының назары үшін жұмыс істемейміз, әсіресе төтенше жағдай кезінде. Қазір Мемлекет басшысы ретінде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау барлығына маңызды» деген болатын Қырықбаев. Расында да, жағдай ушыққан кезде бұдан басқа оңтайлы жол жоқ екені белгілі.

Партия оқиғадан сабақ алуы қажет

Әр адам осы елдің азаматы ретінде өз ойын ашық айтуға құқылы. Әйткенмен оның соңы арандатуға ұшыратып, өзгенің өміріне қауіп төндірмеуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың мамырында бейбіт митингтер өткізу туралы заң қабылда­ғанын мәлімдеді. Бірақ бейбіт шеру жү­генсіздікке ұласып кетпесе игі. Өкініш­тісі сол, бұл жолы соның куәгері болған­даймыз. Дегенмен «болары болып, бояуы сіңді», енді алдағы кезеңге жөнді жоспар құрып, осындай келең­сіздіктердің алдын алған абзал. Ол үшін өткеннен сабақ алудың маңызы зор. Бұл турасында Арман Қырықбаев «Біз қазір болған оқиғадан міндетті түрде сабақ алып, осындай жағдай қайталанбас үшін қолданыстағы заңдарға өзгеріс енгізуіміз керек. Бұл азаматтардың құқығын шек­теу деген сөз емес. Кез келген азамат алаңға шығар кезде өзінің құқығы қан­дай екенін, құқығының шегі қандай екенін, алдында билік өкілі тұрғанда оның талабына бағыну керек екенін, бұл елдіктің шарты екенін түсінуі керек. Осындай кезде ғана біз өркениетті, зиялы ел боламыз», –дейді.

Ел оң шешім күтеді

Аптаға жуық уақытта болған оқиғалар елдің экономикасына айтарлықтай зардабын тигізді. Оның нақты есебі әлі де анықталып жатыр. Халықтың хал-ахуалына да нұқсан келгенін жасыра алмаймыз. 11 қаңтарда Президент Мә­жілісте сөз сөйлемек. Осы жиында көп өзгерістердің алғышарты айтылуы мүм­кін. Ел үмітпен қарап отырғаны айдан анық. «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары міндетін атқарушы Арман Қырықбаев та мемлекеттің қауіпсіздігі мен халықты қолдауға баса назар аудару қажет деп санайды. – Президент тарапынан халықтың әлсіз тобын қолдауға қатысты шаралар айтылуы мүмкін. Бұл менің партия қыз­меткері емес, азамат ретіндегі пікірім. Осы қантөгіске байланысты Мемлекет басшысы мемлекеттің қауіпсіздігіне қатысты реформалар, өзгерістер ұсы­нады деп ойлаймын, – дейді ол. Әзірге партияның да әлеуеті осы қолайсыздықтың зардабын жоюға жұмсалатын сияқты. Шығын мол. Қысылтаяң шақта елге Президентті қолдаудан басқа амал қалмады. Елдіктің негізгі шарты да – сол. Елдіктің жолы бірлікті, тұрақтылықты ғана меңзейді.

М.ЖАЛҒАСҰЛЫ