Соңы бүлікке жалғасқан елдегі шерулердің экономикалық зардабы көпке дейін мемлекетке сызат боларын алдын ала болжаған едік. Осы күні лаңкестердің кесірінен ел үшін маңызы бар Алматы, Талдықорған, Шымкент, Қызылорда мен Тараз қаласындағы біраз ғимараттар қирап, бүлінген. Ал оны қалпына келтіру бір күнде біте салар іс емес. Қыруар қаржы мен ресурс шығын болып, еңбек күші қажет болады. Кемі 2 айсыз бұрынғыдай қалалардың көркем кейпін көре алмауымыз мүмкін.
Шаһарлар орнында шаң қала жаздады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүлінген, қираған, өртенген ғимараты көп қалаларды тез арада қалпына келтіру қажетін айтты. Дегенмен оның өзі қыруар қаржы мен ресурсты қажет ететіні айтпаса да белгілі. Қазір барлық өңірдегі шығынның түпкі нәтижесі анықталып үлгерген жоқ. Дегенмен жағдайдың жақсы емес екені онсыз да анық. Мәселен, елдің оңтүстіктегі бас шаһары саналған Алматыда жүздеген көлік өртенді. Оның басым бөлігі мемлекеттік органдарға тиесілі. Дүкендер тоналды. Әрісі қару-жараққа дейін қолды болды. Жергілікті билікке қарасты ғимараттар өртеніп, қирады. Ондағы техника мен мүліктер тағы бар. Ал Шымкентте шамамен 5 мыңнан астам адам қала әкімдігінің ғимаратына шабуыл жасаған. Лаңкестер мемлекеттік қызметшілерге, полиция қызметкерлері мен әскерилерге қарсы күш қолданып, жәбір көрсетті. Жалпы, 50-ден астам әскерилер мен құқық қорғау қызметкерлері әртүрлі дәрежеде жарақат алған екен. Содырлар «Түркістан» салтанат сарайына, Көрме орталығына, Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрына, «Nur Otan» партиясының кеңсесіне және өзге де ғимараттарға шабуыл жасап, әртүрлі деңгейде зиян келтірген. Жаппай тәртіпсіздік кезінде 59 автокөлік пен 3 автобус қирап, кейбірі түгелдей өртеніп кеткен. Бүгінде Шымкентте конституциялық заңдылық қалпына келтіріліп, жағдай тұрақтандырылды. Бірақ шығын орасан. Қызылорда да осыған ұқсас жағдай болды. Әкімдік ғимараты қирап, бас партия қызметкерлерінің жұмыс орны күлге айналды. Ақтауда бұзақылар көліктерді қиратты. Бұндай деректерді толассыз тізе беруге болады. Анығы – лаңкестердің залалы тимеген жер санаулы. Ал барлық шығынның нақты көлемі алдағы аптада ғана анықталуы мүмкін. Бірақ қираған қалалардың қалпына келу процесі біраз уақытты алғалы отыр.2 айда бәрі ретке келе ме?
Біздегі бүлінген қалалардың қанша уақытта қалыпқа келетінін болжамас бұрын, өзге елдерде болған оқиғаларды еске түсірген жөн болар. Мәселен, 2020 жылдың қазанында көрші Қырғыз Республикасында жалпыұлттық көтеріліс белең алып, шерушілер мемлекет пен кәсіпкерлерге тиесілі біраз ғимарат пен мүлікті қиратқан болатын. Шеру басылып, жағдай тұрақталғаннан кейін ең көп зардап шегіп, шығынға ұшыраған Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласы екені анықталды. Сол кезде көрші елдің бас қаласын түгелдей реттеп, қайта қалпына келтіру үшін 5 айға жуық уақыт кеткен екен. Ал бізде өзгені айтпағанда, ең көп бүлінген Алматы қаласы екенін білеміз. Ондағы хәлді түгелімен реттеуге қанша уақыт кетпек? Бұл сауалдың жауабын құрылыс саласында жүрген мамандардан сұрап, білмек болдық. Кәсіптік ғимараттарды жоспарлаумен айналысатын Болат Өтебай мәселенің тез шешілуі құрылысқа жауапты адамдарға байланысты екенін айтып отыр.