Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, әр облыста өңірлік комиссиялар жұмысын бастаған еді. Жақында Шығыс Қазақстандағы өңірлік комиссия 2021 жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, тың мәліметтерді жария етті.
Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, Шығыс Қазақстанда 26 адамнан тұратын өңірлік комиссия мен 35 адамнан тұратын 10 жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының құрамына аймақтағы жоғары оқу орындарының оқытушылары, тарихшылар, ғалымдар, этномәдени және діни бірлестіктердің өкілдері енген. «2021 жылы өңірлік комиссияның төрт отырысы өтті. Бір қуантарлығы, 10 жұмыс тобының мүшелері былтыр 260 қордағы (оның 207-сі ашық, 53-і жабық) 13 814 істі (оның 10 862-сі ашық, 2 952-сі жабық) қарады. Мұрағаттардан ақталмаған 2 847 азаматтың ісі (оның 2 191-і ашық, 656-сы жабық қордан) табылып, 493 жаңа оқиға анықталды. 2 847 адамның 2 666-сы оңалту шарттарына жатады, комиссия барлық қажетті құжаттарды дайындап қойды. 181 адам ақтауға жатпайды (оларға саяси ғана емес, қылмыстық іс қозғалған). Ақтауға жататын 2666 адамның 1687-сінің құжаты мемлекеттік комиссияның қарауына жіберілмек. Қалған 979 азаматтың материалдары толықтырылып жатыр», – дейді басқарма басшысы.
Жоғарыда аталған 2847 істі тарқата айтар болсақ, оның 980-і бай-кулактарға, 494-і Шығыс Қазақстанға жер аударылғандарға, 386-сы әр жылдардағы көтерілістерге, 249-ы Алаш қозғалысына, 140-ы Түркістан легионына, 123-і шетелге ауған қандастарымызға, 116-сы концлагерьлерге, 69-ы ұжымдастыру науқанына, 9-ы Желтоқсанға қатысты.
Басқарма басшысының сөзіне сенсек, әлі де мұқият зерттеп, зерделеуді қажет ететін, «аса құпия» деп белгі соғылған істер аз емес. Мәселен, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Полиция департаменті, прокуратура сияқты органдарда 24 мыңға жуық құпия істер бар. «Осы істермен ғалымдарымызды таныстырсақ деген ниетпен арнайы хат жаздық. Құпия белгісі соғылған құжаттар қаншама құпияны жасырып жатқаны анық. Өткен жылы ұйымдастыру жұмыстарына көп көңіл бөлінді. Биыл комиссия құрамына заңгерлерді қоспақ ойымыз бар. Өйткені архивтен істері табылған азаматтарға заңдық, құқықтық тұрғыдан баға берілуі қажет. Яғни, ол азаматтарды ақтауға бола ма, болмай ма деген мәселенің басын ашып алуымыз керек. Екіншіден, аумалы-төкпелі кезеңде қаншама қандастарымыз Қытай асып кетті. Өткен ғасырдың 30-40 жылдары еліміздің әкімшілік бөлінуі басқаша болды. Шығыс Қазақстан облысы деген болған жоқ. Кейбір мәліметтер Павлодарда, Омбыда, Орынборда жатуы мүмкін. Сондықтан сол жақтардың архивтерін қарап, материалдар сұрастыру жоспарымызда бар. Үшіншіден, өңірлік комиссиямен шектелмей аудан-ауылдарда да арнайы комиссия құрып, экспедициялар ұйымдастыру қажет. Бұл жұмыстарға жастарды, волонтерлерді тартпақ ойдамыз. Сол жұмыстардың нәтижесінде көтеріліс болған жерлерге белгі орнату, мемориалдық кешен ашу секілді шаралар жүзеге асырылуы мүмкін», – дейді Жасұлан Сәрсебаев.
1939-1945 жылдары Германия, Финляндия және өзге де Еуропа мемлекеттерінде әскери тұтқында, сондай-ақ «Түркістан легионында» болған қазақстандықтарды ақтау, зерттеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Қазақстан тарихы және әлеуметтік саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы Амантай Жақсылықов өз жұмыс тобындағы ғалымдар архивте жұмыс істеп, көптеген істерді қарағанын айтты. Алайда жұмыстың нәтижесін, қанша қордың қаралғанын, қанша адамның құжаттары табылғанын айта алмайтынын жеткізді. «Жалпылама айтуға болады. Істерді қарау барысында жау қолында тұтқында болған азаматтарымыздың елге оралған соң көрмеген қорлығы, шекпеген азабы аз болмағанына көз жеткіздік. Олар әуелі фильтрациялық лагерьлерге түскен. Сол жерде түк қалдырмай тексерген, кінәсі болса түрмеге отырғызған. Кейбіреулерін үйлеріне, кейбірін КСРО-дағы ең ауыр жұмыстарға, шахталарға жіберген. Олар қандай дарынды болса да, өз қалауынша жұмыс істемеген. Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасына дейін құзырлы органдар оларды ешқайда жібермей назарда ұстаған. Олар елге қайтқаннан кейін бір ауылда тұрған, ешқайда шығармаған. Балалары оқу орындарына түскенімен, комсомолға қабылданбаған, басшылық қызметтерге жіберілмеген. Тұтқында болған азаматтарға ешқандай награда берілмеген. Бір дерек келтірейін. Мәселен, облыстың бір ауданының тұрғыны фильтрациядан өтіп, үйіне жіберілген. Істе лагерьде қанша жыл отырғанын жазбаған. Алайда 1951 жылы қайтадан соттап, басқа баппен айыптап, атып тастаған. Тағы бір қызықты дерек, «Түркістан легионында» өзге ұлт өкілдері де болыпты. Біздің жерлесіміз, Шығыс Қазақстанның тумасы екен. Жақында облыс әкімінің қатысуымен комиссия отырысы өткен. Отырыста фильтрациядан өткен әскери тұтқындардың ісін құпиясыздандыру керегін айттым. Сонда тек «Түркістан легионы» ғана қалады. Бұл – үлкен тақырып. Жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Өйткені олардың арасында жай жұмысшылар да, интеллигенция өкілдері де болған, баспада жұмыс істеген, газет шығарған», – дейді тарихшы.