«Nur Otan» партиясының барлық ресурсы Президенттің тапсырмаларын орындауға жұмылдырылды - депутат
«Nur Otan» партиясының барлық ресурсы Президенттің тапсырмаларын орындауға жұмылдырылды - депутат
© parlam.kz
235
оқылды
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы Фракциясының мүшесі, Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы, Аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Берік Оспанов елімізде болған жаппай тәртіпсіздікке қатысты пікір білдірді. 
"Құрметті отандастар! Өкінішке орай, осы күндері көз алдымызда өткен қайғылы оқиға еліміз үшін үлкен сынақ болды. Әлемдегі террористік пиғылдағы сырт күштер мен ниеті бұзық ішкі топтар өз ара сыбайласа отырып, ел тыныштығын бұзуға әрекеттенгенін, халқымыздың арасына іріткі салуға тырысқанын көрдік.
«Nur Otan» партиясынан ұсынылған, еліміздің заңды сайланған Президенті Қ.К. Тоқаев бірінші күннен-ақ төтенше жағдай жариялап, қазақстандықтарды арандатушыларға ермеуге шақырды. Антитеррористік операциялар режимі енгізілді. Мемлекет басшысы шұғыл Үндеу жариялап, төтенше жағдайдан тезірек шығу және бейбітшілікті қорғау мақсатында іс-әрекеттерге бастамашы болып, батыл шешімдер қабылдады.
Еліміз үшін осы бір қиын-қыстау кезеңде «Nur Otan» партиясының барлық ресурстары мен күш-қуаты Мемлекет басшысының елде тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын орындауға жұмылдырылды. Бұған әр қазақстандық өз үлесін қосты. Жақындармен үйде болу, төтенше жағдай режимін бұзбау – бұл елдегі жағдайдың тұрақталуы үшін заңға бойұсынған азамат ретінде әрбір қазақстандықтан күтілген ең қарапайым әрекет еді. Еліміздің 800 мың азаматы партия мүшесі болып табылады. Бұл тек депутаттар ғана емес, сонымен қатар дәрігерлер мен мұғалімдер қауымы, өндірістік, аграрлық саланың мамандары және тағы басқалар. Жекелеген партиялықтар өздерінің кәсіби міндеттерін атқара отырып алдыңғы шептен табылды – медициналық көмек көрсетті.
Нәтижесінде Президентпен бірге тұтас халық болып қасиетті Тәуелсіздігімізді сақтап қалдық!
Алайда, еліміздегі қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдай әлі де күрделі. Біздің кең-байтақ еліміздің бірлігіне сызат түсіруге әрекеттенген сыртқы жаулар мен іштегі жымысқы күштер қалаларымызды қиратты, стратегиялық нысандарды бүлдірді, бейбіт тұрғындар зардап шекті. Ел тыныштығын қорғау жолында мерт болған замандастарымыз да аз емес. Сондықтан, бізге дәл осы сын сағаттарда бірге болу, зардаптармен бірге күресу қажет екені айтпаса да түсінкті.
Ерлікпен қаза тапқан қауіпсіздік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ марқұм болған бейбіт тұрғындардың отбасылары мен туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтамын. Жарақат алғандардың тезірек оңалуын тілеймін.
Біздің күшіміз бірлікте! Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!", – "деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.