Мемлекеттің тірегі – азаматтың жүрегі
Мемлекеттің тірегі – азаматтың жүрегі
463
оқылды

Тәубешіл халқымыз әділет, абырой және мемлекеті үшін тәуекелшіл де бола алатынын көрсетті.

Сын сағатта жуапкершілік алған мемлекет басшысына сеніп, ұлт болып ұйысқан халық, өзінің адал ниетін лаңкестер, содырлар, оларды жұмсаған арамза да ашқарақ ішкі және сыртқы жаулар пайдаланғанына өзегі өртенгенімен, тәуелсіз Қазақстанды, ел мүддесін бәрінен жоғары қастерлейтінін дәлелдеді. Талай боздақтың өмірі құрбан болған қантөгіс кезінде де, Президент басшылығымен тәртіп орнатыла бастағанда да миллиондаған азаматтың биік жауапкершілігін, ынтымағын және отансүйгіштігін көрдік. Халықтың бірлігі мен сенімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа батыл шешімдерді уақытылы қабылдап, оларды орындатуға жағдай туғызды. Президенттің кешегі баяндамасы ең жоғары мінберден айтылған ең өткір бағасымен, ел мен жер байлығын халық игілігіне пайдалануға, тәуелсіздікті қорғауға бағытталған өзекті шешімдерімен көңілге сенім ұялатты. Ол шешімдерді жүзеге асыру жаңадан жасақталған Үкіметке сын. Аз күнде тез есейіп, өзінің қуатымен қатар жауапкершілігін де сезген қоғам да, тәуелсіздігіміз бен мемлекетімізді қорғауда бар жауапкершілікті алып, көш бастаған Президент те Үкімет пен әкімдер жұмысын жіті бақылап, қажет кезде түйін түйері сөзсіз. Қазіргі қысылтаяң кезде шұғыл шараларды қажет ететін ырғақты жұмысты тез бастау үшін қолда бар адамдарды пайдаланғаны да түсінікті. Олардың әрқайсы да болған оқиғалардан сабақ алып, қоғаммен бірге өзгерді деп үміттенемін. Сын сәттердегі ұстанымдары да тағайындау туралы шешім қабылдарда ескерілген болар. Бүгін алғашқы отырысын көрдік. Білуімше, басынан аяғына дейін мемлекеттік тілде өткен алғаш үкімет отырысы. Енді экономиканы көтеріп, халықтың тұрмысын жақсартуда еңбектері жемісті болуына тілектеспін. Қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп , жағдайды қалпына келтіріп, Қазақстанымызды тұрақты дамытуға атсалысуды азаматтық парызымыз деп санаймын. Қордаланған мәселелерді шешуге септесетін нақты ұсыныстарымыз болса Президент пен Үкіметке жолдайық. Олардың жасампаз ұсыныстарға ашық екені кешелі бүгін белгілі болды. Халық әлеуетін ел игілігіне пайдалануға жағдай туғызатын саяси реформалар да дайындалып жатқанын, олардың қоғаммен, сарапшылармен талқыланған соң жарияланатынын кеше Президент хабарлады. Олар билік тармақтары тепе-теңдігі, сот тәуелсіздігі мен әділдігі, парламент пен мәслихаттағылардың халық өкілдері болуын қамтамасыз ету, сөз бен жиналыс бостандығы секілді бағыттарды қамтиды деп сенемін. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықты еститін мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асуы үшін де саяси реформалар қажет. Себебі халықты есту қабілеті мемлекеттік аппарат пен биліктің кәсібилігіне байланысты болса, халықты естіп, түсінуге деген ынта мен құлық лауазым иелерінің тағдырын халық пікірімен байланыстыратын саяси жүйеге тәуелді. Осы реформалар туралы ұсыныстарды енгізіп, оларды талқылауда азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың саяси пікірталасты жасампаздық сайысына айналдырып, оң өзгерістерге мұрындық болуларына тілектеспін. Бұл біздің кешегі қантөгісте шәйіт болған боздақтар мен тәуелсіздікті аңсаған ата-баба әруағы және болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз . Алла елімізге жар болсын! Тәуелсіз Қазақстан мәңгі жасасын!

Құрметпен, Алихан Байменов